Ұлттың азалы тағдыры
Қызылорданың қарсыз қаңтарында басталған бейбіт митингінің ертеңі жаппай тәртіпсіздікке ұласты.
Ал тәртіпсіздіктен соң жазықсыз ұсталған, зорыққан, адам төзгісіз қинауға ұшыраған, әділдік іздеген налалы жұрттың өксікке толы күйінішті жазбалары шыға бастады. Солардың бірсыпырасына шолу жасасақ.
Жергілікті белгілі адвокат Әділхан Беденбаев қаңтар қырғынында қосақ арасында кеткендердің бірі. Оның азапталғаны соншалық, бүйрегін түсіріп тастауға дейін апарған. Шыншыл адвокаттың әділдік үшін ізденіп жүретіні, сот процестерінде әрдайым үстем болатын жеңісі полицияға ұнамаған болу керек. Митингке қатыспаса да ілік тауып жазықты етеді.
Ретімен айтсақ, 31 желтоқсанда Әділханның көлігі белгілі себептермен айыппұл тұрағына жеткізіледі. Ал 4 қаңтарда бейбіт шерулер басталады. Әділхан наразылық тобына бармаса да сол күні күтпеген жерден полицейлер телефон соғып, оның айыппұл тұрағындағы көлігін әлдекімдер «ұрлап кеткенін» айтады. Олар көлікті қала шетінен тауып алғанын айтып, бензин әкеп, көлікті алып кетуін сұрайды. Іштей күдіктенген Әділхан бірдеңе болғанын сезіп, көлікті сонда қалдыруын өтініп, барудан бас тартады. Кейіннен көлігін алып кетеді, бірақ қаңтардың 11-і күні полиция қызметкерлері Әділханның көлігін тоқтатып, тінтіген кезде жүксалғышынан абақтының карталары мен сызбаларын тауып алады-мыс.
Әділхан бұл сызбаларды көлігі ұрланған кезде немесе тінту кезінде салынғанын айтады. Отбасы мүшелері де Әділханның саяси қуғынға ұшырауын оның адвокат ретіндегі полиция мен прокуратура жұмысын сынағанымен байланыстырады. Осылайша антитеррорлық операция күшімен адвокатты тұтқындап, азаптайды. Оның денесіндегі соққылардан қалған гематомаларды билік ұрып-соғу фактісі бойынша тексеруден бас тартыпты. Осындай күйге түскен адвокат алдағы уақытта дәлелдемелер бойынша шағымданатынын айтады.
Полиция тарапынан орын алып жатқан зорлық-зомбылық салдарына ұшыраған адвокат, қоғам белсенділері мен бейбіт шерушілерден бөлек депутат пен азаматтық қоғам өкілдері де бар. Соның бірі қоғам қайраткері Серік Теңізбаев.
Ол «Қызылорда облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» ҚБ басшысы, «Азаптаулардың алдын алудың ұлттық алдын алу тетігі» (ҰАТ) аймақтық тобының жетекшісі және үйлестіру кеңесінің мүшесі. С.Теңізбаевты полиция қызметкерлері заңсыз тұтқындап, ҚІІБ қабылдау бөлімінде бір тәуліктен аса уақыт ұстаған.
«Мені қабылдау бөлмесіне қамаған кезде онда – 17 адам болды, негізінен жастар. Ұсталғандарды қорқытып-үркіту арқылы тәртіпсіздік ұйымдастыруға шақырды деп айыптау басталды. Қызметкерлер хаттама толтырып, камераға жібергенше бір жарым тәуліктен астам уақыт бойы адамдар тамақсыз, сусыз, қарапайым гигиеналық талаптар сақталмай, барлық халықаралық стандарттарды бұзып отырды, – дейді С.Теңізбаев.
Құқық қорғаушы тергеудегі жағдайды заңсыздық деп атады. Мәселен, онда ұсталғандар заң көмегінен айырылған. «Шағын камерада он жеті тұтқынның ішінде митингке қатыспаған кездейсоқ адамдар да болды. Бірақ полиция ешқандай шағымыңды тыңдап жатқан жоқ, ал судьялар болса санаулы минуттарда істі қарап, шешім шығарып жатты», деді.
«4 қаңтардағы митингке барғанымда ішкі істер бөлімінің бастығына біздің де жұмыс істеп жатқанымызды айттым. Құқық қорғаушы ретінде органдар тарапынан адамдардың құқығы бұзылмауын, барлығы тыныш, шектен шығусыз өтуін сұрадым. Қасымда қала әкімінің орынбасары Б.Нұридинов болды. Мен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың наразыларға қалай келгенін көрдім. Біз заңсыз әрекет жасаған жоқпыз, ештеңеге шақырған жоқпыз, талап қойған жоқпыз. Керісінше, жағдай ушыға бастағанда тәртіп сақтауды, айқайламауды, байсалды сөйлесуді сұрадық», – дейді.
Ол ұсталған соң келесі күні денсаулығына байланысты босатылған. Сот қылмыс құрамының жоқтығына байланысты істі қысқартыпты. Бірақ інісі Ерік сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамауға алынған. С.Теңізбаев апелляциялық шағым түсіріп, ұстау фактісі бойынша құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттеріне шағымданбақ.
Бұл жайында қоғам қайраткері Мұрат Әбенов былай деді:
– «Өз позициясын сауатты түрде дәлелдей алатындардың бәрін түрмеге тоғыта берсе мемлекет кіммен диалог құрады? Осы ретте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың ұстанымын түсінбеймін. Сыйластық пен сенімді диалогты жақтап келгендерді неге жақтамасқа? Ондай азаматтар барлық облыстық қоғамдық комиссияларда бар және өздерін қоғамдық қызметімен дәлелдеген. Меніңше, облыс әкімдігі мұндай адамдарды, заңдарды қорғай алмаса, облыс тұрғындарының сенімінен айырылып қалады ғой», – дейді М.Әбенов.
Тәртіп сақшыларының заңсыз әрекетіне заңгер Ләззат Бақтыбай да шағымданды. Сауда орталығының алдында өткен митинг туралы қала тұрғындарының көбі оның тікелей эфирінен біледі. Шерушілер арасында бола отырып, ол азаматтарды тәртіпті бұзбауға, сабырлық сақтауға және арандатушылыққа бой алдырмауға шақырған болатын.
«9 қаңтар күні таңертең тәртіп сақшылары мені қалалық ішкі істер бөліміне әкелді. Кешке дейін қамауда болдым. Рұқсат етілмеген митингке қатысты деп айыпталып, 30 АЕК көлемінде айыппұл салды», – дейді белсенді.
Осыған орай, ол барлық азаматтардың заң алдында теңдігін ескере отырып, митингке қатысқандарды, яғни облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовадан бастап қала әкімі мен қала прокурорын жауапқа тартуды сұрап отыр.
Бұл азаматтар қоғамда белгілі орны бар тұлғалар. Ал қарапайым жүріп зардап шеккен қаншама азаматтардың тағдырлары сұраусыз қалды. Мәселен, әбден ұрып, «артына дубинка тығамыз» деп жалған куә қылған Е.Досжанов тырнағының астына ине салып, азапталған Т.Мештаев, «Бұл бейбіт митинг, одан ешкімге қауіп жоқ» деген А.Әлиевті полиция алып кеткенін, байланыссыз қалған әкесінің денесін іздеп жүріп мәйітханадан тапқан баласы Артурдың азалы үні ұлттың қазалы тағдыры еді.
P.S. Бұлар бізге белгілісі ғана, ал мұнафықтың күйін кешіп жүргендері қаншама?! Қақтығыс кезінде 25 адам қаза тапты, оның бірі сарбаз. Түрлі дене жарақаттарымен барлығы 300-ге жуық адам ауруханаларға көрінген. Облыстық медициналық орталық бұлар бізге белгілісі ғана, ал мұнафықтың күйін кешіп жүргендері қаншама?! Пайдаланып, ломбардтардан 300 млн. теңге болатын алтын бұйымдар және аңшылық дүкенінен 6,2 млн. теңгенің заттары ұрланған. Ұрлыққа қатысы бар бес күдікті ұсталып, қамауға алыныпты. Қала тұрғындары полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты өзіндік қауіпсіздік басқармасына әзірге 25 арыз-шағым түсірген. Тексеру жұмыстары жүруде.