Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:14, 29 Мамыр 2021

Ұлттық ат спорты қашан дамиды?

None
None

       Елдің басқа өңіріне қарағанда Қарағанды облысында кенжелеп қалған ұлттық  ат  спорты үлкен серпілісті қажет етеді.

Ұлттық ат спортында жүрген жауапты мамандардың сөзіне сенсек, қазақтың  рухын көтеретін  аталмыш спорт түрін дамытуға  жаңа жобалар қолданылмақ.

        Жақында Қарағандыда  2000-03 жылдары туған жастар арасында  көкпардан облыстық  чемпионат  өтті. Көкпар десе делебесі қозатын, сайдың тасындай іріктелген жастардан жиналған он команда қатысып, күш сынасты. Әр аудан мен ауылдардан келген жастар өз өңірлерінің намысын жібермеуге тырысып, көкпарды тартысты етті. Тұлпарының тізгінімен алысып жүріп  күш сынасатын  көкпар ойыны көрер көзге қызықты көрінгенімен, қиын ойын екені сөзсіз. Көкпаршының  бір қолымен аттың тізгініне ие болып, екінші қолымен қарсыласынан серкені  жұлып алып, оны  тартысты топтың ортасынан шығарып, салым салуы ойыншы үшін ғана емес, жанкүйерлерге де қуаныш сыйлайды. Көкпарда білекті күші мен астындағы атының мықтылығының арқасында тартысты ойын өткізген командар көп болды. Дегенмен алып келген аттары сыр беріп, жігіттердің жігерін құм қылған жайттар да кездесті. Жанкүйерлердің айтуынша, Қызыларай ауылынан келген жігіттердің  тақымы мықты, білегі күшті болғанымен, астындағы аттары көкпарға үйренбегендіктен сыр беріп, жеңісті жақындатпаған. Жалпы,  әр ауылдан көкпарға келетіндер үшін ойынға шыдамды, үйренген тұлпарды табу үлкен мәселе. Ауыл, аудандардан келетін ойыншылар ел мен жердің намысы үшін қолдағы бар атымен жарысқа келіп жатады. Облыстағы ұлттық ат спортының мамандары көкпарға  ат табу әр ойыншының әр ауылдың өзіне жүктелетін міндет деп отыр. Осы міндетті орындай алмай, көкпарда сүрінгендер көп болды. Дегенмен он команда ішінде Ақсу-Аюлы елді мекенінен келген жігіттердің бағы мен бабы қатар жанып, үздік болып шыққан. Енді бұл команда Павлодар қаласында өтетін республикалық чемпионатқа қатысады.

         Соңғы жылдары өзге өңірлерге қарағанда Қарағанды облысының ұлттық ат спортында серпімді жобалары жүзеге аспай, бұл саланың жемісті жеңісі азайып кеткен. Жақында Ұлттық ат спорты және ұлттық ойындар федерациясының бастығы етіп Нұржан Шаехинді сайлаған. Нұржан Шаехин енді облыстағы ұлттық ойындар мен ат спортын дамыту үшін жобаларды жүзеге асырамыз деп отыр.

      – Биыл спорт басқармасының басшылары ұлттық ат спортына арнайы клуб ашамыз деп отыр. Егер осындай клуб ашылса, мұнда жастардан, ересектерден іріктеп ойыншылар алынады. Оларға аттар сайлап алынады. Мұндай іріктеп алынған ойыншыларға жалақы да төленеді. Осы уақытқа дейін ұлттық ойындарды дамыту үшін жұмыстар жүргізілмеген. «Қайрат» ат спорты мектебіндегі аттарды ауыстыру мәселесі де бар. Биыл басшылықтан сұрап, жеті ауданға жеті  бапкерді тағайындатып бердік. Олардың барлығы спорт мектептерінен жалақы алып отырады. Солар жарысқа команда алып келді. Командаларға ат тауып беру жағы біздің құзырымызда емес. Әр ауданнан келген командаларға әкімшілік бар, бапкерлері бар, өздері ат тауып беруі тиіс, – деп мәлімдеді Нұржан Шаехин.

        Биыл әр ауылда  ұлттық ойындарда үздік нәтиже көрсеткен білекті жігіттердің суретін елді мекен кіреберісіне іліп қою үрдісі бастау алған. Сала басшылары мұндай шара жастардың ұлттық ат спортына деген қызығушылығын оятып, салауатты өмір салтын ұстануына бағыт болады деп есептейді.

Тегтер: