Ұлттық банк ел экономикасы оңалатын кезеңді айтты

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жалпы ішкі өнім көлемі 2,6%-ға қысқарғанын еске салып, 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап экономика оң нәтиже көрсететінін мәлімдеді.
«Ұлттық банктің болжамы бойынша, 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап Қазақстан экономикасы оң траекторияға шығады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай бағасы барреліне 45 доллар болған кезде өсім 3,7-4% деңгейінде болады деп күтілуде», — деді Ерболат Досаев.
Досаевтың айтуынша, пандемия барлық елдің экономикасына әсер етті. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік экономиканың қысқаруы 4,4%-ті құрайды. Негізгі дамушы елдердің ішінде экономика өсімі бойынша жалпы ішкі өнімі тек Қытайда ғана өскен (2,3%). Алайда, ҚХР-да да соңғы 45 жылдағы ең төменгі нәтиже тіркеліп отыр.