Ұлттық банк халықты сорлатып отырғанын сезе ме?!
![None](/static/img/image.jpg)
27 қазаннан бастап Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,5 пайыздан бірден 16 пайызға көтерді.
Қазірде экономистер тарапы қаржы регуляторының бұл әрекетін сынға алып жатыр. Әйткенмен, банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың өз дәйегі бар. Әдеттегідей, инфляция үрдісіне сілтеген ол базалық мөлшерлемені көтеруден басқа амал жоқ дегенге келтіреді. Алайда сала мамандары «базалық ставканы бірден 1,5 пайызға көтерудің халыққа да, нарыққа да айтарлықтай салмағы болады», – деп отыр.
Ставканы «секірту» пайда берді ме?!
Естеріңізде болса, Ұлттық банк биылғы жылдың басынан бері базалық ставканы төрт мәрте көтерді. Айтар уәжі – осы әрекет арқылы ақша-несие саясатын қатаңдату, инфляцияны ауыздықтау. Десе де ставканы бірнеше мәрте өсіргенімізбен, елдегі ақша-несие саясатының оңалғанын, инфляцияның ырыққа көнгенін көрмедік. Керісінше, қымбатшылық қоюланып, банктердің жағымсыз несие портфельдері сол күйінше қалып, бизнес пен халықтың банк алдындағы қарызы 20 трлн теңгеден асып кетті. Қазір елде инфляция көлемі 15,7 пайызға жетті. Банк секторының маманы, сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, ставканы бұлай «секірткенмен», несие алудан тыйылып жатқан халық жоқ. Бұдан бөлек, отандық бизнеске де ставканы қайта-қайта көтеру соққы болды.
— Ұлттық банк осы әрекеті арқылы халыққа да, бизнеске де салмақ салып отыр. Ставка көтерілгеннен кейін екінші деңгейлі банктер де несие пайызын көтереді. Өйткені олардың өзі несиені енді Ұлттық банктен қымбатқа ала бастайды да, халыққа беретін несие пайызын жоғарылатады. Бизнеске де несие қымбатқа беріледі. Мұның арты халық тағы да сол банктерге қарызға белшеден батып, экономикалық өсімнің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Сондықтан ставканы секірткенмен аса бір пайда бола қоймайды. Бұл арада үкіметтік деңгейде басқаша тәсілдер қолдану керек, – дейді экономист-сарапшы.
Ұлттық банк пен үкімет не істеуі керек?!
Сөйтіп, сарапшылардың пайымдауынша, Ұлттық банк ставканы көтеріп, нарықтағы бағаны тежеп ұстау саясатын ұстанғанша, алдағы уақытта өзге де сауатты қадамдар жасауы қажет. Мысалы, әдетте, күз айында инфляция мөлшері аз болатын. Күзде жеміс-жидек пісіп, астық қамбаға түсіп, өнімдердің көпшілігі арзандап жатады. Бізде керісінше, неге осы айларда қымбатшылық шарықтап кетті?! Мамандардың айтуынша, бұған бірден-бір ықпал еткен дүние Ресейдегі мобилизация.
–Ресейден өте көп азаматтардың елге келуі біздегі тауарлардың қымбаттауына әсер етті. Бір ғана жалға берілетін пәтерлер бағасының бір айлық көрсеткіші 30 пайызға өсіп кетті. Бұл арада үкіметке де сын айтылып жатыр. Бірақ осы арада ұлттық банк елдегі ақша саясатын бақылап, нарықта болып жатқан жайттардың ақиқатын ашып айтып, үкіметке сауатты ұсыныстар айтуы тиіс еді, – дейді сарапшы Марал Төртенова.
Мамандардың пайымдауынша, болашақта Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп жұмыс істеудің жаңаша тетіктерін қарастыруы қажет. Себебі ставканы 14,5- пайыздан бірден 16 пайызға көтеру – үлкен пайыз.
Бақылау жоқ, содан экономика «шок»…
Рас, Ұлттық банк инфляциядан және геосаяси жағдайдан «шок» алып жатқан экономикаға дем бергісі келеді. Алайда алдағы уақытта бағаны байлап ұстап тұруға үкіметтің де, Ұлттық банктің де шамасы келмеуі де мүмкін. Себебі, бағаны тежеп ұстау саясатын ұстану арқылы біз осы уақытқа дейін отандық өнім өндірушілерге салмақ салып келдік. Олардың шығарған өнімдерін шеттен келген импорт тауарлар бір ығыстырып жатса, «бағаны өсірсең, басың кетеді», деген біздегі атқамінерлер бір үркітеді. Бұл айналып келгенде «отандық өнім өндірушілерді тұсаулап, бәсекеге қабілеттілігін жойды». Енді келіп, отандық өндірісті қолдау, «Қарапайым заттар экономикасы», «Жол картасы» тәрізді жобаларды қолға алып, реформаларға жаңа реңк беруді жөн көріп жүрміз.
Сала мамандарының айтуынша, мұндай реформалардың орындалуын өткен 30 жыл бойы сауатты қадағалағанымызда, қазір халық қиналмайтын еді. Бізде керісінше, 30 жыл бойына бақылау жоқ, содан міне экономика «шок». Мысалы, тауар бағасын өсіруге бірден-бір әсер ететін дүние коррупциялық қадам екенін біле тұра, шенеуніктер сыбайласып, жеуге әбден дағдыланды. Кеденнен бастап, жол үстінде және басқа да тексеруші құрылымдардағы заңсыз алым-салықтар көбейді. Өз кезегінде, мұндайға кеткен шығынын кәсіпкерлер тауар бағасына үстеме қосып, шығарып алуға тырысады. Міне, бірінші кезекте, баға осылай шарықтады. Екіншіден, елде мемлекеттік монополиялардың аздығы да нарықтағы баға саясатының құбылуына әсерін қатты тигізді. Бұл ретте, мұнай нарығының жекеменшік монополияға тәуелділігі, мұнай өнімдерін сатудың жекелеген топтарға мүдделі болуы, олардың бір-бірімен текетіресіп, бәсекелестерін болдырмау үшін нарықтан орын бермеуі бізде әбден өршіген. Қазақтың мұнайының арқасында, халық емес, саусақпен санарлық олигархтар байыды. Осылайша, санаулы ғана адамдардың жекелеп баюы елде индустрияның, инновацияның өркендеуіне жол бермеді. Үшіншіден, табиғи газ, жарық, су нарығының жаппайы жекеменшікке өтуі, бұл нарықта делдалдардың көптігі көгілдір отын, су, жарық бағасының шектен тыс қымбаттауына жол беріп отыр. Газ тасымалдау инфрақұрылымы дамымағандықтан, кейбір өндіріс орындары қымбат бағаға газ енгізеді. Оны енгізіп алғаннан кейін ай сайын төлейтін бағасы да қымбат. Өнім шығару үшін не керек, газ керек, жарық пен су керек. Сонда коммуналдық төлемге қымбат ақы төлеп отырған кәсіпорынға «тауарыңды арзанға сат» деп қайтіп айта аламыз?!
Бұдан бөлек, тендердегі заңсыздық. Мемлекеттік ведомствалық кәсіпорындардың астыртын монополия құруы, тендерді тамыр-таныстық жайлауы – бұл да нарықтық экономиканың заңына қайшы дүние. Міне, осы мәселелер реттелгенде, отандық өндіріс баяғыда бәсекеге қабілетті болар еді. Біз әлдеқашан өз өнімімізді молынан шығарғанымызда, қиыншылықтарға тап болмайтын едік. Ал қазір көптің көңілінде күдік көп. Сыртқы қарыздың көлемі де өсіп барады. Үкімет пен Ұлттық банктің қабылдаған шешімдері де аса нәтиже берді деп айта алмаймыз. Бір жылда базалық ставканы төрт мәрте өсіргеннен мәселе шешілмейтінін Ұлттық банк білмейді емес, біледі ғой. Әйтсе де бас банк ставканы өсіруден танбайды. Бұл әрекетімен Ұлттық банк тіршілігі әбден несиеге байланған, тіпті әлдеқандай қиыншылық туса туған-туысынан қарыз ала алмай, бірден банкке жүгіретін қарапайым халықты сорлатып отырғанын сезбей ме?! Несиенің пайызы біздің елде онсыз да жоғары емес пе? Несиенің несібе болмайтынын қазір халық ұғынып қалғанымен, қарапайым халықта шынымен несиеге мұқтаж сәттер жиі болады. Енді қайтпек керек? Бұл арада Ұлттық банк пен үкімет болашақта елге пайдасы тиер сауатты шешімдер қабылдай ала ма? Қазір көптің көкейіндегі көп сауалдың бірі – осы...