Ұлттық экспорттаушылар легі қалыптасты ма?

Кәсіп ашамын, ешкімге тәуелсіз еңбек етемін деген жанға бүгінгі таңда елімізде үлкен мүмкіндіктер жасалынып жатыр.
Оның айғағы ретінде «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Мен кәсіпкер» жобаларын айтуға болады.
Кәсіпкерлерге арналған жобалар барысында былтырғы жылдың қарашасынан бастап елімізде 1 жарым миллион кәсіпкер тіркелген. Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан 1,4 миллион субьект арқылы 25,6 пайызға жылдық өсім артқан. Соның ішінде кәсіпкерлердің басым бөлігі Алматы қаласында тіркеліп, бір жылда 184,3 мыңға пайда әкелген. Одан кейінгі орындарға Түркістан облысы 163,7 мың субъектіге, Астана қаласы 130,6 мың субъект бойынша алдыңғы орында келеді. Ал жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлері ең аз өңірлерге Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ұлытау облыстары жатады.
Сонымен қатар статистика бойынша жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерліктің басым бөлігі көлік жөндеу саласы кіреді екен. Яғни Қазақстан бойынша жалпы автокөлік жөндеу кәсіпкерлігі бойынша 505,3 мың жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Одан кейінгі орындарға ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы 245, 2 мың есеппен, жылжымайтын мүлікпен сауда-саттық 72,5 мың есеппен алдыңғы орындарды алады.
Бүгінгі таңда үлкен қалалардан бөлек өңірлердегі шағын аудандарда да кәсіпкерлікпен айналысуға айрықша жағдайлар жасалынуда. Соның нәтижесінде, кішігірім қалашықтар мен шағын аудан, ауылдарда да кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Ауыл тұрғындары кәсіпкерлерге қолдау мақсатында берілген грант бойынша өз жобаларын ұсынып, бүгінде сұранысқа ие кәсіпорынға да айналып жатқаны қаншама. Мәселен, Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғыны Асылхан Балмаханов есімді азамат «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 миллион теңге қаржы ұтып алған болатын. Ол ұтып алған қаржысына өз қаржысын қоса отырып, «Береке» атауымен кір сабын цехын ашты. Қазіргі уақытта цехта тәулігіне 500-600 дана кір сабын жасап шығарады. Әзірге кәсіпкер өнімдерін тек аудандық дүкендерге ғана өткізеді. Болашақта кәсібін кеңейтіп, Қызылорда облысындағы дүкендерге де өткізуді жоспарлап та қойған екен.
— Кір сабын шығару туралы идея көптен бері ойымда жүрген еді. Бір жағынан бір жұмыспен ғана шектеліп қана қоймай, қосымша кәсіп ашсам деген ниетім де болды. Ақырында ғаламтор желісін ақтара отырып, сұранысқа ие тауарларды іздей бастадым. Соның ішінде маған ұнағаны кір сабын шығару идеясы болды. Себебі кір сабын шығаратын адамдар біздің облысымызда жоқтың қасы екен. Екіншіден, тендер бойынша кір сабынды көбіне біздің облыс өзге облыстардан алдыратынына да көзім жетті. Содан Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасымен ақылдаса келе «Бизнес-мектеп» құрылымы бойынша білімімді жетілдірдім. Әрі бизнес жоспарымды палата мамандарының кеңестері бойынша жасап шықтым да «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, бағымды сынап, 2 миллион теңге көлемінде грант ұтып алдым, – дейді жеке кәсіпкер.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша Асылхан Балмаханов секілді жеке кәсібін ашып, бүгінде дөңгелетіп жатқан кәсіпкерлер қазіргі таңда өте көп десе де болады. Мәселен, Төретам ауданының тұрғыны Бақытбек Айдаром есімді азамат «Сүт» бағыты бойынша Зеңгі баба тұқымын өсіру арқылы кәсібін дөңгелетіп, бүгінде жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің пікіріне келсек, ол «Жұбайым Гүлназ екеуміз мемлекеттік бағдарламаға қатысып, мен сүт бағыты бойынша, ол ет бағыты бойынша қайтарымсыз грант ұтып алдық. Бүгінде отбасылық кәсібімізде мүйізді ірі қара малын сүт пен ет бағытында өсіріп, оның өнімін сату арқылы ісімізді өркендетіп келеміз. Алдағы уақытта кәсібімізді әлі де жетілдіре түсіп, Қазақстанның ет экспортын арттыру бойынша жұмыс істеуді де жоспарлап отырмыз, алдағы уақытта өнім шығару көлемін арттырып, экспортқа шығару да ойымда бар», – дейді кәсіпкер.
Бұл бағдарламадан бөлек, қазіргі уақытта қыз-келіншектерге де арнайы жобалардың қолға алынғанын да айта кету керек. Соның бірі «Мен кәсіпкермін» жобасы. «Мен кәсіпкер» жобасы аясында Атамекен ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР ұлттық экономика министрлігі бірлесіп, жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ «Мен кәсіпкер» жобасы «Кәсіпке бағыт» және кәсіпкер әйелдер мен кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерге арналған қызмет бойынша 2 бағытта жұмыс істейді. Мәселен, «Кәсіпке бағыт» кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатындағы құзыреттер мен салалық оқытуды қамтыса, екіншісі, кәсіпкерлік қызметпен айналысқысы келетін 18 жастан асқан қыз-келіншектерге әйел кәсіпкерлігі субъектілері бойынша жұмыстар атқарыларды. Әйел кәсіпкерлерді қолдау жұмысы қазіргі таңда үйде бала күтімімен отырған іскер әйелдер үшін көрсетілген үлкен көмек деуге де болады.
Өткен жылы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жеке кәсіпкерлерге 48 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Кәсіпкерлік палата мамандарының сөзінше, биыл да бұл қолдау жалғасын тауып, грантқа конкурстар өткізілетінін хабарлайды. Конкурс кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде өткізіледі. Ал конкурсқа өтінімдерді беру 2023 жылдың 4 қыркүйегінде kezekte.kz субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің веб-порталында электронды түрде қабылданады.