Ұлттық идеологияны түгендеу үшін...
Қазір не көп? Тексіздену, дінсіздену көп. Тілім-тілім болған тіл анау, жұлым-жұлым болған құндылық мынау.
Ұлттық идеологиямыз терезеден сығалайтындай күйге жеттік. Қайтпек керек? Таразылайық.
Құдайсызданып барамыз. Сырға таққан әлгілерің қазір халықтан жыныс ауыстыруға ақша жинап жүр. Оған желпінген біздікілер мәз болып әйелге ауысқанын күтіп отыр. Тіпті ақша салып, қолдауын аямауда. Алла адамды ер, әйел деп жыныс берген соң, оны ауыстыру Құдайдан безу һәм Құдайлық істі мойындамау емес пе? Әуел бастан «Аллалап» тірлік еткен халықпыз. Сөйте тұра экс-министр Цой қағынғандарды қанаттандырды. Әлемдік сандырақ саясаттың салқыны соққан болар, бәлки. Соқсын, соқпасын, алдымен осы қазақты Құдайдан бездіруге бағытталған жыныс ауыстыру жайындағы заңды (ережені) түбегейлі жою керек.
Әлеуметтік желіде «менікі кінәлі емес» деген «мем» вирус секілді көп таралды. Тіпті соның «срогы» да өтпейді екен. Қазақша сөйлеймін деп мазақ болған жанның бұл видеосы әлі күнге дейін бар. Соны көріп мәзбіз, бірімізге біріміз таратып, қарқ-қарқ күлеміз. «Жыртық тесікке күліпті» деуші еді ғой. Оны қойшы, кешегі сайланған министрлердің қазақ тілінде ант қабылдауын көрдік. Екі ауыз сөзді қоса алмай, күмілжіді де тұрды. Осы біз мақтанғанда көкке шабамыз ғой. Иықты керіп тұрып «біздің – бабамыз өйткен де сөйткен» дейміз. Ал сол бабалар сөйлеген тілге құрмет қайда? Төмендеп барады. Тіл мәртебесін асыратын заңның күші жоқ. Анаубір жылы қазақша сөйлеуді талап еткендерді «үңгірден шыққандарға» теңеді. Ол – министр қазір. Қазақтың тілі қазаққа керек болмағанда, өзгелер қайтсін? Өз Отанында тілін мүсәпір етіп жүрген біз ғана. Идеология тілден, қазақтың ұлттық идеологиясы – қазақ тілінен басталады. Сол үшін қазақ тілінің абыройын көтеретін заң керек. Сол заңның үстемдігін қалыптастырар Үкімет керек.
Ұлттық идеология – салт-дәстүрде, ұлттық мәдениетте жатыр. Дегенмен, қазақтың ұлттығын айғақтайтын құндылықтар талайға қор болуда. Иә, заманға еліктеді дейміз. Хайп қуды, жас болған соң адасты дейміз. Бірақ қор болған құндылықтарды қайтпекпіз? Мысалы, сәукелені қорлады, домбыраны сындырды, төлтаңба, валютамызды табан асты етті. Тілімізді келемеждеп, маймылдың шүлдіріне теңеді. Бірақ олар тек әкімшілік жазамен шектелді. Бүгін біреуі қазақтың құнсызын қор етсе, ертең екіншісі одан сорақысын жасайды. Күллі қазақты әлдилеген бесікті қоқысқа тастады. Ұлттық идеология домбыра, бесік, сәукеледен басталады десек, сол идеологияның қорланбасына қам жасау керек.
Сөздің ашығы, ұлттық экранымыз жылап тұр. Ұлттылықты, ұлтжандылықты көрмейтін арналар кімге опа әпереді? Үнді мен түріктің, кәрістің сериалдарынан көз ашпайтын болдық. Соларға еліктейміз. Тіпті дін мен дәстүрін жаттап алдық. Енді ғана тілі шыққан бала шүлдірлеп соларды қайталап жүр. Ток-шоу дегенің бар. «Келініне нәпсісі қозған ата», «Ағасының келіншегін жәукемдеген іні», «Балдызын зорлаған жезде» сынды тақырыптар ашық айтылып, көрсетілуде. «Құнанбай» киносын көрдіңіз бе? Онда атасы мен келіннің ойнастығын білгенде қандай жаза тағайындап еді? Екеуінің басына қап кигізіп, түйеге екі жақтап асты емес пе? О заманда-ақ қазақта бар нәрсе ғой дейді кейбірі. Дегенмен, ұят пен ардан аттамаған қазақ мұндай сұмдыққа төзе алмастан, кешіре алмастан ауыр жазамен нүктесін қойды. Бізде ше? Ашықтан-ашық, құшақтасып-жабысқан ата мен келіннің видеосын жарқыратып эфирге шығарды. Оны жарыса желіге жүктеді. Қазақылыққа тән бе? Ұлтты аздырудың лебі сезіледі. Қазақтың ұлттығы қазақ экранында сезілуі тиіс. Орынсыз оспақты арқау еткен жобаларды азайтатын көркемдік кеңес һәм заң қажет.
Бізде сатып һәм сұрап алған мадақ көп. Жас көшбасшы, жас қайраткер, жас белсенді деген атақтар баршылық. Оны алғандар жетерлік. Бірақ барлығы құры мақтан. Осы уақытқа дейін алынған мадақтамалардың сыйқы елдегі жастар саясатының оңбай тұрғанын байқатты. Егер сол мадаққа лайық болса, өткендегі қаңтар оқиғасында дүйім жұртты соңына ертіп, бейбіт митингінің арты лаңға, ұрлыққа, тонауға ұласпас еді. Ал ел дабыра боп жүргенде олардың басбұзарлығына тоқтам айтар қария болмады. Халықты ауызбіршілікке шақырып, басу айтар, ақыл айтар ақсақалды кезіктірдіңіз бе? Расымен, құр мадақ, «Құрметті азамат», сатыр-сұтырлы медальға тойғандар мектебі алаңсыз тозыпты. Сол үшін қажеті жоқ алғыс хат пен құр мадақтардың санын азайтқан жөн. Кім көрінгеннің кеудесіне кеткен құр атақ мақтаныш сезімінен өзге қазаққа тән қасиет берген емес.
Тектілік турасынан тарқатайықшы. Қазір ешкім тексіз емес. Біреуге барып тегің жаман деңізші, төбеңді ояды. Текті деген сөзден тек кетіп қалғандай. Ісіміз анау, сөзіміз – мынау. Дүбәра болып барамыз. Оның үстіне масылдықты ерттеп алдық. Бұл көпшілікке жақпас пікір. Алайда, тегін үй берілсін, жәрдемақы көбейсін, тегін дәрі-дәрмек таратылсын деген тегін дүниелер талабы көп. Жымысқы ойы барлар бәрін тегін алуды көздейді. Қатынкүңкіл әңгімені ердің айтқанына таңқалмайтын болдық. Дүниеде қазір не тегін? Ештеңе! Бізді құртатын осы. Сөзге еретініміз. Еліктейтініміз. Мұнымен өзімізді ғана емес, қазаққа тән болмысымызды, ұлттық идеологиямызды құртып барамыз. Құнанбайдың: «Бұл елді қалай билемек керек? Осы қазақтың жұмбағын шеше алатын емеспін… Бос ұстасаң қамыстың сабағындай қолыңды кеседі, бетімен кетеді. Күшке салсаң, басыңды жұтып тынасың. Не жөн сөзге, не тізеге көнбейтін бұл елге енді Тәңірінің тезі керек сияқты» деген еді...
Бұл сайрап тұрған сан ойдың бір бөлшегі. Бірақ естір құлақ болса...