Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:23, 27 Желтоқсан 2022

Ұлттық мүдде мен мақсат

None
None

Біз Қазақстанды 1991 жылдан бері тәуелсіз ел санаймыз. Бірақ шын мәнінде оның тәуелсіздігі де-юре, былайша айтқанда сөз жүзіндегі тәуелсіздік, ал ол тәуелсіздік де – факт, яғни іс жүзіндегі тәуелсіздік болуы үшін ол ел экономикалық және рухани тәуелсіздікке толық қол жеткізуі керек.

Біз қазіргі жағдайда рухани тәуелсіздікке әлі қол жеткізе алған жоқпыз. Себебі іс-қағаздарын осы күнге дейін бұрынғы метрополияның тілінде, яғни орыс тілінде жүргіземіз. Оның себебі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін саяси билік басында бұрынғы коммунистік идеологияда тәрбиеленген, көбі орыс тілінде білім алған мәңгүрттер болатын. Сондықтан да олар қазақ халқының өз алдына тәуелсіз ел болғанын қаламады және бұрынғы метрополиядан қол үзгілері келмеді, сол себепті «Кедендік одақ» «Еуразиялық экономикалық одақ» сияқты түрлі одақтарға кіргізіп, Қазақстанның толық егеменді ел болуына шектеу қойып отырды. Оның үстіне Қазақстанда саяси элита өздерінің топтық мүддесін халықтың ұлттық мүддесінен жоғары қойып, айтқан уәделері сөз жүзінде қалды.

 2019 жылы Назарбаев өз еркімен президенттік лауазымын Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген болатын. Бірақ биліктен кеткен жоқ. Қазақстанда қауіпсіздік комитетін құрып, өзі соның өмірлік төрағасы болып қалатынын жариялады. Сондықтан ол Тоқаевтың президент ретінде еркін қимылдауына мүмкіндік бермеді. Қазақстанда бюрократ шенеуніктердің бұрынғыша лас жемқорлық пен парақорлықтары тыйылмай, халықтың наразылығын тудырды. Осы сәтті пайдаланып кейбір Тоқаевтың саясатына қарсы топтар оны биліктен кетіру үшін саясаттан тәжірибиесі жоқ қазақ жастарын қылмыс жасауға, заң бұзуға итермеледі. 2022 жылы қаңтардың алғашқы күндері бүкіл Қазақстанда толқулар болып, адамдар көшеге шығып, кейбір қалаларда бұзақылық орын алып, олар машиналарды өртеп, дүкендерді тонап, заң бұзушылыққа барды. Соның салдарынан жүздеген адам опат болып, мыңдаған адам зардап шекті. Кейбір мәліметтерге қарағанда бұл бүлік халықтың наразылығын пайдаланып,  Қазақстандағы билікті басып алу үшін әдейі ұйымдастырушылардың әрекеті деген де күдік бар. Бірақ тергеу әлі жүріп жатыр. Сондықтан да уақиғаның шындығы әлі анықталған жоқ.

Осы уақиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік комитетінің төраға лауазымын өз қолына алып, Конституцияға өзгерістер енгізу үшін референдум өткізуге жарлық шығарды. Халық президентінің бұл шешімін қолдап, ең соңында 20 қарашада кезектен тыс президенттік сайлау өткізіп, Қасым-Жомарт Тоқаевты жеті жыл мерзімге президент етіп сайлады.

Болашақта қазақ халқының тағдыры алдағы жеті жылда Тоқаев қандай саясат жүргізетініне байланысты болмақ. Сондықтан ол қазақ халқының мүддесін қорғап, рухани тәуелсіздігін нығайту үшін жұмыс істесе оны қорғап отыру керек, ал егерде Назарбаев сияқты құр уәдемен алдаса, оған ашық қарсы шығып, қателіктерін дер кезінде түзеп отыру керек. Ол үшін қазақ халқы және қазақстандықтар саяси сауатты, әрі бірліктері берік болуы шарт. Халық саяси сауатты болып, құқықтық мүддесін қорғай алатындай болулары үшін адамдарға ұлттық идеология қажет.

Идеология саяси санадан пайда болады. Саяси сана деп өмірдегі саяси қатынастарды бейнелеп, саясатты түсінетін адамдардың іс-әрекетіне бағыт-бағдар беретін көзқарастар жинағын айтады. Саяси сананы қарапайым саяси сана және теориялық саяси сана деп екі топқа бөлеміз. Теориялық саяси сана қарапайым саяси сана сияқты стихиялық түрде пайда болмайды. Оны арнайы дайындығы бар жоғары білімді саясаткерлер, философтар, заңгерлер, экономистер жасай алады. Бірақ та біздің зиялы қауымның көбі саясатпен айналысуға онша құлықты емес. Оның екі себебі бар. Бірінші Совет үкіметі кезінде патриот зиялыларды ұлтшылдар, халық жауы деп қуғын көрсетіп, көздерін жойған болатын.

Ал қазіргі зиялылар өздері ауылдың әлеуметтік қиыншылықтарынан құтылғандарына разы болып, мүмкіншілік болса әрі қарай мансабының, беделінің өскенін қалайды. Сол себепті қазақ халқының тағдырына онша көңіл бөлмейді. Қазақ халқына қазіргі жағдайда бірінші қажеттілік қалайда рухани тәуелсіздікке қол жеткізу. Ол үшін халықтың, саяси биліктің, зиялы қауымның, ұлт патриоттарының басын қосатын ұлттық идеология жасауымыз керек.

Біздің тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жылдан асты, бірақ та осы кезге дейін ұлттық идеология жасай алған жоқпыз. Соның салдарынан билік басындағы саяси элита өздерінің топтық мүддесін халықтың ұлттық мүддесінен жоғары қойып, елде сыбайлас жемқорлықпен парақорлық көбейіп, халқымыздың әлеуметтік тұрмысы жылдан-жылға нашарлап осындай әділетсіздікке тап болдық. Енді алдағы уақытта осы отыз жылда жіберген қателіктерімізді түзеу үшін не істеу керек?

Ол үшін саяси билік демократия принциптерін пайдаланып бірінші кезекте қоғамда саяси жүйені дұрыс жолға салулары керек. Яғни ауыл әкімінен бастап, ел президентіне дейін уақытында бәсекелестік жолмен таза сайлау арқылы сайлануы керек.

Екінші, қоғамда демократия дұрыс жұмыс істеу үшін биліктің үш тармағы, яғни атқару, заң шығару және сот билігі өздерінің қызметін әділ және таза атқарып отырулары керек.

Үшінші, саяси партиялар құрылып, олар парламентте қоғамдық жұмысқа белсенді қатысуға мүмкіншіліктері болуға тиіс.

Төртінші, билікке оппозициялық пікірдегі саяси күштер еркін жұмыс істеуі тиіс.

Бесінші, қоғамдық ақпарат құралдары дер кезінде қоғамдағы жаңалықтарды ашық айтып, ашық жазуға мүмкіншіліктері болуы керек.

Жоғарыда айтылған осы демократиялық принциптер қоғамда берік сақталса, Қазақстанның демократиялық мемлекет болып қалыптасатынына еш күмән жоқ.

Қоғамымызда демократия дұрыс жұмыс істеу үшін саяси, экономикалық, құқықтық, мәдени, идеологиялық кепілдіктер жүйесі болуы керек. Оны демократиялық елдердің тәжірибиесінен көруге болады.

Қазір енді жаңа президентімізді сайладық Конституциямызды референдум жүргізу арқылы халықтың қолдауы мен кейбір баптарын жаңарттық. Яғни саяси жүйені конституциялық тұрғыдан айқындап алдық. Қазір ескі жүйенің орнына жаңасы келді. Ол енді бұрынғы мемлекеттік жүйені ауыстыруына немесе оған дейінгі саяси-құқықтық құрылымдарды жаңарған жағдайға бейімдеуіне болады. Жеңіске жеткен жүйе бір жағынан ескінің орныққан элементтеріне, ұйымдарына қайта жұмыс істетеді, болмаса жаңартып өзгертеді, жетілдіреді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа жолдауын «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам» деп атапты. Сондықтан да алдағы уақытта Қазақстанда мемлекет құрушы титулды ұлттың мүддесін қорғап, азаматтық қоғам құрып, құқықты мемлекет орнатуға күш салуымыз керек.

Тегтер: