Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:42, 23 Ақпан 2023

«Ұлттық қор балаларға»: Үкіметтен дәметіп, алақанын күзеттік...

None
None

Ақиқаты – осы… Қазір біздің қоғамдағы экономикалық-әлеуметтік дағдарыстан запы болған халық үкіметтің әр жобасына жақсылыққа деген дәмемен қарайды, үмітін үзгісі келмейді.

Отыз жыл бойы халықтың тұрмысын жақсарту, экономикалық әлеуетін көтеру мақсатында түрлі-түрлі жобалар, қилы-қилы бағдарламалар атқарылды. Әттеген-айы, сол бағдарламалардың жарнамасы жер жарып, насихаты «нән» мықты болғанымен, нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай болмады.

 Былтырғы қаңтардан кейін билікке келген су жаңа Смайылов үкіметі де қазірде жап-жаңа ұлттық жобалармен жұмыс істеуге тырмысып жатыр. Соның бірі – «Ұлттық қор балаларға» жобасы. Әу баста осы жоба жайында айтылғанда «Ұлттық қорымыздан кейінгі ұрпаққа да бірдеңе қалатын болды-ау» деп ішіміз жылығаны рас. Сөйтіп, қазірде «қордан балаларға қанша ақша бөлінер екен, 18 жасқа толғанша баланың есеп шотына жиналатын қаражаттың көлемі қанша болар екен» деп үкіметтен дәметіп, атқарушы биліктің алақанын күзетіп отырған жайымыз бар...

 Қаржы министрлігінің болжамынша «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында баланың шотында 18 жыл ішінде 3 500 доллар жиналады. Бұл ретте қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков былай дейді:

– Ұлттық банк Ұлттық қордың өткен жылдардағы орташа кірісін ескеріп, инвестициялық табыстың 50 пайызын есептейді. Инвестициялық табыстың ставкасын 18 жылдағы орташа жылдық мән деңгейінде айқындау ұсынылып отыр. Сонда баланың (18 жасқа толғанда) жинаған сомасы 3500 долларды құрайды деп болжанып отыр.

 Осы тұста сала мамандары «инвестициялық табыстың 50 пайызы аса қомақты қаражат емес, бірақ жоқтан жақсы» деген пікірлерді де кесе көлденең тартты.

Экономика ғылымының кандидаты, «Экономика және құқық» институтының маманы Ермек Тойжігітовтің айтуынша, біздің атқарушы билік осы уақытқа дейін ана мен бала капиталы дегенге қатты назар аударған жоқ.

– Өзге елдерден бөлек, көрші Ресейді алайықшы, Ресей үкіметі жан-жақтан санкциялар салынып, экономикасы қобырап жатқанның өзінде «Ана капиталын» 2021 жылдан бастап қайта өсірді. Бұған дейін Ресейде екінші баланы өмірге әкелген аналардың үкіметінен алатын бірреттік «ана капиталы» 453 026 рубль болса, бұл сома 2021 жылы 470 241 рубльге өсті. (Теңгеге шағып көрсеңіз, қомақты сома). Бұған қоса, Ресейде үшінші баланы дүниеге әкелген аналарға 10 сотық жер беру, ауыл шаруашылығы бизнесімен айналысу тәрізді толып жатқан жеңілдіктер қарастырылған. Ал енді өзім білетін Жапония үкіметі де «Бала капиталын» 2020 жылдың күзінен бастап өсірді. Сол кезден бастап жапондардың өмірге екінші нәресте әкелген аналары 500 евро жалақы алып отыратын болды. Бағамдасақ, көптеген елдер ана мен бала капиталын оңдауға тырысып-ақ жатыр. Біздің ұлттық қордан инвестициялық табыстың 50 пайызын беру бастамасы әрине қолдайтын дүние. Бірақ өзге елдермен салыстырғанда бұл мардымсыз қаражат, – дейді экономист-ғалым Ермек Тойжігітов.

 Жалпы, маманның пайымдауынша, біз әу бастан демографиялық дағдарысқа бейім халықпыз. Деректерге үңілсек, демографиялық тасқын біздің ұлтымызда 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында жүріп өтіпті. Сол жылдары әр 1000 қазақ әйеліне шаққанда 225 баладан келсе, 1990 жылы бұл көрсеткіш 130-ға; 1998 жылы 82-ге дейін, ал қазір тіпті екі-үш есеге төмендеп кеткен. Осыған байланысты маман «біз бала туу жасындағы әйелдерге әлеуметтік қолдау көрсетуден танбауымыз керек. Мейлі, бала туу жасындағы әйелдің айлық жалақысы жоғары болсын, мейлі төмен болсын, мемлекеттік деңгейде төленер төлем жоғары болуы қажет. Болашақта бала капиталы, ана капиталы деген бастамалар қолға алынуы қажет. Мұны үкімет мықтап ескергені абзал», – дейді.

 Сөйтіп, сала мамандарының дені, үкімет болашақта бала капиталы, ана капиталы деген бастамаларға мән берсе деп отыр. Ал «ұлттық қордан тек қана балаларға емес, жалпы халыққа үлес берілуі керек еді» дейтін мамандардың қатары да жоқ емес. Бұған қатысты экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов:

– Білесіздер, осы уақытқа дейін мемлекеттік бюджетке Ұлттық қордан өте көп қаражат аударылды. Әлі де алынып жатыр. Бұлай шексіз ақша ала беруге болмайды. Ұлттық қор өсу керек. Қарапайым ғана Норвегияның Ұлттық қорында трлн доллардан астам қаражат бар. Бұл елде небәрі 5 млн-нан астам халық тұрады. Олар трлн доллардың үстінен 10 пайызын, яғни 100 млрд доллар жыл сайын қордан жоспарсыз ақша алына берсе, қордың түбі көрінеді. Сондықтан бізге қаржының шегін білу керек. Негізінде, Ұлттық қордан жалпы халыққа үлес берілуі керек. Сол кезде Ұлттық қордан бюджетке трансферт жасауға ел қарсы болады, үкіметтен сол трансферттерді азайтуды ел талап етеді. Бұдан кейін барып үкімет экономиканы әртараптандыруға, елде расымен де инновацияны, индустрияны жетілдіруге шындап кірісетін болады, – дейді.

 Хош, қалай десек те, қордың қаражатын ұқсату – Ұлттық қорды бүгінгінің нанына емес, келешектің қамына қарай бағыттау қазір өткір мәселе. Біз отыз жылдан аса уақыт өткенде «Ұлттық қор балаларға» жобасын қолға алдық. Жоба барысында келер ұрпаққа әйтеуір там-тұмдап болсын бірдеңе бұйыратын болды. Бірақ бірқатар елдерде бала туа салысымен арнайы депозит ашылып, оған мемлекет белгілі бір мөлшерде қомақты қаржы құйып қояды. Дамыған және дамушы елдің балалары тумай жатып тұрғын үймен қамтылып жатады. Мұндайда еріксіз «біздің елдің баласына неге қазіргі кезеңге дейін осындай ықылас жоқ» деп қынжыласың. «Қазақстанның қазынасын қаншама жыл бойы жемірлер кемірмегенде біз де осындай мүмкіндіктерге қол жеткізер ме едік» деп те ойланасың. Кім біледі?! «Жаңарамыз, көнерген әдістерден арыламыз» деп жатырмыз ғой. Ұлттық қордан балаларға «дәм» татыру да, сол жаңа бастаманың үлесі ғой. Әйтеуір жақсылықтан дәметіп, болашақта қолдағы барға ие болып, белсенді болуымыз қажет. Арқаны кеңге салып, тұсауды босатып, қанша жыл отырдық қой. Енді ел үшін жақсылық істеуді талап ететін сәт әлдеқашан туды емес пе?!

Тегтер: