Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:35, 28 Маусым 2022

Ұлттық қор. Болашақтың қамы ма, «біреулердің» наны ма?!

None
None

Бүгінде еліміздің Ұлттық қорында 53,8 миллиард доллар ғана қалды. Жыл басында қорда 55 млрд доллар бар болатын-ды.

Үкімет бұл қорды оңды-солды шашпағанда, қазіргі уақытта қорымызда, кем дегенде, 125 миллиард доллар қаржы жататын еді.

Алайда 2015-2021 жылдары біздің билік Ұлттық қордан 24,7 триллион теңге шығындады. Басқасын айтпағанда, Ұлттық қордың жұмсалуына қатысты Есеп комитетінің өзі алаңдай бастады. Аталмыш комитеттің болжамынша, егер қордағы қаражатты нақ осылай жұмсай беретін болсақ, 2030 жылға қарай, Ұлттық қор нөлге тең болады. Себебі үкімет қордағы қаражатты экономиканың өсімін қамтамасыз етуге емес, жай ғана бюджеттің жыртығын жамаудың көзі ретінде пайдаланады. Бұл әрекет әрі қарай сақталса, Ұлттық қордың түгі қалмай, таусылу қаупі басым.

Еліміздің бас аудиторы Наталья Годунованың айтуынша, бүгінде Ұлттық қордың қаражатын жұмсауға қатысты бірқатар былықтар әшкереленген. Мысалы, қордан қаржыландырылған жобалардың құнын қолдан, жасанды түрде қымбаттатуға жол беріліпті. Ұлттық қор қаражаты, тіпті жеке және заңды тұлғаларға несие түрінде де таратылған. Оның үстіне қордан бөлінген кредиттерді кейін қорға қайтару қарастырылмаған. Есеп комитеті 2015-2021 жылдары, кем дегенде, 72,3 млрд теңге кері оралмағанын әшкереледі. Соның 83 пайызы 2021 жылға тиесілі. Міне, осылайша, еліміздің Ұлттық қорының есептік ақпаратында былықтары әшкере болды.

Есеп комитеттің байламынша, Ұлттық қорды басқарудың басты кемшілігі сол, қорға жүктелген барлық міндеттер мен мақсаттардың тиімді жүзеге асуына жауап беретін бірде-бір мемлекеттік орган жоқ. Ұлттық қордың есептік ақпараты айқын және ашық емес.

Жалпы, бұған қатысты біздің үкімет 2021-2023 жылдары Ұлттық қордың қаржысы қайда жұмсалатынын ашық түрде нақтылағандай болған. Бір ескеретіні, Ұлттық қордың қаражаты осы уақытқа дейін «әлсіз салаларға жан бітіру үшін» алынып келді. Бірақ бұдан сол әлсіреп жатқан салалардың жанданып, өркендеп кеткенін көре қоймадық.

 Экономика ғылымының докторы Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, бюджет тапшылығын жабу үшін үкімет қордан жыл сайын трансферт қаржы алады, «бірақ бұл дамуға ұмтылған қадам емес».

– Жасыратыны жоқ, қазір бізде алған қаржыны Ұлттық қорға 100 пайызға қайта орнына қоя алатын мүмкіндік аз. Елде – дүрілдеп, жұмыс істеп тұрған ірі зауыттар, үлкен кәсіпорындар мен фабрикалар санаулы ғана. Осыған қарамастан, үкімет Ұлттық қорды алынбалы-салынбалы банкомат етіп жіберді. Ұлттық қор толығу үшін елде ірі өндіріс орындары көп болуы тиіс, импортқа тәуелділіктен толық арылу қажет. Егер біз осы қарқынмен Ұлттық қордан қаржы ала беретін болсақ, қордағы қалған 53,8 миллиард долларды расымен де бес-ақ жылда түгесуге болады, – дейді экономист-ғалым.

Негізінде, біз осы уақытқа дейін «Ұлттық қор ұрпаққа азық болады, келер ұрпақтың болашағын қамсыздандырады», деген пікірлерге сеніп келдік. Мұндай ойлар, әсіресе экс-президет Назарбаевтың тұсында көп айтылды. Ол кезеңдері экономика қатты қиналған тұста қордан қаражат алынса, «бұл халықтың қиналмауы үшін жасалған әрекет, Ұлттық қорда қаражат болған соң, елге ауыртпалық түспеді», деген сөздерді де естідік. Бірақ шынтуайтында, халықтың жағдайы «аспаннан шұға жауса да кедейге ұлтарақ бұйырмадының» кері болып отыр. Ақиқатын айту керек, қанша жерден әлеуметтік, экономикалық салаларды дамытуға Ұлттық қордан қаражат алынғанымен, бүгінде кеудесін кере кең тыныстап, дамып кеткен сала жоқтың қасы, халықтың жағдайының түзелгені шамалы. Елді бүгінде кедейшілік пен қымбатшылық қысып тұр.

Мамандардың айтуынша, экономиканың қатты қиналатын кезеңі әлі алда. Себебі Ресей мен Украина арасындағы саяси жағдайдың салдары, мұнай бағасының төмендеуі, жанар-жағармай, газ тағы басқа өнімдер бағасының мың құбылуы алқымнан алатын кезең әлі алда тұр. Жалпы, болашақта түбі көрінген Ұлттық қорды толтыру, әлеуметтік жағдайды және экономиканы сауықтыру Смайылов үкіметіне оңайға соқпайын деп тұр. Бұл арада үкімет әдеттегідей, қулыққа басып, халыққа салынатын айыппұлдар мен салықты көбейтіп, бюджетті соның есебінен толықтыруға әрекет жасауы да мүмкін. Бірақ бұл әрекеттерді онсыз да қымбатшылық пен жоқшылық жаншып, ашынған елдің көтере қоймасы тағы анық. Демек мұндай үйреншікті әдеттегі тәсілдер экономиканы құтқармайды деген сөз.

 Сондықтан болашақта үкімет халықтың бизнеспен айналысуына, жақсы өмір сүруіне, отандық өндірісті дамытуға ден қоюы керек. Бай-манаптарға емес, қарапайым халыққа қаражат берілуі тиіс. Ұлттық қордан ел өз үлесін алғанда, бәлкім, елдің еңсесі тіктелер. Үкімет ынсапқа салып, осы жағын да шеше алса оң болар еді...

Тегтер: