Ұлттық құндылықтарды, қадір-қасиетімізді дәріптеуге неге қарсымыз?
Қарап отырсақ, елдік тұрғыдағы рухани құндылықтарымызды халқымыздың, әсіресе өскелең ұрпағымыздың жадына сіңіру жағы ақсап тұр.
Рухани жаңғыру деп, елді дүрліктіріп бір шулатып алғанмен, арты өткінші жауындай басылды да қалды. Мемлекеттік тіліміздің тағдыры болса – мынау, жанданудың орнына өз ордасында ойрандалып, табалдырығынан көтерілуге дәрменсіз. Бүгінгі таңда елімізде мемлекетқұрушы ұлттың – қандастарымыздың саны халқымыздың 80 пайызына жетіп қалса да, тіл мәселесі дау-дамайдан арыла алмай келеді. Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның дерегінше, халқымыз 19 млн-ға, оның ішінде қазақ ұлты 78 пайызға жетіп қалған көрінеді («ДАТ», 01.04.2021 ж.). Қалай болғанда да, жыры көп мемлекеттік тілімізді өз тұғырына қондыратын уақыт жетті емес пе? Әттеген-айы, 2009 жылғы жалпыұлттық санақтың қорытындысы бірнеше рет өзгертіліп, 70 пайыздан едәуір асып кеткен қазақтардың санын әдейі азайтып, орысқұл сатқын билігіміз өз дегендерін істеді. Менің зерделеуімше, соңғы 7-8 жылда қазақтардың өсімі еселеп өсті деп айтуға әбден болады.
Мысалы, соңғы жылдары оңтүстік өңірлерде, әсіресе Түркістан өлкесінде жаңа оқу жылдарының басында 1-сыныпқа баратын бүлдіршіндер саны біршама өскен. Кейбір мектептерде бастауышқа баратын балалар санының соншама көбейгенін, яғни 20-25 сыныпқа дейін жеткеніне куә болып жүрміз. Мұндай жағдай Маңғыстау аймағында да орын алып отыр. Еліміздің басқа да өңірлерінде ахуал жаман емес. Осы бастауыш сыныпқа баратын оқушыларымыздың 95 пайызы өзіміздің қаракөздер (елімізде жыл сайын 1-сыныпқа баратындардың саны 400 мыңның үстінде шарықтайтын көрінеді, яғни жарты миллионды қусырып қалады). Бұл енді, жалпы, қазакемдер үлесінің өсімін көрсетпей ме? Бұл фактілер нені білдіреді? Халқымыздың өсімінің жоғары деңгейде екенін білдірмей ме?
Сонымен, халқының 80 пайызын мемлекетқұрушы ұлт құрайтын Қазақ елінде мемлекеттік тіл өз дәрежесінде неге қолданылмайды? Осы жауыр болған мемлекеттік тіл саясаты жөніндегі дау-дабыра бұқаралық ақпарат құралдарында отыз жыл бойы қозғалды. Бірақ орысқұл билік тарапынан мемлекеттік тілге деген жанашырлық ниет болмады. Қайдан болсын, шенді-шекпенділердің көпшілігі өз ана тіліне теріс көзқараспен қараса… Себебі олар ана сүтімен бойына дарымай қалған тілді жек көреді. Біздің басшы-қосшыларымыз қайда бармасын, көршісінің жеріне көз алартатын сары орыстың тілінде шүлдірлейді. Бұларда ар-намыс деген атымен жоқ. Оған жаның қалай күйінбейді?
Біздің өз ана тіліне мақұрым қарайтын билік болса «Мемлекеттік тілді дамыту» бағдарламасына деп өткен отыз жылда 50 млрд-тан астам қаржы жұмсапты. Сонда осыншама қыруар қаржы қайда кетті? Көгерген тіліміз қайда? Енді келіп лепіріп, 2025 жылы Қазақ елі тұрғындарының 95 пайызы қазақ тілін меңгеретінін айтып, халықтың басын шыр айналдыруда. Қайдағы 95 пайыз, еліміз жұртшылығының 50 пайызы да мемлекеттік тілді толыққанды меңгеретін түрі жоқ. Күні бүгінге дейін «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдауды созбалақтап келеміз. Неге? Кім кедергі? Конституциямыздағы 7-баптың 2-тармағын Ата заңымыздан алып тастау керек! Қашанға дейін күтуге болады, алып тастайтын уақыт жеткен жоқ па? Пәтуасыз билік тарапынан ұлт үшін керек дүние неге кейінге қалдырыла береді? Неге мемлекетқұрушы ұлттың мүддесін ескеріп, халқымызды ортақ тәртіпке бойсындырып, өзекті мәселенің шешімін табуға болмас па еді? Сондықтан бүгінгі таңдағы кезек күттірмейтін мәселе «Мемлекеттік тіл туралы» заңды биліктен бұлтақтатпай тез арада қабылдаттыру болып тұр (тіл жөніндегі барлық мәселе заңдық тұрғыдан реттелу үшін аталмыш заңды қабылдауға тіреліп тұр). Керек болса, жаппай аштық жариялау дұрыс болар еді.
Мемлекеттік лауазымды қызметке, сондай-ақ сайланбалы органдарға (парламент, мәслихат және де барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау т.б.) үміткерлер тек қана заң аясында тіркелуі шарт. Яғни депутаттыққа үміткерлердің, лауазымды орындарға қабылданатын қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау жүйесі мен тәртібін заңдастыру міндетті түрде жүзеге асырылуы керек. Егер кімде-кім заңмен белгіленген сынақтан сүрінбей өтсе, ұлт пен ұлысына қарамай сайысқа – сайлауға қатысуға жіберілгені орынды болар еді. Бұл жерде халықаралық стандарт сақталып, ешкімнің заң жүзінде құқы шектелмейді (мемлекеттік тілді білмейтіндер мен үйренгісі келмейтіндердің өз обалы өздеріне). Өйтпейінше, мемлекеттік тілді өз дәрежесіне көтеру мүмкін емес. Ақиқатына келсек, дұрыс елдерде мемлекеттік тілді меңгермеген қызметкерлер лауазымды орындарда, ал депутаттар парламентте отыра ма? Әлемде мұндай жүгенсіздік тек қана Қазақ мемлекетінде бар екені шындық. Мұндай масқаралықтан, яғни қандастарының ұлттық рухын тұншықтырып отырған орысқұл арсыз биліктен құтылудың уақыты келді емес пе?
Халқымыздың руханиятының кемелделуіне Алаш арыстарының идеясын асқақтатып, яғни рухани жаңғырудың биігіне жетелейтін, халқымыз үшін аса маңызды шараны билігіміз біле тұра, неге қолдамайды? Неге қарсы? Қарап отырсақ, 2016 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтілмеді. Тек қана бір мысал айтуға болады. Әлихан атамыз Қазақ мемлекеттігі үшін қажетті ұлы шараны, яғни еліміздің территориялық шекарасын орнықтыруға және де бекіттіруге көп еңбек сіңірген арда азамат емес пе? Ә.Бөкейханның аталмыш мәселеге қатысты кейбір сәттерде Ленинмен оңаша пікірлесіп, өз уәждерін ұтымды дәлелдеп, оған қызыл көсемнің көзін жеткізгенінің өзі неге тұрады?! Әлихан көкеміз «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деп армандап кеткен жоқ па? Сондай-ақ 2017 жылы Алаштың 100 жылдығын, Алашорда үкіметінің жарық дүниеге келуіне ғасыр толуына орай, жоғарғы билігіміз бас болып, ел-жұртты ұйытып, кең-байтақ жерімізде Алаштың ұлттық рухын жаңғыртып, ұрпағымыздың ұлттық сезімін оятып, ардақтауға болмайтын ба еді? Оған кім кедергі? Алаш арыстарының табандылығының арқасында бүгінгі Қазақ елінің көлемді территориялық шекарасы айғақталып, мәңгілікке бекітілді емес пе? Содан Қазақ АССР-сы құрылып, одан ҚазССР-на жалғасып, бүгінде сол ұлан-ғайыр аумақты иеленіп, Қазақ Республикасы болып ел атанып отырған жоқпыз ба?
Жоғарыда көрсетілген ұлтты рухтандыруға маңызды шараларды қолға алып, мемлекеттік тұрғыдан аталып өтуіне парықсыз билігіміз неге қарсы? Енді келіп бүгінде Әлихан атамызға Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданының аты беріледі деп шүкіршілік етіп жүрміз. Осы жерде айта кетер едім, теріскейдегі көптен жыр болып, елді мазасыздандырып жүрген Павлодар қаласының атауын өзгертіп, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның атын берсе құба-құп болар еді. Әлемнің біршама мемлекеттерінде халқының жарқын болашағы үшін жанын беріп арпалысқан көсемдерінің атында қалалар бар емес пе? Сөйтіп, отыз жылдан бері бітпей жүрген дау-дамайға нүкте қойылып, еліміздің терістігін Алаш рухы қорғап тұрмас па екен? Бір оқпен екі қоянды атып дегендей, орекеңдердің аузына құм құяр едік. Сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясы ғимараттарының негізінде Алаштану орталықтарын ашып жатса, халқымыздың руханиятының көтерілуіне маңызы болар еді. Мысалы, ұлтымыздың ұлы кемеңгері, дана, абыз ойшылдарының (Абай, Мағжан, Ахмет Байтұрсынов т.б.) өлшеусіз ерен еңбектерін өскелең ұрпағымыздың жадына сіңіру үшін ұйымдар ашуға таптырмайтын орын болар еді. Әрине, бұл менің Алаш арыстарының жанкештілік тірлігін жұртшылық жадында мәңгілік сақтау жөніндегі жеке пікірім. Жалпы, «Алаш» ұраны қазақтың басын біріктіру, елдік мұратқа жету ғой. «Алаш» бағдарламасының негізгі идеялары ұлт рухын көтеру, тіл саясатын мемлекеттік деңгейде ұстану болды. Олардың қазақ үшін істеген тірліктерін ұрпақтарымыз еш уақытта ұмытпауы керек, үлгі-өнеге етіп жадымызда мәңгілік сақтау парыз.
Соңғы жылдары болмысымызда Жер-ана атанып кеткен қасиетті жерімізді жан алысып, жан берісіп қорғап жүргенімізде төл тілімізден айырылып қаламыз ба деп қорқамын (елімізде агрессорлық пиғылдағы көрші мемлекеттің тілінде шүлдірлейтіндер жылдан-жылға көбейіп келеді). Жері бар да, тілі жоқ ел кімге керек? Ұлттық рухымыздың өлгені деген осы емес пе? Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай атамыздың сөзімен айтсақ: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін емес».