Ұлттық құндылықтарымызды дәріптей алды ма?!

«… Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс.
Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналды». Еліміздің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы ойға ерекше мән берген-ді. «Мәңгілік елдің» дамуы, нық қадам басуы үшін рухани жаңғырудың кез келген уақытта құнды екенін әр азамат түсінеді.
Рухани таяздық туралы бүгінде көп айтылады. Жастардың рухани жұтаңдығы туралы тіптен әртүрлі пікірлер бар. Дегенмен оның тереңіне үңілу керек шығар. Рухани терең, өз елінің мәдениеті мен ерекшелігін сүйетін жастарды қалыптастыру кімнің үлесінде? «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осы сұраққа нақты жауап тәрізді. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», – деген мақаланың өзегі болған осы жолдар әр азаматтың көкейінде сақталуы керек.
Ұлы даланың ұлы перзенттерін жаңғырту – елім деген әр тұлғаның парызы. Адам рухани құндылығын дамыту арқылы өзінің өмірлік ұстанымын қалыптастырады. Қазіргі жастардың тәрбиесі ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап...» деген ойымен үндесіп жатыр. Өзіңе сену арқылы ғана белгілі бір бағытта дамуға болады. Өзінің еңбегі арқылы ғана белгілі бір белесті бағындырып, биікке қол жеткізуді мақсат еткен адам өмірден өз орнын, «кетігін тауып, кірпіш болып» қаланатыны анық.
Ел ертеңі мен мәңгілік елдің тұғырлы ұландарын қалыптастыруға үлес қосатын тұлға – мұғалім. Сондықтан ел ертеңіне алаңдайтын ұрпақ тәрбиелеу мұғалімге жүктелетіні рас. Адам көру, білу, коммуникативтік қарым-қатынас арқылы дамиды. Нәтижелі іспен айналысуда кез келген адам тереңдей түсері айқын. Елбасының аталған мақаласымен толықтай танысып, оқушыларымызбен ой бөлісіп, түрлі іс-шаралар өткізе отырып, талдау барысында өзіміз де рухани дамып, білімімізбен ерекшелендік. «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алатынына» Нұрсұлтан Әбішұлы баса көңіл бөліп отыр. Бұл мақаланың бәсекелік қабілет бөлімінде айқын көрсетілген.
Жас ұрпақты тәрбиелеу мұғалім, ата-ана, оқушы деген үштікпен тікелей байланысты. Осы байланыс бір мақсатқа негізделгенде ғана ұтымды жол табылады. Тоныкөктен бастау балған «Мәңгілік ел» қағидасы елінің, ұлтының патриоты болу, ел тәуелсіздігін ұлықтау болса керек. Сондықтан мен алдымдағы әр шәкіртімнің ұлттық болмысын, өзегін сақтай отырып, жаңа заман көшіне ілесе алуына ықпал етуім басты әрі нақты ұстанымым деп түсінемін.
«Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы әр қазақстандық үшін тиімді. Осы бағытта жүргізіліп жатқан іс-шаралар ел азаматтарын отаншылдыққа бағыттай отырып, өз халқының патриоты болуға шақыратыны сөзсіз.