Ұлттық санақ қазақты түгендей алды ма?

Көптен күткен халық санағының қорытындысы да шықты. Дәстүрлі түрде онлайн және офлайн форматта өткізілген санақ нәтижесі бойынша қазақстандықтардың жалпы саны 19 169 550 адам деп белгіленді.
Оның ішінде, еліміздегі қазақтардың үлесі 70,18 пайызға жетті дейді. Бұл қаншалықты шындыққа саяды? Осы сұрақ төңірегінде халықтың күдігі мен күмәні басым.
Әлеуметтік желілерде «1999 жылдары халық саны 15 миллион еді. 22 жыл ішінде 4 миллион ғана өскені ме? Оның ішінде, елге қайта оралған қандастарымыз да бар. Сонда бұл бізде демографиялық өсім мүлдем жоқ дегенді білдіре ме? Көрші елдерде осы жылдар арасында халық саны 12 миллионға өскені белгілі. Ал қазақтардың 70 пайыз ғана болуы мүмкін емес», деген секілді пікірлер жазылған. Тіпті, халық санағына көңілі толмаған оқырмандар редакциямызға жиі қоңырау шалады. Солардың бірі Мырзахан Қабатов есімді оқырман:
«Халық санағының қалай өтіп кеткенін білмей қалдық. Пәленбай миллиард қаржыны қалталарына салып алды, болды ма? Халыққа қызмет көрсету орталығында, тіпті, емханалар мен салық төлеу мекемелерінде барлық мәліметіміз жетерлік. Оны ақша бөлмей-ақ жасауға болмай ма? Қазақ болған соң, санымызды азайтып тастамай ма екен деп, әу бастан жаным жай таппап еді. Мәселен, менің туыстарым да, отбасым да халық санағына онлайн түрінде болсын, үйге келіп тіркелуден болсын өткен жоқ. Тіпті, таныстарым да халық санағына қатыспаған. Бұл жөнінде халық санағын ұйымдастырып отырған ұйымдарға хабарлассам, ешқайсысы жауап бермейді», – дейді.
Шынында, он жылда бір рет келетін ұлттық санақтың төңірегінде мәселе өте көп. Әрі биыл халық санағына 8,2 миллиард теңге бөлініп, жұмыс жүргізілгеннің өзінде, шикіліктер басым. Себебі әлі күнге елімізде тіркеуде жоқ тұрғындар көп. Егер олар тіркеуде болмаса, не онлайн форматта ұлттық санақтан өтпесе, үйлеріне санақшылар бармаса, ол азаматтардың ұлттық санаққа енгізілуі де екіталай. Санақшылар демекші, өзімізге жолыққан адамдардың арасынан олардың қарасын көрмегенін айтушылар жетіп-артылады. Тіркеуде бар адамдардың өзіне келсек, олардың кейбірі емес, көпшілігі қисынсыз сұрақтарға жауап беруге жүйкесі шыдамай, сауалнаманы толтырмаған.
Бұл мәселеге қатысты қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев ұлттық санақтың нәтижесін «саусақтан сорып жасалған цифрлар сияқты көрінеді», дейді.
«Бұдан 11 жыл бұрын өткен халық санағында кейбір цифрлар бірнеше рет өзгерген болатын-ды. Алғашында 68 пайыз, кейіннен 67 пайыз, араға біраз уақыт салып, Қазақстандағы қазақтардың үлесі 63 пайыз, деп төмендетілген деректер көрсетілді. Осындай цифрлармен манипуляция жасау биыл өткен халық санағындағы деректерге де күмән туғызады. Оның үстіне, әлеуметтік желілерде көп адамның халық санағына ілікпегенін, оған қатыспағанын дәлелдейтін деректер бар. Мысалы, менің отбасымда жалғыз өзім онлайн түрде халық санағына қатыстым. Ал қалғандары халық санағынан не онлайн өткен жоқ, не үйге санақтан ешкім келіп түгендемеді де. Сол себепті олар халық санағына қатыса алмады. Соған қарағанда, бұл цифрлар, шын мәнінде, саусақтан сорып жасалған цифрлар сияқты көрінеді. Әрі Қазақстандағы қазақтардың үлесі төмендетіліп көрсетілген, деп есептеймін. Менің шамалауымша, қазақтардың үлесі осы уақытқа дейін, кем дегенде, 76-77 пайызға жетуі керек еді. Неге екені белгісіз, 70,18 пайыз деген цифрды көріп отырмыз. Шын мәнінде, жергілікті қазақтардың үлес деңгейі жылдан-жылға артып, басқа ұлттардың үлесі, керісінше, азая түсу керек еді. Бізде көрші мемлекеттерге жалтақтаушылық бар ма, әлде бір арнайы тапсырыстарды орындай ма – белгісіз. Қазақ халқының кеудесінен итеріп, кері кеткен цифрлар беру үрдісі әлі басылмай тұр».
Қоғам қайраткері ұлттық санақтың «көзбояушылық пен жемқорлықтың араласуынсыз өткені күмәнді» дейді. «Халық санағында қисынға келмейтін сұрақтар көп. Онда тек аты-жөні мен жасы, жұмысы, тұрғылықты жері туралы ғана сұрақ болуы қажет еді. Халық санағына көп қаржы бөлінуі де күмәнді. Кезінде бұрынғы статистика комитетінің төрағасы Мешінбаева манипуляциялардың салдарынан қаржыны ұрлап, шетел асып кетті деген үлкен дау-дамайлар болды. Сол секілді Қазақстан қоғамында әлі күнге дейін екі үлкен дерт бар: оның біріншісі – көзбояушылық, екіншісі – жемқорлық. Бюджет қаражатынан бөлінген 8 миллиард теңге көзбояушылық пен жемқорлықтың араласуынсыз өтті дегенге менің күмәнім бар», – дейді Марат Тоқашбаев.
Халық санағының онлайн форматында көңілге қонымсыз сұрақтардың көп екені анық. Ұлттық статистика бюросы ол сұрақтардың 10 жыл ішіндегі елдегі экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсететінін айтып, ақталғанымен, көпшіліктің берілген сұрақтардың көптігі салдарынан, алтын уақытын ысырап қылмай, өтірік жауап бергендерін де құлағымыз шалып қалғаны рас. Сондай-ақ онлайн форматтағы сауалнамалардағы «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?», «Үйіңіз кірпіштен жасалған ба, панельден бе?» деген сұрақтардың қаншалықты маңызды екенін түсінбедік.
Алайда ұлттық санаққа оң көзқарас білдірген әлеуметтанушы Мәнсия Садырова санақ арқылы қазақ тілінің мәртебесін анықтауға болатынын айтады.
- Санақ нәтижесі әлі де толық жасалып болды деп айта алмаймыз. Оны ұйымдастырушылардың өздері де айтты. Бірақ санақтың ішінде маған қызық болғаны – қазақша білетін, қазақ тілін білмейтін және екі тілді білетіндердің де статистикасы беріліпті. Бұл жерде қазақтардың ішінде 3,4 миллион адам қазақша білмейтін болып шықты. Ал 5,9 миллион адам орыс тілін білмесе, 5,6 миллион адам екі тілді біледі екен. Бұл статистикадан қазіргі кезеңдегі қазақ тілінің статусын көруге болады. Екіншіден, кейбір адамдардың тек орысша, ал кейбір адамдардың тек қазақша білуі мені толғандырады. Тек қана қазақ тілін білетіндерге тоқталсам, бұл адамның заман талабынан қалып қоюы деп есептеймін. Қазіргі таңда үш тілді білмесең, жұмысқа орналасу да қиын. Тағы бір мәселе – болашақта қазақ тілі мен ағылшын тілін біледі, білмейді деген мәселелер де кездесуі мүмкін. Ал ұлттық санаққа келсек, кез келген жүйеде қателік болады. Арасында санаққа ілікпей қалған адамдар да кездеседі. Кей жағдайда «анкетаны толтырмаймын, уақытым жоқ» деген енжарлар да болды. Тіпті, өзін-өзі қамтып, екі-үш жерде жұмыс істеп, ешқайда тіркелмейтіндер де бар. Ал кейбір жұмыссыз жүрген жандар хабарсыз болып, санақтан қалып қоюы да мүмкін. Енді ол туралы нақты айта алмаймын. Сол үшін біраз жұмыс жасау керек, – дейді Мәнсия Садырова.
Ал экономист Шолпан Айтенова ұлттық санаққа бөлінген қаржы нақты белгіленген дейді. Ол бұл жолғы санақтың өткізілу тәртібі де өте белсенді болғанын айтады.
«Біріншіден, осы жолы санақтың ұйымдастырушылары бұрынғы тәжірибеге сүйеніп, бөлек сайт жасады. Екіншіден, қосымша нұсқаулар енгізілді. Сол сайт арқылы халық санағын онлайн өткізуге болатыны, офлайн қашан өткізілетіні және бөлінген ақшаның сомасы туралы мәліметтер берілді. Және сол ақшаның қалай жұмсалатыны туралы да ақпараттар берілді. Офлайн өткізілетін кезде үй-үйді аралайтын қызметкерлердің айлығы мен планшеттері жайлы да жазылды. Осы жолғы санақ бұрынғыға қарағанда, үнемді әрі дәстүрлі түрде өткізілді», – дейді.
Марат Тоқашбаев айтпақшы, жемқорлық жайлаған мемлекетте қай салаға болсын, жұмсалатын қаржыға халық та сенімсіздікпен қарайды. Оның үстіне, қазақтар үлесінің төмендетіп көрсетілуі, тіптен, күмәнді. Еске сала кетсек, осыған дейінгі жалпыұлттық санақтың барлығында кемшіліктің көп болғаны айтылған-ды. Мәселен, 1999 жылы жүргізілген алғашқы жалпыұлттық халық санағында Қазақстан халқының 2 пайызы тізімге енбей қалған-ды. Сонымен қатар, 2009 жылдың 25 ақпаны мен 6 наурызы аралығында өткен екінші жалпыұлттық халық санағында статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 144 млн теңгенің 764,8 млн теңгесін жымқырып, жеті жылға сотталып кетті. Ал орынбасарлары Нұрман Баянов алты жылға, Бiрлiк Меңдiбаев бес жылға бас бостандығынан айырылған-ды. Елдің сенімсіздігін ескеріп, «еститін мемлекет» құруды қолға алған Тоқаев билігі биылғы өткен ұлттық санақ туралы ашық есеп беріп қалар деп сенеміз. 8,2 млрд теңгенің есебі шықса, кімнің басы қайда қаларын да болжай беруге болады...