Ұлттық тағамдарымызбен неге мақтана алмаймыз?

Қай жерге барсаңыз да, өзбектің, ұйғырдың, түріктің, тіпті қытай мен үндінің асханасын кездестіріп жатамыз.
Бірақ қазақтың бауырсағы мен сірнесінен басқа тағамды көп кездестіре бермейміз. Осыдан-ақ, үлттық тағамдарымыздың ұлықталмай келе жатқанын аңғарамыз.
Рас, бірнеше қазақы нақыштағы, қазақы атпен асханалар мен кафелер ашылып жатқанын жоққа шығармаймыз. Дегенмен де, асханалардың мәзір кітапшасында европаның, дұнғанның, өзбектің, түріктің тағамдары толып тұрады, бірақ ұлттық тағамдарымыздың бірен-саран ғана түрін кездестіретініміз қынжылтады.
Одан бөлек, үлкен сауда орталықтарыңнан, кафелерден бөлек қарапайым базардың өзінде қазақтың тағамдары кездеспейді. Кездескен күннің өзінде бағасы өте қымбат. Қуырдақ – 12 000, ет – 5000 теңге. Сонымен қатар қымыз, шұбаттардың бағасы да аспандап тұрғанын бәріміз білеміз.
Бұл жөнінде Ақтауда жуырда ғана ұлттық тағамдарды сататын дүкеннің иесі Айгүл Сапарқызынан сұрауды жөн көрдік.
–Әрине, бүгінгі таңда дүкен, асхана, кафелер түгілі, қазағымның әрбір үйінде ұлттық тағамдар жиі дайындалады деп айта алмаймын. Дайындағанның өзінде бесбармақ, қуырдақ, бауырсақ, ауылды жерлерде құрт дайындалуы мүмкін. Кезінде ата-әжелеріміз қалтасына құрт салып, немерелеріне, кішкентай балаларға үлестіріп жүретін. Сондай-ақ әрбір қазақтың дастарханында міндетті түрде құрт пен бауырсақ үзілмейтін. Осы үрдісті біз неге жалғастырмаққа деген ниетпен жақында ұлттық сусындар мен тағамдар сататын дүкен аштым. Сатқанда да кез келген жентті, құртты, ірімшікті әртүрлі дәммен, пішінмен әсемдеп сатамыз. Бағалары да қолжетімді. Мәселен, жент пен шоколадты женттің бір қорабы –1000, 1500 тг, 1 кг түйе құрты – 2500 теңге, 1 кг түйе ірімшігі – 3000 теңге, 1 литр қымыз –1100 теңге болса, шұбат – 900 теңге болады. Бұл бағаны аса қыбат деп ойламаймын. Себебі, тапқан табысымыздың жартысы дүкеннің жалдау ақысына, басқа да ұсақ-түйек шығындарына кетеді, – дейді.
Ал ұлттық тағамдарды дәріптеумен айналысатын ғаламтор белсендісі Гүлжанар апа:
— Шыны керек, ұлттық тағамдарымыз кең көлемде дәріптеле бермейді. Асхана, кафелердің көбісі өзге ұлттардыкі, әрине олар өздерінің тағамдарын наисхаттағанды дұрыс көреді. Ұлттық тағамдарымызды қазіргі таңда асхана түгілі, әрбір қазақ шаңырақтарында да көп дайындалады деп те айта алмаймын. Қала түгілі ауылдың өзінде заманауи техникалардың арқасында бұрынғыдай табаға нан жабу дегендер де қалды. Келі мен келсап, күбі дейтін заттарды қазіргі келіндер біле де бермейтін шығар. Ал насихатталуына келсек, еліміздің белді асхана, кафелері ас мәзіріне ұмыт бола бастаған қамыр палау, өрметөс, нан салма, жұқпа тағамы, қарын бүрме секілді дәмі тіл үйіретін тағамдарды қосса, керемет болар еді, – дейді.
Әрине, біздікі Гүлжанар апамыз айтқандай, қарапайым әрі дәмі тіл үйіретін тағамдар көбірек насихатталса, шетелден келген қонақтарға ұялмай ұлттық тағамымыз бен сусындарымызды жатсынбай, мақтан етіп көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді.