Ұлттық жаңғыру жобасы аясында келелі жұмыстар жүргізілуде

Ұлттың ұлы мұратын паш ету – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті болып саналады. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық қоғамның мәдениеті мен ұлттық рух деңгейін арттыру мақсатында арнайы тапсырма берген еді.
Яғни, президент тапсырмасына сәйкес, Ұлы дала елінің бойында белгілі тарихи оқиғаларының себептерімен ұмыт қалған прагматизмдерді қайта түрлендіру арқылы ұлттық, қоғамдық ойға сілкініс әкелу.
Сондай-ақ ұлттық жоба арқылы халықтың санасын отаршылдық, кембағалдық комплекстерден тұтастай арылту басты міндетке кіреді. Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев та «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында ел дамуының жаңа бір жарқын белесі мен ұлттық сананы жаңғыртып, ұлтық кодтан айрылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлтіре отырып, ел игілігі үшін мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерді. Елбасының бағдарламасы мен Президенттің тапсырмасын негіздей отырып, еліміздің бірқатар өңірінде ұлттық жаңғыру жобасына қатысты жұмыстар басталып кетті. Атап айтсақ, былтыр ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігімен біріге отырып «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасы: негізгі бағыттар» тақырыбында брифинг өткізді. Онда 2025 жылға дейін оқушыларды еліміздің мәдени мұрасымен терең таныстыру мақсатында арнайы жоба дайындады. Әрі министрліктің қолдауымен 2007 жылдан бастап «Бір ел-бір кітап» оқу акциясы жыл сайын өткізіліп келеді. Сонымен қатар әр облыс, қала, аудандық тарихи-өлкетану мұражайларында көне замандардан бүгінгі күнге дейінгі өлке тарихынан мағлұмат беретін халқымыздың материалдық, рухани мәдениетінің құндылықтарын паш ететін көрмелер өткізіліп келеді. Және ұлттық рухани жаңғыру аясында республика бойынша кітапханаларда «Тыйым сөздің мәні» атты танымдық сағаттардың өтуі арқылы бүгінгі ұрпақ ұмыт қалған тыйым сөздер мен қазақтың нақыл сөздерін түсінуіне мүмкіндік болған еді. Сондай-ақ былтыр елдік сананы қалыптастыру балалар әдебиетінен басталатынын айтып, дабыл қаққан балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменовтің ұсынысымен биыл «Балалар әдебиетінің жылы» болып жарияланды. Осыған сәйкес, жазушы Бейсенбай Сүлейменов Мемлекет басшысына ұсыныс айтып қана қоймай, өзінің бір жылда бірнеше кітап шығарғанын айтады. «ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға ұлттық жаңғыру жоба аясында балалар әдебиетіне қолдау көрсетуін сұраған едім. Президент өтінішімді екі етпей, биылғы жылды «Балалар әдебиетінің жылы» деп жариялады. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға алғыс ретінде жазған хатымда «Енді жаңа бағыттағы балалар әдебиетін жазуымыз керек. Сондай-ақ балалар жазушысы мен журналистерінің мәртебесін көтеруіміз қажет» деп екінші мәселені көтердім. Міне, енді ұлттық рухани жаңғыру жобасына сәйкес, балалар мен жасөспірімдерге арналған оннан аса кітап жарыққа шықты. Өзім де мемлекеттік тапсырысты күтпей, «Горилла адам», «Туған күніңмен, Айтұмсық!», «Хан шатырынан Күн шатырына» кітаптарын «Оқитын ұлт» жобасы негізінде 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) тілдерінде 2 мың данадан шығардым. Әрі осы кітаптарды кітапханаларда, мектеп оқушыларымен кездесулерде тегін таратып жүрмін.» дейді жазушы.
Елімізде Ұлттық жаңғыру жобасының аясында атқарылып жатқан жұмыстар әлі де жалғасын тауып келеді. Әрі ежелден ұмыт қалған ата-бабамыздың ұстанған салт-дәстүрлері, тыйым, нақыл сөздері Жоғары оқу орындарында да ізденушілердің арасында кеңінен талқыланып, бүгінгі заманауи кезеңмен үйлестіріле отырып, жалғасын тауып келеді. Сондай-ақ кітапханаларда арнайы зағип балалар үшін арнайы жағдай жасалды. Ал ұлттық жаңғыру жобасының аясында насихаттап жүрген ақын-жазушыларға байқаулар ұйымдастырылып, лайықты марапаттар табысталатындығы министрліктің алдағы жоспарында қарастырылған.