Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:47, 17 Сәуір 2023

Ұлттық жобалар – халықтың өмір сүру сапасын жақсартады

None
None

Өткен аптада ҚР премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен келді.

Ол апатты жағдайдағы ауыл мектептері мен денсаулық сақтау нысандарында болып, жастармен және ауыл тұрғындарымен «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша кездесулер өткізді.

Президент тапсырмаларын орындау аясында білім беру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту мәселелері ерекше бақылауда. Мектеп тапшылығы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мен «Білім беруді қолдау» қорының көмегімен шешілетін болады. Соның нәтижесінде үш жыл ішінде өңірде 30-дан астам білім беру нысанын салу межеленген.

Қызылорда облысында медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін биыл облыстық қан орталығы мен мамандандырылған емханасы бар 300 орындық (онкологиялық бөлімшесі бар) көпсалалы аурухана, Арал ауданы Сексеуіл ауылында 40 төсектік аурухана құрылысын салу жоспарланған.

Ал жастарды жұмыспен қамту – аймақтағы өзекті мәселелердің бірі. «Жастар ресурстық орталығында» өткен кездесуде мемлекет ұсынған мүмкіндіктер туралы айтылды. Атап айтқанда, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу барысында жалақыны субсидиялайтын «Бірінші жұмыс орны» және оқу процесінде еңбек тәжірибесін жинауға көмектесетін «Жастар практикасы» жобалары іске қосылды. Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы 5-7 жылдан аспайтын мерзімге, жылдық 2,5%-дан бастап, икемді шарттармен 5 млн теңгеге дейін несиелер беру арқылы жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдайды. Биыл осындай жобаларды іске асыруға 1,2 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 7 өтінім мақұлданған. Бизнесті дамытудың тағы бір тәсілі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтары үшін өтеусіз грант табыстау.

А.Көлгінов жастармен белсенді жұмыс жүргізу, жастарға бағытталған қолдаудың барлық тетіктері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігіне тоқталды.

– Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар мәселелерін шешудің пәрменді тетіктері енгізілді. Оның ішінде жастарды оқыту, жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға көмектесу, тұрғын үй сатып алуына жәрдемдесу мүмкіндіктері бар. Көбінесе жастар өздеріне берілген мұндай мүмкіндіктер туралы білмейді. Ақпараттандырудың, кері байланыс орнатудың барлық тәсілдерін қолдану қажет. Өйткені жастарды қолдауға қаражат қарастырылып, толық көлемде бөлінетін болады, – деді премьер-министрдің орынбасары.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған. Оны Қызылорда облысында жүзеге асыруға 2023 жылы 3 млрд теңге қарастырылған.

Алтай Көлгінов «Баймұрат батыр» ауылы тұрғындарымен кездесіп, бағдарламаның шарттарына тоқталды.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өз бизнесін бастауға немесе бұрыннан бар бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін жеңілдікпен несие мөлшерлемесі енгізілді, бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Ауыл тұрғындарынан талап етілетін басты нәрсе – бастама көтеру мен жұмыс істеуге деген ұмтылыс. «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартудың тағы бір қадамы, – деді үкімет басшысының орынбасары.

ҚР премьер-министрінің орынбасары облыс әкімімен бірқатар ауыл мектептерін аралап, жұмыстарымен де танысты.

Алдымен Шиелі ауданы Иіркөл ауылдық округі Жансейіт ауылындағы апаттық жағдайдағы №133 негізгі мектеп жұмысымен танысты. Нысан – 1979 жылы салынған, ғимаратында ыңғайластырылып жасалған 6 сынып бөлмесі, мұғалімдер бөлмесі, медициналық кабинет бар. Спорт залы, асхана, акт залы жоқ, материалдық-техникалық базасы талаптарға сәйкес келмейді. Қосымша сабақтар, үйірмелер өткізуге мүмкіншілік жоқ. Мектеп оқушылары екі ауысымда оқиды, қазіргі таңда мектепте 90 оқушы білім алуда. Қазірде елдімекенде 0-6 жас аралығында 70 бала бар және алдағы уақытта оқушылар саны одан әрі артатын болады. Сондықтан мұнда жаңа білім ордасын салу қажеттігі бар.

Әрі қарай Алтай Көлгінов Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі Байсын ауылына барып, 250 орындық №207 мектеп құрылысын саралады. Екі қабаттан тұратын мектеп ғимаратын бас мердігер – «Авангард ПГС» ЖШС салуда. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 942,5 млн теңге, нысан бір жыл ішінде бой көтермек.

Бұдан бөлек, ҚР премьер-министрінің орынбасары Шиелі кентіндегі апаттық жағдайдағы №45 мектеп-гимназиясының жұмысымен танысты. Мекеме 1922 жылы ашылып, 1958 жылы бейімделген жобадағы мектеп ғимаратына көшірілді. Сыйымдылығы 640 орынды құрайтын ғимаратта қазіргі таңда 777 оқушы білім алуда.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және өзекті мәселелерді шешу, апатты және үш ауысымды мектептерді жою, педагогтарды қолдау, қалалық және ауылдық мектептердегі білім деңгейін теңестіру үшін жағдайлар жасалуда. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі биыл басталатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шешім табады, – деп атап өтті А.Көлгінов.

Мұнымен қоса биылғы жылы «Білім беруді қолдау қоры» есебінен Қызылорда облысында 5 мектеп салынады, оның ішінде дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты бар.

Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапары кезінде Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатын салу, тағы 1775 орынға арналған 4 мектеп құрылысын аяқтау «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын құрылыстар тізіміне енгізілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста алдағы 3 жылда 15 100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп салынады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Нәтижесінде 2025 жылы өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі шешімін тауып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалады.

Тегтер: