«Ұлттық жобалар» ұмыт қалған жоқ па?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу туралы тапсырма бергені белгілі.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, үкімет мемлекеттік органдар әзірлеген ұлттық даму жобаларын күн тәртібіне шығарды. Нақты айтқанда, ұлттық жобалар жалпыұлттық басымдықтарды, Ұлттық даму жоспарын және Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін әзірленді.
Мұндағы басты мақсат не? Ұлттық жобалардың басым міндеттері –экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Ал ұлттық жобалар бюджет қаражаты мен жеке инвестиция есебінен қаржыландырылады.Аты жақсы,құлаққа өте жағымды естілетінжобаларды қаржыландыруға 49 триллион теңге жұмсау жоспарланған. Оның 33 триллионы, яғни 67 пайызы – жеке инвестиция. Былай қарасаң, өте қомақты қаржы. Бұған не істеуге болады? Есеп беруге жоқ, бірақ цифрларды сөйлеуге шебер біздің үкімет қазір аталған ұлттық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып жатыр ма? Жалпы, жұмысты жариялық жағдайында істеген жақсы ғой. Бірақ дәл қазір ұлттық жобаларды қабылдағаннан бері бір жыл өтті. Мұның қайсысы тиімді орындалып жатыр, үкімет ұлттық жобаларды орындаудың қай деңгейіне жетті? Мұның бәрі де мәлімсіз күйінде қалып отыр. Өйткені Мамин үкіметі бастап, Смайылов үкіметі жалғастырып жатқан ұлттық жобалардан халық неге хабарсыз? Ал бұл жобалар 2025 жылы аяқталады. Жоғарыда айтылған 49 триллион теңге өз мақсатына жұмсалып жатыр ма? Негізі, бір нәрсе түсініксіз күйінде қала береді. Біздің үкімет жолдаудан жолдауға дейін ғана жұмыс істейтін сияқты. Енді біз сөз етіп отырған Ұлттық жобалар тізбесін халықтың есіне салып көрейік.
1. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы.
2. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы.
3. «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы.
4. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы.
5. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба.
6. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы.
7. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы.
8. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы.
9. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба.
10. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы.
Міне, аталған осы ұлттық он жобаның бірнешеуін біз бүгін талдап көрейікші. Енді «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын алып қарайық. Аталған жоба аясында 2021-2025 жылдар аралығында іске асыру есебінен 61043 жұмыс орны құрылады, оның ішінде, 830 тұрақты және 60213 уақытша. Біз үшін түсініксіз бір нәрсе бар. Қазақстан халқына негізі, тұрақты жұмыс керек қой. Ал сонда «Жасыл Қазақстан» жобасы бойынша бес жылдың ішінде тұрақты жұмысқа орналасатыны 830-ақ адам болып тұр ғой. Уақытша жұмыс орнын құрғаннан халыққа не пайда? Осындайда «уақытша жұмыс орнына кеткен қыруар қаржы-ай» демеске ләжің жоқ. Тізімде бес министрлік пен «АрселорМитталТеміртаудан» бастап, «Казфосфатқа» дейінгі үлкенді-кішілі жиырмаға жуық мекемелер атап көрсетілген. Жобаның кураторы – премьер-министрдің орынбасары Р.Скляр. Ал 2025 жылға дейін арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының экономикаға тигізер пайдасы қандай? Ұлттық жобаның паспортында «ел экономикасының өсуіне қосар үлесі жыл сайын 0,05-0,22 пайыздық тармақты құрайды», деп атап көрсетілген. Демек, қыруар қаржы жұмсалады, бірақ экономикаға тигізер пайдасы өте мардымсыз болып шығады ғой. Сондықтан «ұлттық жоба» делінген, «Жасыл Қазақстан» 2025 жылға дейін қомақты пайда әкеледі» дегенге сену қиын.
Енді тағы бір жобаны алып қарайық, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасына қарасты «Туған жер» арнайы жобасы аясында меценаттардың инвестиция көлемі – 7,2 млрд теңгеге жетеді», делінген. Бұл да аз қаржы емес.
Бес жылдың ішінде мәдениет объектілерін салу және жөндеу кезінде 7036 жұмыс орнын құру көзделген. Оның ішінде, тұрақты жұмысқа орналасатыны – 777, уақытша – 6 259 болып тұр. Ал Қазақстан халқына не керек? Ең алдымен, әл-ауқатын және әлеуметтік жағдайын бір қалыпты ұстап тұру үшін тұрақты жұмыс қажет. Бес жылдың ішінде «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында жоғарыда көрсетілгендей, тұрақты жұмысқа орласатыны –777 ғана. Тағы да уақытша жұмысқа орналастыруға кеткен қайран ақша-ай дейсің. Бұл – бір. Екіншіден, бұл «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы Назарбаев «жол салып кеткен» баяғы «Рухани жаңғырудың» жалғасы ма?
Жалпы, біздің елімізде айлық жалақыны ең аз алатын ауыл шаруашылығы қызметкерлері екені белгілі. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын 2019 жылғы 115,4 мың теңгеден 2025 жылы 230,8 мың теңгеге дейін арттыру көзделген. Бірақ сол 230,8 мың теңге осы саладағы еңбеккерлердің сұранысын өтей ала ма? 2025 жылға дейін инфляция мен өсіп бара жатқан бағаның өзі еңбеккерлердің аталған жалақысын жұтып қоймай ма? Анығына келгенде, мұның барлығы есептеліп, болжамды стратегиялық нақты жоба ретінде жасалынуы керек емес пе? Аталған жоба бойынша ауыл шаруашылығы саласында 500 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылады. Оның ішінде, 100 мың адамның ғана жұмысы тұрақты болып отыр. Біз тұрақты жұмыс орны дегенді неге айта береміз? Өйткені арнайы жоба жасалғанда, бізге оның уақытша екендігі емес, тұрақтылығы назарға алынуы керек қой. Енді осы жерден тағы бір сауалдың басы қылтиятынын айта кету керек. Қазақстан өз халқын азық-түлікпен қаншалықты қамтамасыз ете алады? Еуразиялық Экономикалық одаққа мүше елдердің арасында Қазақстан өзін-өзі азық-түлікпен қамтуда үшінші орында тұр екен. Еуразиялық Экономикалық одақтың ресми өкілі Ия Малкинаның дерегі бойынша, Беларусьтың өзін-өзі азық-түлікпен қамту мүмкіндігі – 94, Ресей – 90, Қазақстан – 83, Қырғызстан – 81, ал Армения – 73 пайыз шамасында. Сенуге тұрарлық дерек пе? Сеніммен айтсақ та, Қазақстанда мемлекет бақылауға алып отырған әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік бар. Сол аталған тауарлардың өзі бір жылда 18,1 пайызға қымбаттаған. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың дерегінше, «азық-түліктің әлемдік бағасы 2022 жылы да, 2023 жылы да жоғары деңгейде қалады». Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жалақысы мардымсыз болып шықпай ма? Әрине, біздің үкімет өзінің қауқарсыздығынан емес, кінәліні сыртқы сектордан, яғни инфляцияның жаһандық деңгейде үздіксіз қарқын алуынан көретінін қазірден-ақ біліп отырмыз.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба да тиімділігін көрсетсе жақсы болар еді дейміз. Отыз жылдың ішінде ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін Назарбаев жүйесі 50 пайызға да жеткізе алмады. Бүгінде жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 29,5 пайыз ғана. 2025 жылға дейін оның үлесін ұлттық жобада атап көрсетілгендей, 35 пайызға жеткізе аламыз ба, жоқ па? Мұның бәрін де уақыт көрсетер. «Ұлттық жоба» делінген аты дардай жоба ұтымды болса, жақсы. «Біз бағдарламадан ұлттық жобаға көштік» деп мақтана айтқанымызбен, 2025 жылдың аяғында ісіміз мардымсыз болып шықса, ең қиыны сол.