Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:02, 17 Тамыз 2022

Ұлттық жобаны игеруде озықтық керек

None
None

Жуырда премьер-министр Әлихан Смайылов санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына орай министрлер мен өңірлер әкімдерін жиып онлайн жиналыс өткізген еді.

Онда Қызылорда облысы ауыз су желілері бойынша оң нәтиже көрсеткен аймақ ретінде аталды.

Дегенмен, осы үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сала басшылары мен қала, аудан әкімдерін шұғыл жиып, оларға бірнеше нақты тапсырмалар жүктеді.

Елімізді қайтадан дендей бастаған індеттің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды саралаған аймақ басшысы эпиджағдайды қатаң бақылауда ұстауға, вирустың жаппай таралуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Одан бөлек, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасындағы аймақтың рөліне тоқталып, кемшіліктер бойынша қала, аудандар әкімдеріне сын айтылып, атқарылып жатқан істердің мардымсыз екенін баса айтты.

Сонымен, кемшіліктер бойынша атап өтсек. Мысалы, Ұлттық жоба аясында облысқа бөлінген 22 млрд теңге қаржының 2022 жылдың 1 тамызына дейінгі жылдық жоспардың игерілуі бар болғаны 33,8% құраған.

Бұдан бөлек шағын қалаларды дамыту аясындағы 4 жобаны іске асыруға қаралған 348,5 млн теңгенің небәрі 72 млн теңгесі немесе жылдық жоспардың 20,8% игерілген. Мәселен, Арал мен Қазалы аудандарындағы 3 жоба бойынша құрылыс жұмыстары әлі басталмаған.

Сондай-ақ «Ауыл-Ел бесігі» жобасының игерілу көрсеткіші де төмен. Яғни Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласында жылдық жоспардың игерілуі жартысына да жетпеген. Ең төменгі көрсеткіш Жаңақорған мен Шиелі аудандарында.

Әкім өз сөзінде, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларына бөлінген қаржының игерілуі төмен деңгейде екенін айтты.

Басқа өңірлермен салыстырғанда біз ең аз қаржы алдық. Биылғы жылға бөлінген онсызда аз қаржыны игермеу не кеш игеру ол бізге, жұмысымызға үлкен сын. Құрылыс жұмыстарын жүргізу уақытына қолайлы 3 ай мерзім ғана қалды. Ал күн суытқаннан кейінгі жұмыстардың сапасы дұрыс болмайтындығы белгілі. Сондықтан, жауапты басқарма басшылары, қала, аудандар әкімдері, өздеріңіз жетекшілік ететін салаларыңыз бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын 2-3 айдың ішінде аяқтау бойынша шараларды қабылдаңыздар. Тез игеремін деп жұмыстың сапасы төмендеп кетпесін. Бақылауда ұстаңыздар, – деген Н.Нәлібаев, алдағы уақытта Ұлттық жоба жұмыстарының атқарылуын назарда ұстайтынын, күзге салым тағы бір пысықталатынын ескертті.

Тегтер: