Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 16 Қараша 2021

Ұлты жоқ футболда ұтыс болмайды

None
None

Қазақта: «Жығылған күреске тоймайды» деген сөз бар. Иә, жығылған сайын күреске тоймайтын болдық.

Өткен аптада біздің аладоп қуған футболшыларымыз Франциядан оңбай ұтылды. Есеп – 8:0. Сүйекке таңба болатындай ойын. Ұялмаған адам жоқ. Бәрі бетімен жер басып жатыр.

Белгілі спорт журналисі Несіп ағамыз да күңіреніп жазыпты. Faceebok парақшасына салған постында Несағаң: «Қазақ футболының ең үлкен қателігі – Еуропамен ойнайтынында», – депті. Онысы рас. Картада Қазақстан Азияның қақ жүрегінде жатыр. Ұлттық олимпиадалық комитетіміз де Азияға қарайды. Ал футболымыз Еуропаға өтіп алған. Мұнда қандай негіз, қандай тәртіп, қандай қисын бар? Еуропамен ойнағанда тұрған несі бар, мықты елдермен ойнап өсу керек дейтіндер де кездеседі. Оған біз де сенгенбіз. Бірақ қанша жылдан бері Еуропа аралап жүрген қазақ футболының басқалармен тең түсіп жатқанын, өскенін көрген жоқпыз.

Еуропа – футболдың отаны. Кәрі құрылықтағы елдер өмірге аладоп арқалап туып, алаңда өседі. Ал біз ойыншыларды адам ақылы жетпейтін ақшаға шетелден жалдап аламыз. Олардың кім екені де белгісіз. Өз елінде үлкен ойынға шықпаған, жолы болмаған шағын клубтардың ойыншылары. Немесе негізі жоқ көше футболшылары.

Футболға бөлінген ақшаны санаудың өзі «қорқынышты». Қорқынышты деуіміздің себебі, Қазақстанның атын әлемге танытудың орнына, күлкіге қалдырып келе жатқан ойыншыларға есепсіз ақша бөлініп отыр. Саясаттанушы Мұхтар Тайжан соңғы 3 жылда қазақ футболына 105 млрд теңге бөлінгенін жазыпты. Осы есеппен қарайтын болсақ, 20 жылда аладопқа кеткен әлгі ақшаға бір шағын қала салуға немесе бір облысты орнынан тік тұрғызуға болар еді. Мұндай ақшаға 30 жылдан бері тұралап қалған медицинаны қолға алып, «өліп» бара жатқан ғылымды оңалтуға жетер еді.

Аяғына доп тоқтамайтын ондай ойыншыларды асырап-баққанша, сол ақшаға ауылшаруашылығын көтерсек, халықтың тұрмысын түзесек, ауыл мектебін жаңартып, спорт залдар салсақ, доп қуатын бала сол ауылдан да туар еді. Оған спортты ұстап отырған көкелердің ақылы жетпей жатқан жоқ. Олар ақылды. Ақылды болғаны соншалық, олар футболды ақшаға айналдырып жіберді. Осы саланы жақсы білетін спорт журналистерінің айтуынша, шетелден әкелген жалдамалы ойыншыларға берілетін ай сайынғы еңбекақының тең жартысы федерация басшыларының шотына түсіп отырады екен. Бұл туралы талай айтылып, талай жазылды. Тағы бір мәселе, ел намысын қорғайтын ойыншылар осы елдің топырағында тумай, өз елі, өз ұлты үшін намыстанбай, доп тебе алмайды. Бір сөзбен айтқанда, ұлты жоқ футболда ұтыс болмайды. Осындай бассыздықтардан кейін қазақ футболы қалай оңсын?

Тегтер: