Ұлтымыздың мерейін асырып жүрген
орыс пен корей ұлтының азаматтарын қазаққа теңеуге қақымыз бар!
Ұлты орыс болса да қазаққа болмысымен берілген бір адам кім десе, ол – Виталий Фадик деп батыл айтар едік. Бірегей жан Саран қаласында тұрып жатыр. Шаhардағы Абай атындағы мектепте көркем-еңбек сабағынан дәріс береді. Жігіт ағасы халық әндерін домбырада нақышына келтіріп шырқайды. Өз ісіне жауапты, ұжымда абыройлы. Әріптестері оны «Ұлт ұстазы» атағына лайық дейді. Ол – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, ұлтымыздың бір топ көне мұраларын шеберлікпен жасаған. Оның еңбектері қалалық, облыстық байқауларда таңдаулы жұмыстардың қатарына кірген. Виталий шәкірттеріне қазақтың көне жабдықтары мен аспаптарын ағаштан өрнектеп жасауға үйретіп келеді.
– Алғаш рет ор текенің мүсінін ағаштан жонып жасадық. Содан кейін, балалар оны домбыраның құлағына байлап тартқанда, мүсін саусақтың екпінімен қозғалды. Кейбір балалардың домбыра тартуға деген құштарлығы осылай оянды. Қазір күйдің ырғағымен ор текені билетіп жүрген шәкірттерім бар.
Сарандағы гуманитарлық колледждің кіре берістегі ауласында тұрған Абайдың шағын бюсті – Фадиктің қолынан шыққан туынды.
– Алдағы уақытта ұлы ақынның мүсінін жасағым келеді. Мектептегі мұражайға Жидебайдағы Абайдың үйінің және ондағы екі құдықты, екі ауызды пештің пластиктен жасалған кішігірім макетін жасап қойдым.
Виталий – қазаққа күйеу бала. Өмірлік жары – Жанар Демеуқызымен үш бала тәрбиелеп отыр. Перзенттері қазақ мектебінде оқиды. Өнегелі әке балаларын қазақ өнеріне құмартып өсуін қадағалап отырады.
– Қазақтың тілі, өнері ғана емес, барлық салты жақсы. Басқа салтты терең біле қоймаймын. Менің бойымнан кемшілік іздейтін жандар әуелі, осыны аңғарар еді. Қазақтың салт-дәстүрін, тілі мен ділін, дінін тағдырыма ұштастырғаныма ризамын. Ұлтым орыс болғанымен, жаным мен тілім – қазақ. Анам бізге «қай елде тұрсаң, сол ұлтты дәріпте», деп үйретіп кетті. Осы мемлекетте мекендеп жатқан ұлттарға «тым болмаса, қазақ тілін меңгерсеңіздер екен, дегім келеді», – дейді өресі биік жан.
Ал 18 жасында қазақ ауылындағы жігітке тұрмысқа шыққан қалалық корей қызы – Элла Кимнің аты мұқым Жаңаарқа ауылына мәшhүр. Бабаларымыздың жолын ұстанған корей ұрпағы қазақтың қаймағы бұзылмаған Бидайлық ауылында мекендейді. Жасы 63-ке келген қазақ келіні «әләулім-ай» деп ән шырқап, арғымақтың үстінен түспей келеді.
– Әкеме қазақ жігітімен бас қосам дегенімде, «шалғайдағы қазақ ауылында қалай тұрасың? Салт-дәстүрден хабарың жоқ, қазақ тілін білмейсің, мұның жөн болмас», деп шешімімнен бас тартуымды сұрады. Бірақ әкеме «бәрін меңгеремін» деп сөз бердім. Осы босағаға келін болып түскен сәтте, ата-енем қарсы болды. Бағыма қарай, үлкен атамыз «ештеңе етпейді, келін ертең-ақ үйреніп кетеді», деп оларға басу айтып, көндірді. Күні бүгінге дейін, үлкендерге берген сертімді ұстап келемін. Қазақ тілін еркін меңгердім, салт-дәстүрді күнделікті өмірде қолданысқа енгіздім. Уәдеге берік болу – өмірлік ұстаным. Аманатқа қиянат жасау – күнә, – дейді Элла Ким.
Үлкен отаудың келіндері қара шаңырақтағы Эллаға келіп жөн сұрайтындарын жасырмайды. Енесінің орнын басқан өнегелі Элла мейманға салатын малдың етін мүшелеп бөледі, онысын басқа келіндерге үйретіп келеді. Дастарханына ұлттық тағамдардың сан алуан түрін самсатып қояды. Ауылға келген қадірлі қонақтар Элланың үйіне келіп, дәм татады. Айтпақшы, қазақ келіні Бидайлық әжелер ансамблін құрған. Ол жетекшілік ететін көркемөнерпаздар жастарға ұрпақтар сабақтастығын өнеге етіп келеді.
Осыдан кейін, көңіл көкжиегінде оқшау ой қылаң берді. Бүгінгі қазақы болмысты отаншылдық рухы биік осындай асқақ тұлғалар сақтап тұрғандай.