Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:56, 24 Ақпан 2023

Ұлтымыздың жадынан өшпейтін күн!

None
None

105 жыл бұрын, 1917 жылы 12-13 желтоқсанда Орынборда өткен бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайында уақытша Ұлттық Кеңес түріндегі билік органы құрылып, оны Алаш Орда деп атау туралы қаулы қабылданды.

Үкімет төрағалығына көпшілік дауыспен Әлихан Бөкейхан сайланды.

Әлеуметтік желіде журналист Төлен Тілеубай жазғандай, бұл – қазақтың ұлттық жадынан өшпейтін күн! Бұл – тәуелсіздігіміздің тарихына таспен жазылған күн! Қазақтың азаттығының артында Алаш арыстары тұр. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлер бостандықтың жолында күресіп, құрбан болды. Алаш қайраткерлері ұлттық мәселені ұлттық мемлекет құру арқылы ғана шешуге болатынын сөзімен ғана емес, ісімен дәлелдеді.

Соңғы жылдары Алаш баласын қуантқан жаңалықтың бірі – кеншілер қаласы Қарағандыдағы Октбярь ауданының Әлихан Бөкейхан ауданы болып өзгеруі. Осылайша, арқаның төріндегі қасиетті мекенде қазақтың санасын отарсыздандыруға батыл қадам жасалды! Виктор Цой сияқты рок әншісіне еңселі ескерткіш орнатқан Қарағандыда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ескерткіші жоқ! Я болмаса, шахтерлер шаһарының орталығындағы кезінде кеңес үкіметіне жанын салып қызмет еткен Әлиханов, Язев, Төлепов сияқты партократтардың есімі берілген көшелерге Әлихан Бөкейханның, Ақбайдың Жақыбының, Смағұл Сәдуақасұлының, Мұстафа Шоқайдың аттарын берсек, Алаш арыстарының рухы алдындағы перзенттік парызымызды орындаған болар едік.

– Украин халқынан үлгі алып, көше, аудан, жер-су аттарын кеңестен қалған атау, таңбалардан тазалайтын уақыт жетті! Украина 2015 жылы кеңес және нацизм символикасына тыйым салатын заң қабылдап, 2 жылда Лениннің 1320 ескерткішін құлатты. Ал тәуелсіз Қазақстанда Лениннің атындағы көшелер әлі бар. Осы көшелерді Алаш қайраткерлерінің, Желтоқсан қаһармандарының және Қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күрескен батырлардың есімдеріне ауыстырайық, ағайын, – дейді ол.

Айта кетсек, биыл 18 қаңтарда премьер-министр Әлихан Смайылов мәжіліс депутаттарының 12 желтоқсанды «Алаш күні» деп ресми белгілеу туралы сауалына жауап берген болатын.

«Тәуелсіздік күнінің қарсаңындағы 12 желтоқсанды – «Алаш күні» деп ресми белгілеуге қатысты депутаттық сауалға келесіні хабарлаймын. Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде. Мемлекеттік комиссия өз құзыретіне сәйкес 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық, заңды және саяси тұрғыдан ақтау мәселелерімен айналысуда. Жыл сайын «Ақ жол» партиясының бастамасымен ұйымдастырылатын «Алашқа тағзым» шеруі мен жылдағы дәстүр бойынша 31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жоғары деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта көтерілген мәселе Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылатын болады», – деп атап өткен болатын Әлихан Смайылов өз жауабында.

Тегтер: