Ұлы дала әкімдері. Орынбеков қана емес, Қарашөкеев те көшу керек
Ұлы дала деп атау берген 15-ші шағын ауданда мәселе шаш-етектен
Әулиеатаға әкім болған Ербол Қарашөкеевтің алғашқы жұмыс күні дау-дамаймен басталды. Мемлекеттен берілетін бір реттік қаржылай көмек пен балаларының ыстық тамақтан қағылып отырғанын ашына айтқан Ұлы дала шағын ауданынан келген бір топ көпбалалы ата-ана жаңа әкімнің жайлы кабинетінен шығып, өздерімен кездесуді талап етті.
«Балаларымызды жекеменшік мектепте ақшамыз асып-тасығаннан емес, мемлекеттік мектептің болмауынан амалсыз оқытып жатырмыз» деген олар күте-күте Қарашөкеевтің қарасы көрінбеген соң шенділерді аяқтарынан тік тұрғызып, әкім кабинетінің алдына барды. Жаңа әкім жұмсақ креслосынан тұрып, ата-аналармен жиын өткізуге мәжбүр болды.
Өз кезегінде өңір басшысы жекеменшік мектептердегі балаларды да тегін тамақтандыру мәселесі министрлікте қаралып жатқанын, алғашқы жұмыс сапарын ертеңмен 15-ші шағын ауданнан бастайтынын, арнайы баратынын айтты.
Ұлы дала деп атау берген 15-ші шағын ауданда мәселе шаш-етектен. Құрылысы басталғалы 6 жылдан асып бара жатқан, 150 көпқабатты тұрғын үй салынған еліміздегі ең үлкен шағын ауданда әлі бірде-бір әлеуметтік мекеме салынып біткен жоқ. Мемлекеттік мектептер мен балабақшалар болмағандықтан тұрғындар қаланың әр қиырындағы білім ордаларына тасуға мәжбүр. Онда да көлігің болмаса, азап. Бұл шағын ауданның ішкі жолының шаңы шығып, жаңбыр жауса лай-батпаққа батып қалады. Қоғамдық көліктерді сарылып ұзақ күтуге тура келеді. Таңертеңгілік лық толып, сыймай жатады. Жақын маңдағы жекеменшік мектептерге баласын берген көпбалалы ата-аналардың жеңілдіктерден қағылып отырмыз деп зар илеуі сондықтан.
Қарашөкеев уәде еткеніндей ертесіне Ұлы дала шағын ауданын аралап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Балалар ойын алаңшаларын көріп, ең болмаса құм төсеп қойсаңдар қайтеді деп қабақ түйді. Бір сәт өзі де қақпаға тұрып, балалармен ойнаған болды.
Ұлы дала ауданында қазір төрт мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қараша айында 1200 балаға арналған су жаңа ағарту ошағы мерзімінен бұрын пайдалануға берілетіні айтылды.
Мұндағы мектеп, балабақша, медициналық мекемелер, жолы, тағы басқа мәселелерді жеделдетіп, құрылысының сапалы болуын тапсырған Жамбылдың жаңа әкімі Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтен қайда тұратынын сұрап, «Осы шағын ауданға көшіп келсеңізші. Сонда бұл жақтағы мәселелерді жылдамырақ шешетін шығарсыз» деп қағытты.
Орынбеков бұл ұсынысты қабыл алып, жүгін жинастырып, Ұлы даланың тұрғыны бола ма, әлде басқа қалаға көше ме, оны енді уақыт көрсете жатар. Олай дейтініміз – басқа жақты қайдам, Жамбылда облыс әкімі ауысса, міндетті түрде көп ұзамай Тараз қаласына жаңа әкім тағайындалады. Яғни облысқа жаңа келген әкім қалаға өз адамын әкеледі. Мысалы, арыға бармай-ақ, Сапарбаев келгенде Қарабалаев жиналыстарда жиі сөз естіп, ақыры өз өтінішімен орнын босатты. Қала тізгіні Жылқыбаевқа тиді. Содан өңірге Нұржігітов әкім болды да, мақтаулы Жылқыбаев «отырса опақ, тұрса сопақ» болды. Көп ұзамай, Жылқыбаев та жүгін жинап, орнына осы Орынбеков келген болатын. Енді Қарашөкеев те облыс орталығына өз кадрын әкелгенше, қала әкімінің төбесіне қамшы үйіруін қоймайтын болар деп топшылаймыз.
Қарашөкеев Әулиеатаға әкім болып келген күні Орынбековке де Таразға әкім болғанына 1 жыл толған болатын. Қалалық әкімдіктен бірер күн бұрын хабарласып, сол күні зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақырып қойған еді. Бірақ ол күні облыс әкімі ауысып, Орынбеков «1 жылда ананы істедік, мынаны қатырдық» деп көсіле алмады.
Осылайша, Қарашөкеев кабинетіне келген бір топ ата-ананың арқасында Ұлы дала шағын ауданын аралап, шаңы шығып жатқан жолымен жүріп, жауапты шенеуніктердің шаңын қағып қайтты. Мүмкін, бұл шағын аудандағы қордаланған мәселелердің жылдамырақ шешілуі үшін Қарашөкеевтің өзі көшіп келуі керек шығар…