Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:48, 30 Желтоқсан 2020

«Ұлы дала зарына» үкімет пен бизнес неге үн қатпады?

None
None

ХХ ғасыр  исі  қазақтың  басына зобалаң  туғызған  өте  бір ауыр кезең  болды.  1921-22 жылдардағы ашаршылық, 1928-29 жылдардағы тәркілеу, колхоздастыру, 1931-32 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін – осының бәрі қазақты баудай түсірді.

1937-38 жылдары 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңы атылып кете барды. Атылғандардың дені қазақтың беткеұстар, көш бастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық Алаштың арда ұлдары еді. Қазақ  үшін  ең  бір нәубетті кезең  – 1931-32  жылдардағы  8 миллионнан астам қазақты жалмаған ашаршылық кезеңі.

Иә, ХХ  ғасырда қазақ  мың өліп,  мың  тірілді.  Кешегі  кеңестік  дәуірде  бұл  жөнінде ашық  айтуға  болмайтын еді. Еліміз  тәуелсіздікке қол  жеткізген соң  ғана Қазақ  елі  бастан кешкен  сол бір зұлмат  заманның  құпиясы ашыла бастады.  Соның бірі һәм  бірегейі – жақында  көрерменге  жол  тартқан «Ұлы  дала  зары» атты көркем  фильм. Фильмнің  продюсері Ернар Мәліковпен  жолығып, кино  жөнінде  әңгімелескен  едік.

– «Ұлы  дала  зары» қазақтың  басына  түскен нәубет  кезеңге арналған  бірегей  фильм екен.  Көріністер өте ауыр.  Дегенмен  ащы  шындық  қамтылған. Бұл  фильмге  қалай келдіңіздер,  идея авторы кім,  қалай  түсірілді дегендей... 

– Ашаршылық  нәубеті туралы кино  түсіру идеясын бұдан бес  жыл  бұрын  ойға  алған болатынбыз. Көп  ойланып толғандық. Тұтас  бір  ұлттың  төрттен үшін  опат  қылған   ашаршылық кезеңін  кино етіп түсірсек, алып  шыға  аламыз  ба,  жоқ па  деген  көңілде алаң  тұрды. Дегенмен тәуекелге  бел  байлап, сценарийді үш адам жазып шықтық. Соның бірі – осы фильмнің  режиссері Марина Кұнарова. Көбі ұлты орыс деп ойлайды. Бірақ ол орыс емес, қазақтың қызы. Қаншама  шаң  басқан  деректерді  ақтардық.  Ресей,  Украина, Франция, АҚШ  секілді елдердің  мұрағаттарында ашылмай,   сақталып  жатқан  дерек-дәйектерді алдық. Мұның өзі  оңайға   соққан  жоқ. Өйткені  қазақтың басынан  өткен сол  бір зұлмат жылдардың  мейлінше ақиқатын ақтару керек болды.  Кезінде атам жарықтық осындай оқиғалардың болғанын әңгімелеп отырушы еді. Сценарийге неге  бүркітшіні  қосқанымызға келсек, аштық  кезінде бір бүркітшінің бүкіл бір ауылды бүркітімен аң аулап асырағаны жөнінде шешем көп айтушы еді. Мұны  фильмге  өзек етіп алдық.   

– Білуімізше, фильм  әзірге онлайн  форматта, ақылы түрде көрсетіліп  жатыр екен.

– Иә, фильм қазір онлайн форматта, ақылы түрде көрсетіліп жатыр. Себебі www.cinexus.kz сайтының әкімшілік жүйесі сондай. Бағасын бастапқыда 500 теңге деп қойып едік, бірақ  олар 700 теңге деп бекітті.  «Ұлы  дала  зары»  фильмі биыл «Оскар» және «Алтын глобус» жүлдесіне  «Шетел тіліндегі үздік фильм» жүлдесіне ұсынылған. Олардың талаптары бойынша осылай «демо» түріндегі үлгісін өз мемлекетіміздің территориясында көрсетуіміз керек екен. Бұл қысқарған нұсқа 1 сағат 48 минут. Толық нұсқасы 2 сағат 17 минут. Толық  нұсқасымен  көрермен кейінірек  таныса  жатар  деген  ойдамыз.  

– Фильм барысы шынайы оқиғаларға негізделген. Адамның ішек-қарнын жеп, сүйегінен  сорпа жасау сияқты жантүршігерлік көріністер бар. Мұндай  көріністерді түсіру қиын болған жоқ  па?

– Біз  қолдан келгенше сол  зұлматтың   ақиқатын ашып көрсетуге  тырыстық.  Аштық  кезінде адамның етін жеу, тағы сол сияқты сұмдықтар болғаны ащы  шындық. Шолақ  белсенділер «асыра  сілтеу  болмасын, аша  тұяқ   қалмасын, қайтсек жоспар орындаймыз» деп, қазақтың төрттен үшін    аштан қырып  тастады. Тіпті сол кездегі  40  миллионға  жуық  мал  басынан  4-5 миллион  ғана қалды.  Бұл  трагедия  емей немене? Қазақ  баласы ол кезде  мал бағып күн көрген.  Мал кетті, малмен  бірге  қазақ қырылып  қалды.

– Киноны  түсіру  барысында  үкіметтен  не  болмаса  ұлтым дейтін  кәсіпкерлер тарапынан   көмек  болған  шығар?

– Ақиқатын айтайын, үкімет те, қалталы кәсіпкерлер де соқыр  тиын  қосқан жоқ. Бизнестің басы-қасында жүрген азаматтармен де кездестік, өкіметтен де көмек сұрадық. Біреуі де бас көтеріп көмектеспеді. Мен бұл фильмді түсіруді мақсат еткен себебім: егер қазір біз түсірмесек, кейінгі ұрпақ түсіре ала ма? Қайткенмен де уақыт өтіп бара жатыр. Осылай жабулы қазан жабулы күйінде қала берсе, бәрі көмескіленіп ұмыт боп қалуы да неғайбіл емес пе?! Ғасырға   жуық уақыт ақиқаттың айтылмай келе жатқанын көріп-біле тұра, шыдай алмадым. Басымды бәйгеге тіктім де, түсірдім. Өздерінше ескертіп, қорқытпақ болғандар да кездесті.  Оларға беретін менде тек бір ғана жауап болды: ол – аштықтан  миллиондап  қырылған  қандастарымнан, елім-жерім деп  жүріп құрбан  болған Алаштың  арда  ұлдарынан менің жаным артық емес.

– Басты кейіпкерлерді сомдаған актерлер қалай таңдалды? Оларға қойылған басты талаптар қандай еді?

– Кастинг, іріктеу жұмыстары кезінде әр образды кім алып шыға алатыны жайлы шығармашылық топтың арасында көп ойталқы болды. Мықты деген актерлердің ішінен Айбар Таңғыт,  Сафуан Шаймерденов, Дулыға Ақмолда, Саяжан Құлымбетованы таңдап алдық. Олар кастинг кезінде өнерлерін керемет көрсетті. Өз кейіпкерлерінің образдарын қалай  алып шыққандарын фильмді тамашалап баға беруге болады. Ал басты кейіпкердің бірі, Нүрияның рөлін сомдаған Саяжан Құлымбетованың бұл алғашқы басты рөлі.

– Фильмнің толық нұсқасы қалың көрерменге қашан жол тартпақ?

– Келесі жылдың наурыз айында жарыққа шығады деп жоспарлап отырмыз. Қазір графикасы жасалып, түстерді коррекциялау жұмыстары жүріп жатыр. Үкімет тарапынан ешқандай көмек болмаған соң, өз қалтамыздан қаражат шығарып, қолымыздан келгенше тырысып жатқан  жайымыз бар.

— «Оскар» жүлдесіне жүздеген мемлекеттің фильмдері қатысады. Ең басты жүлдеге «Ұлы дала зары» фильмінің басты бәсекелестері қандай фильмдер деп ойлайсыз?

— Дәл қазір кесіп айту қиын. Дегенмен де Рессейдің миллиардер продюсері Алишер Усманов пен режиссер Андрей Кончаловский түсірген  «Дорогие товарищи!» деген фильмін көремін. Неге десеңіз, фильмнің форматы мен саяси идеологиясы ұқсас. Олардыкі де кезінде Кеңес өкіметінің халыққа жасаған қиянаты және антисоветский фильм. Тарихи драма. Ақшалары жетеді. Сыртынан қарап қызығасың да, терең ойға батасың. Ал бізге бес жыл болды, көк тиын бөлінбеді. Өз дүние-мүлкімізді сатып, қарызданып-қауғаланып жүріп бітірдік ақыры.

Дәл қазіргі сәтте Американың  50 штатында шашылып жатқан 14 мыңнан   астам академиктің даусын жинау үшін «Ұлы дала зары» фильмінің  PR компаниясы Америкада шұғыл түрде бастауымыз керек. Қаржы жоқтың қасы. Үкіметтен «ақша жоқ» деген хабар алдық. Ал академиктер осы желтоқсан мен келесі жылдың қаңтар айында дауыс беруін аяқтап, 10 фильмді қысқа тізімге іріктеп алады. Бізге қаржы дәл қазір керек.  Сондықтан қазақ халқынан ғана үмітіміз бар. Кім қанша көмек жасай алады? Көмек жасаймын деген азаматтар www.cinexus.kz онлайн кинотеатрға кіріп, 700 теңгеге фильмді көріп, сол жерде қайырымдылық көрсету түймешегінде шамасы келген соманы аудара алады.

Ал екінші бәсекелесіміз  Саша Коэн түсірген «БОРАТ-2» фильмі деп ойлаймын. Қазақ халқын мазақтап, келекелеп түсірген фильмін бүкіл дүниежүзі «Оскардың» бас жүлдесін алатын кандидаттардың бірі деп айтып жатыр. Үкімет пен байлар көмектеспесе де, Алла тағаламыз қолдап, ата-баба аруағы қолдайды деп үміттенеміз.     

Тегтер: