«Ұлы даланың жеті қыры» жастардың рухын көтере алды ма?

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұнды мақаласы тарихымыздың жеті қырын көрсетіп, өткенімізді тарих тұғырына шығара отырып, терең білуге шақырады.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына негізделген десек болады. Мақала екі бөлімнен тұрады. «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталатын бөлімде «Атқа міну мәдениеті», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы» тәрізді тараулар ұсынылса, «Тарихи сананы жаңғырту» атты екінші бөлімде «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» тақырыптары қамтылған. Мақала ұлы даланың жеті қырын айқындай отырып, оны насихаттауды көздейді. Халқымыздың ұлттық қазыналары жан-жақты насихаттала отырып, осы бағыттағы жұмыстар жүзеге асып жатқанын білеміз.
Аталған жобаны жүзеге асыруда еліміздегі саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, өнертанушылар, тарихшылар мен деректанушылардан құрылған арнайы топ әр бағытта жұмыс жасап жатқанынан да хабардармыз.
Халқының салт-дәстүріне, мәдениетіне, тарихына сүйіспеншілігін оятып, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу ең алдымен мектептен басталатыны сөзсіз. Сондықтан мектепке, мұғалімге жүктелетін міндет зор болса керек. Ұлт тарихын, тілін, ділін санаға сіңіру әр жас ұрпақ үшін маңызды болғандықтан, осы бағыттағы жұмыстың дұрыс жолға қойылуы қажет. Білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан жұмыстар осы мақсатты негізге алатыны анық.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» бөлімі халқымыздың дара тұлғаларын, олардың шығармаларын насихаттауды негіз етеді. Бұл қазақ тілі мен әдебиеті пәнімен тікелей байланысты. Біз сөз етіп отырған ұлы дала әлем мойындаған әл-Фарабиді, Ясауи мен Күлтегінді, ақылы асқан билік иелері Бейбарыс, Әз Тәуке мен Абылай, Кенесарыларды, дана Абайды, ғұлама Шәкерімді және басқа да көптеген ұлы тұлғаларды дүниеге әкелді. Олардың өмір жолы, шығармалары, ақыл-кеңестері бүгінгі ұрпаққа үлгі. Сондықтан олардың ізгі мұралары оқу-тәрбие процесінде таптырмайтын құрал.
Қазақстан күллі түркі халықтарының қасиетті қарашаңырағы іспеттес. Сондықтан ортақ мұраларды әлемдік тұрғыда насихаттау аса қажет.
Өзінің төл тарихын білуге құштар, оны бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болатыны сөзсіз. Өткен тарихты мақтан етіп, бүгінін нақты бағалай білетін және болашаққа сеніммен қарайтын ұрпақ тәрбиелеу мұғалімнің алдында тұрған міндеттердің бірі болса керек.
Осыған орай, мектепте эссе, ғылыми жобалар байқауын өткізіп, әртүрлі іс-шаралар арқылы оқушылардың ел тарихына, тіліне, мәдениетіне деген құрметін арттыру көзделуде. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу – біздің ұстаздық жолымыздағы міндетіміз.
Жаңартылған білім мазмұнына негізделген сабақтардың жоспарында «Құндылықтарды игеру» деген бөлім бар. Бұл біздің әр сабағымызда жоспарланады. Яғни әр сабақта оқушылардың ұлттық құндылығымызды игеруіне ықпал етуіміз керек. «Мәңгілік ел» идеясының жеті құндылығын негізге ала отырып, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының идеясымен ұштастыру біздің жұмысымыздың нәтижелі болуына әкеледі. Сондықтан
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының жастар тәрбиесіндегі рөлі жан-жақты. Ел ертеңі – жас ұрпақты тәрбиелеуде маңыздылыққа ие.