Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:32, 18 Қараша 2022

Ұлы ел – халқының тұрмысы жақсы ел

None
None

Қазақпыз ғой, кей нәрселерді байқамаймыз. Ата-әжесі Қазақстанда тұрған, өзі Алматыда туып-өскен Николай Руднев деген блогер Қазақстандағы орыстың өмірі жайында бар шындығын жайып салыпты:

– Мен де, менің әке-шешем де күнделікті тіршілікте ұлт жайында еш ойланбаймыз.

Өйткені Қазақстан көпұлтты. Егер біреу жаман қылық жасаса, ешкім оған ұлтын меңзеп сөйлемейді. Жексұрын адам жексұрын, оның ұлты ешкімді қызықтырмайды. Осы жағынан Қазақстан деген керемет ел.

Бірақ сонымен қатар, Қазақстандағы көп адам ресейлік телеарналарды көреді, ресейлік блогерлерді тыңдайды. Әсіресе үлкендер жағы. Оларды тыңдасаң, жер бетінде Ресей деген керемет ел бар, орыстардың туған мемлекеті дейді. Құрамында бірнеше республика бар екенін ұмытып, бұл «орыстардың мекені» дейді екен. Ұлы Ресей мемлекеті дейді. Одан басқа елдердің не себепті Ұлы емес екенін айтпайды. Сосын ойланасың, «менің жерім» сол екен деп. Сосын күндердің күні сол бір керемет деген елді көруге барасың. Сөйтсең, біріншіден, ол елде сен ешкімге түкке қажет емес екеніңді түсінесің. Ол елде түк керемет жоғын көресің. Құлайын деп тұрған ескі-құсқы үйлер, жырым-жыртық жолдар. Басқа түк жоқ. Мен Ресейдің 10-15 қаласында болдым, «ә, мынау керемет екен» дейтіндей ештеңе байқамадым. Иә, Мәскеу деген бай қала. Бірақ ол жерде тұру мүмкін емес, мен үшін. Ол жақта полицей немесе гаишник сенің қазақстандық құжаттарыңды қолына алғанда, саған менсінбей, төбеден қарайды екен. Өйткені сені қазақ, «екінші сортты адамсыңдар, біздің елге неғып қаңғып келіп жүрсіңдер» дегендей жаман көзбен қарайды. Сондай кезде түсінесің, Ресейде қызығатындай ештеңе жоғын. Мен 2012-2015 жылдары тұрдым Ресейде. Сол кезде анық түсіндім, менің шын отаным – Қазақстан екенін. Өзімнің Қазақстаныма, қазақтың менталитетіне ештеңе жетпейтінін ұғасың. Өз Отаныңның атмосферасы басқа, оны сөзбен жеткізе алмайсың, оны сезіну керек.

Ресейлік пропаганда «Қазақстанда қазақтар орыстарды қудалап жатыр» деген байбаламды көп салады. Бірақ мені мұнда өмірімде ешкім орыссың деп шеттеткен емес. Құжаттардың бәрі, маңдайшадағы жазулардың бәрі қазақ тілімен қатар орыс тілінде қоса жүреді. Осы үшін ғана орыс халқы Қазақстанға шексіз алғыс айтуы тиіс. Меніңше, қазақтар өте ақылды, дана халық. Ең кемінде екі тілде қатар сөйлейтінінің өзі ақылдың белгісі-ау.

Басқаларды білмеймін, бірақ мен өмірі: «ойбай, мен ұлы орыс екенмін, ресейлікпін» деп мақтанатындарды түсінбей өтетін шығармын. Сенің ұлтың кім емес, сенің қандай адам екенің маңыздырақ деп санаймын.

Әрине, Қазақстан да өкінішке қарай, мінсіз ел емес. Бірақ елдің Ұлы болғаны – президентің кім, армияң қандай, қанша қаруың бар дегеннен емес, кәдімгі қарапайым адамдардың тұрмысымен байланысты. Халықтың жалақысы қандай, елдегі медицина қандай, білім беру деңгейі қандай. Елдің ұлылығын осыған қарап айту керек деп санаймын. Билік басындағылары ғана емес, әрбір адамы өркендеген, бақуатты болып, жайлы өмір сүретін ел – Ұлы.

Ресейдің ұлылығы гегемония, бүкіл әлемді қорқыту, «орыстар басқа халықтардан артық» деген сандырақ дүниелерге негізделгенін көріп отырмын. Олар неге Қазақстанды өз империясының бір бөлігі санайтынын түсінбеймін. Қазақстан деген бөлек, жеке-дара мемлекет. Бізге неге тұмсығын тыға береді? Ресейдің кей депутаттары Қазақстанда орыстарға қысым жасап жатыр деп зарлап жатады. Оларға қояр сұрағым бар, не шатақтарыңыз бар бөтен елде? Ондай мәселелерді өзіміз-ақ шешеміз. Шындығында Ресейдегі елес орыстар бізге ешкім емес, ал сенімен бірге өскен, өмір бойы аралас-құралас болған қазақтар саған әлдеқайда жақын. Шын туысың солар, – деген екен блогер.

Тегтер: