«Ұлы көш күні» пайда болады

Жақында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Президент Қ.К.Тоқаев қандастарымыздың өз ата жұртына оралуы туралы тақырыпқа тағы бір тоқталды.
Ұлы көш осыдан отыз жыл бұрын 18 қарашада басталғанын еске алып, тарихи рөлі зор бұл күнді атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін Үкіметке жан-жақты қарастыруды тапсырды. Сонымен қоса, шекарадағы аймақтарды дамытуға да аса мән берді. Себебі соңғы кездегі шекара бойындағы халықтың саны азайып бара жатқаны ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе екенін алға тартты.
18 қарашаны «Ұлы көш күні» деп атауды жақында қандастарымыздың бірі, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек ұсынған болатын. «Міне, «18 қараша» Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен кәсіби мерекелер мен аталып өтетін күндердің тізбесіне енгелі жатыр. Демек, енді оған атау қоюымыз керек. Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шығыстану кафедрасында профессоры, қазақтың көрнекті жазушысы Тұрсынхан Зәкенұлымен ақылдаса отырып, біз бұл күнді «ҰЛТТЫҚ КӨШІ-ҚОН КҮНІ» деп атағамыз. Президент тапсырмасынан кейін, бұл атау талқыға түсті. Бұл – шын мәнінде Елбасымыздың алыстағы ағайынды Атажұртына көшіруге арналған Ұлы еңбегіне сай жасалып отырған мереке екенін естен ешқашан шығаруға болмайды! Біз – Көшпенділерміз! Немесе, көшпенді халықтың ұрпағымыз. Көш – қазақ халқы үшін киелі ұғым!» дейді ол.
Расымен, Елбасының тапсырмасымен 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кабинеті «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ ССР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 Қаулы қабылдады. Бұл құжатта сырт жерлерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-іне қалай әкелудің тетіктері мен жолдары қарастырылды. Соның арқасында алыс-жақындағы ағайындардың атажұртқа оралуы үшін барлық мүмкіндік жасала бастады. Мысалы, 1991 жылы 31 желтоқсанда Елбасы Қазақ радиосынан қандастарды атажұртқа шақырған тарихи Үндеуін жариялады. Ал 1992 жылғы 26 маусымда «Көшіп келу туралы» Заң қабылданды. 1992 жылы 1 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі жанынан Халықтың көші-қон департаменті құрылған болатын.
Соның нәтижесінде бүгінгі таңда 1 жарым миллионнан астам қазақ атажұртына оралды. Қазір еліміздің әр сала бойынша дамуына үлес қосып келе жатыр. Дегенмен, соңғы кезде көш қарқыны бұрынғыдай болмай тұрғанын айтады «Отандастар қорының» бас үйлестірушісі Марат Тоқсанбаев. «Қазіргі кезде көштің бәсеңсіп қалғаны байқалып жатыр. Өйткені 2009-2010 жылдары Елбасының тапсырмасымен әр күнтізбелік жылға 15 мыңнан 20 мыңға дейін отбасы Қазақстанға көшіп келетін. Қазір «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жылына 1 мың немесе мың жарым адамға ғана квота беріліп жатыр. Сондықтан квотаны көбейтсе екен деген тілек бар» дейді ол.
Жалпы, бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы боп сайланған кезден бастап назардан тыс қалдырған жоқ деуге болады. 2019 жылы берген сұхбатында «Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деген болатын.
Шыны керек, қоғамда «сырттан келген» дегендей ой қалыптастырған, өзектен итеріп тұрғандай естілетін «оралман» деген сөзді екі жыл бұрын Мемлекет басшысы «қандас» деп те ауыстыруды ұсынған.
‒ Мен бұдан бұрын да тарихи отанына келген қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартып, «қандас» дегеніміз жөн болады деген едім. Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады, — деп жазды Президент twitter парақшасында.
Келер жылында ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Қазақстанда «оралман» сөзінің орнына ресми түрде «қандас» сөзі бекітіліп, онда: «Қандастар — тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақтар», — делінген.
Қандастар көші тұрғысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да айтқан: «Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді-мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз», — деген еді Президент.
Тарих ғылымының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожа ағайындарды Отанына қайтару бойынша бағдарлама жасалып, дұрыс саясат құру қажет-ақ екенін айтады.
‒ Елбасы саясатының ең үлкен, мәңгілік есте қалатын, ұлтты ұйыстыратын және қазақ халқының күшін біріктіретін құдіретті жұмыстарының бірі – осы. Алайда жақсы іске асып келе жатқан бұл саясатқа орта жолда кедергі келтірген жағдайлар бар. Соған қарамастан, қазіргі есеп бойынша Қазақстанға 1 млн 800 мың адам келіпті. Бұл жақсы. Ендігі мәселе, еліміздегі шекаралық аудандар бос қалып жатқандығы. Себебі шекарада ел болмағаннан кейін, халық қоныстанбағаннан кейін бос жатқан жерге жатжұрттықтар көз тігеді. Мысалы, Марқакөл ауданы мен Зайсан көлінің оңтүстігінде Қазақ – Қытай шекарасында орналасқан Сауыр, Сайхан және Тарбағатай таулары бойындағы жер бос жатыр. Қазір, шынына келгенде, «ұлтым, жерім, елім үшін» деп жаны ашитын адамдарды аз кездестіретін болып отырмыз. Сондықтан осыған қатты көңіл бөлген дұрыс. Шекараның бос қалған аудандарына адамдарды көбірек қоныстандыру қажет. Қоныстандыру үшін не керек? Ол жерге өндіріс, шаруашылық орындары салынуы тиіс. Адам тұратындай жағдай жасалып, медициналық жәрдем көрсететін аурухана мен білім ошақтары болуы қажет. Ешбір елден қарыз сұрамай-ақ, жемқорлық болмаса, өз байлығымыз өзімізге жетеді. Қазір Қытайдың өзінде 3 миллион қазақ тұрады. Ресейде 1 миллионға таяу, Өзбекстанда 5 миллионға жуық, Моңғолияда 300 мыңдай қазақ бар. Ал Түркиядағы қазақтар өмір сүруге жайлы жерін тастап келе қоймас. Сондықтан қандастарды елге әкелу жөнінде дұрыс саясат жүргізген абзал. Себебі шекаралық аймақтарға барайын десе, не өндіріс, не жұмыс, не жөнді жол жоқ» дейді профессор.