Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:53, 13 Қазан 2022

«Ұлы Тұран» одағын құруға кім бөгет?

None
None

Қазақстан мен Түркия арасындағы туыстық, әрі достық қарым-қатынастың орны бөлек.

Өйткені түбі бір түркі халықтарының арасындағы екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық жыл санап берік орнығып келеді. Енді, міне, осы аптада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның екі күндік мемлекеттік сапары жоспарланып отыр. Сапардың маңызы қандай болмақ? Бұл жолы Түркия басшысы талай жылдан бері айтылып келе жатқан «Ұлы Тұран» одағын құру туралы бастаманы әңгімеге арқау ете ме?

Осы күні дүрбелеңі көп дүние дүрлігіп тұр. Оның ішінде құдай қосқан көрші мемлекеттердегі жағдай да алаңдатарлық. Жасыратыны жоқ, мемлекет тұтастығы мен жер үшін күн сайын қақтығыс болып жатқан алмағайып заманда – түркі мемлекеттерінің тәуелсіздігін нығайту маңызды. Бұл орайда түркі елдерінің арасындағы сауда-саттық, экономикалық байланысты одан әрі арттыру алдыңғы қатарға қойылуы тиіс.

Бұл жолы Қазақстан президентінің шақыртуымен келе жатқан Түркия басшысы екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысына қатысады. Келіссөздер барысында өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, тараптар екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылайды. Ал түркітілдес саясаткерлер арасында біршама уақыттан бері сөз болып келе жатқан «Ұлы Тұран» жобасы туралы айтыла ма? Олай деуімізге толық негіз бар. Өйткені жақында ғана бірқатар мемлекет басшыларының ортақ отырысында Түркия басшысы бұл мәселенің шетін шығарған. Тіпті Режеп Тайып Ердоған: «бір ұлт, алты мемлекет» дегенді әртүрлі мінберде көтеріп жүргені де біраз болды. Түркияның түпкі ойы – Түркия басшылық ететін алты мемлекет қауымдасып, «Ұлы Тұран» мемлекетін құру. Яғни «Ұлы Тұран» түркі халықтарының əскери-саяси жəне мəдени экономикалық бірлестігін құру идеясына негізделеді. Қазір Түркі мемлекеттерінің ұйым мүшелері əскери, гуманитарлық, ауыл шаруашылық, IT, саяси салаларды нығайтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар түркі мемлекеттерінің біртұтас армиясын (Тұран армиясы) құру мəселелері қозғалып келеді. Бастама жаман емес. Мұндай одақ құрыла қалса, жаһандық геосаясатқа ықпал ететін өзіндік рөлі болар еді. Алайда одақтың құрылуы көңілге түрлі күдік те туғызатыны бар. Мәселен, бүгіннің өзінде «Ұлы Тұран» атын жамылып, Қазақстан жəне Түркияда көптеген деструктивті діни ұйымдар пайда болуда. Кейбір ақпарат көздері мұндай ұйымдардың іс-әрекеті Қазақстанға қарсы әртүрлі қызығушылықтардың қылаң беріп жатқанын жазады. Бұдан бөлек, түрік тарапы біздің елде оппозициялық топтардың көмегімен Тұран политикалық партиясын құруды жоспарлап жатқаны жайлы сыбыс та ара-тұра айтылып қалады.

Одақтан бұрын отаншылдық рухты оятып алайық

Сенатор Нұржан Нұрсипатов: «Түркия – түркі елдерінің ішіндегі тұрғындар саны жағынан ең үлкен мемлекет. Қазақстанның егемендігін ең алғаш мойындағаны тағы бар. Оның үстіне Түркияда бірнеше мың қазақ қоныс тепкен. Сондықтан бұл елмен байланысымызды арттыруымыз аса қажет. Түріктерден үйренетін дүние көп», – деп отыр.

Алайда дәл қазір ортақ әскери одақ құра алмайтынымызды айтты. Себебі, әлемде әр сәт сайын саяси шиеленіс орын алған тұста жан-жағымызда анталаған арандатушылар көп. Олардың дені одақ құрыла қалса, неше түрлі қитұрқы әрекеттермен түркі елдері ішіне іріткі салып, арандатушылық жасауы да ғажап емес. Екіншіден, біріккен күннің өзінде өз ішімізде одаққа қарсы шығатындар бас көтеруі мүмкін. Осылай деген депутат: «Өйткені қазақ халқы ежелден ешкімге бағынғысы келмейтін халық. Бауырлас мемлекет ретінде мемлекет дайын болғанымен, бұқараның басым көпшілігі байланыс орнатуға дайын емес. Кейіннен әріптес тарап өктем сөйлеп, өз үстемдігін көрсетсе, біздің халық қарсы шығуы мүмкін. Ал егер мәдени-экономикалық, әскери қарым-қатынастағы әріптестік болса, бөлек әңгіме. Себебі ол елдің әскери құрылымдары, әскери техникасы әлемдік деңгейде өте жақсы дамыған. Бірігіп әскери зауыттар салу туралы келісімге келу елімізге тиімді», – дейді. Оның ойынша, одақ емес, ұйым құруға болады. Ұйымның ортақ жарғысына техника, ғылым, мәдениет, білім, медицинаны, т. б. салаларды да кірістірген жөн. Сондықтан сенатор «Ұлы Тұран» одағын құру туралы әңгіме бұл жолы болуы мүмкін емес дегенді жеткізді. Бірнеше елдің басшылары жиналатын жиыннан бөлек, екеуара кездесу барысында бауырлас халықтың ортақ құндылығы айтылуы да әбден мүмкін.

Сондай-ақ Нұржан Нұрланбекұлы ортақ одақ құрмас бұрын, алдымен қазақстандықтардың бойындағы отаншылдық рухты ояту маңызды екенін меңзеді. «Түріктер – рухы мықты халық. Олар патриоттық тәрбиеге қатты көңіл бөледі. Өз тілі, діні, ділі десе көздері жанып тұрады. Түркияда байқасаң, туларын, Ататүріктің портреттерін барлық жерге іліп, патриоттық әндерді сайратып қойған. Оны естіген халық еңселерін тіктеп, рухы оянады. Біз секілді жікке бөлінбейді.  Бөтенге, басқаларға жалпақшешей емес. Сол үшін алдымен бізге де сондай қасиеттерді бойға сіңіріп алу керек. Тәуелсіздік алған алғашқы кездері 1994-1995 жылдары елімізде қазақ-түрік лицейлері көптеп ашылды. Балаларға жақсы білім берді. Бірақ қазақтың қыздары мен ұлдарына дін сабақтарын кіргізгісі келді, уағыздарын айтты. Қыздарымызды түріктің тәрбиесіне баулығысы келді. Бір қуантарлығы, қазақ жастары өзге құндылыққа іштей қарсы шыға білді. Сондықтан кейінірек діни пәндер алынып тасталынды. Ортақ одаққа кіруге халықтың санасы дайын емес дейтінім – біз екі ғасырдан артық уақыт бодандықта, соңғы отыз жылда одақта болған халықпыз. Қазақтың сүт бетіндегі қаймақтары қуғын-сүргінге ұшыратылып, айдалып, атылды. Қаншама ұлт-азаттық көтерілістерден кейін еңсеміз тіктелді. Егемендікке қол жеткізіп, етек-жеңді жинап жатқанда екінші бір одаққа дайындықсыз кіруден қажеттілік көріп тұрған жоқпын. Бірақ бір нәрсені түсінген жөн, біздің елдің басына күн туса, егемендігімізге қауіп төнсе, алғашқылардың бірі болып қол ұшын созатын түрік ағайындар болатынына кәміл сенімдімін», – деп сөзін аяқтады депутат Нұржан Нұрсипатов.

Сапардан саяси астар іздеудің қажеті жоқ

Депутат Әлия Әбсеметованың ойынша, түбі бір түркі халықтары ретінде екі ел бір-бірін жақын тартуы түсінікті. Осы жағынан алғанда Түркия билігі де Қазақстанды қолдап, үнемі қамқорлық танытып, кез келген жағдайда көмек қолын созуға даяр екенін көрсетіп жүр. Тіліміз де, дініміз де, сенім-нанымымыз да бір-бірінен ажырамайтын деңгейдегі мемлекеттердің бірі. Сондықтан бұл жолғы сапарда да Қазақстан үшін Түркиямен қарым-қатынасты нығайта түсудің мәні зор. Түркия президентінің елге келуі екі ел арасындағы түрлі салалалар бойынша ынтымақтастықты нығайта түсері анық.

Әрі беріден соң ағалы-інілі бауыр секілді бір-бірімізден қолдау күтетінімізді айтқан Әлия Маратқызы: «Бұл сапарда одақ құру немесе армия құру мәселелері ешқашан күн тәртібінде болмаған. Сол себепті бұл мәселеге қатысты қазір нақты дерек айта алмаймын. Дегенмен жалпы алғанда Түркиямен осыған дейін де көптеген салалар бойынша ықтымақтастық жасап отырған елміз. Сондықтан ол кісінің біздің елге келуіне қатты таңғалып, одан бір саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Десе де, бұл сапар аясында тағы да бірқатар келісімдер бойынша ой-пікірлер ортаға салынып, талқыланады. Оның барлығы біздің елдің мүддесі қорғау үшін болады деп санаймын», – дейді.

Одақтан бұрын өз қамдарын көбірек ойлады

Депутаттың сөзінің жаны бар. Өйткені қоғам қайраткері Серік Әбдірахманов: «Біздің тараптан Ердоғанның деңгейінде саясат жүргізе алатын тұлға жоқ» дегенді айтады. Оның себебін саясаткер былай түсіндіреді: Мемлекеттік халықтық суверенитеттен айырылудың аз алдында тұрғанда, одақ құру туралы ойлаудың өзі ерте. Себебі, көп жылдардан бері билікті ұрлықтың ордасына айналдырып, қалтасының қамын күйттеген тобыр қалыптасты. Әйтпегенде осы 30 жылда Түркиямен ортақ бір тартымды шаруа жасалған жоқ. Биліктегілер екі елдің ортақ мүддесінен гөрі – Анталья мен Анкарадағы қымбат үйлерінің, демалыс орындарының қамымен жүрді. Ол түгілі «Түрксой» деген ұйымның шеңберінде белсенділік танытқан біздің тарапты көрген жоқпыз. Ақша санаудан қолы тимеді. Өкінішке қарай, қазір сол ескі Қазақстаннан қалған жегіштер Тоқаевтың айналасында әлі де топтасып отыр. Сол себепті «Ұлы Тұран» одағы құрыла қалса, қазақтың мүддесін, мемлекеттілігін ойлауға мемлекеттің адамдарының мұршасы бола ма? Президент тәуір тапсырма бергенімен, жалғыз өзі ештеңеге үлгермеуде. Жаяудың шаңы шықпай жатыр. Бір ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермей отыр. Міне, осы себепті түрік бауырлармен ортақ мәміле жасауға мүмкіндік жоқ. Ердоған ұсыныс жасағанымен, жүзеге асуы екіталай. Біздің шенділердің деңгейі «Потому чтодан» аспай тұр», – дейді Серік Әбдірахманов.

Тегтер: