Ұлы Жеңіс күні Алматы облысында аталып өтті
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыс тұрғындарын 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
Аймақ басшысы алдымен Қонаев қаласындағы Даңқ мемориалы ескерткішіне гүл қойып, сұрапыл соғыста қаза болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Марат Елеусізұлы батыр бабалар рухына тағзым еткеннен кейін орталық алаңда барша халықты Жеңіс күнімен құттықтап, сөз сөйледі:
— Бұл соғыста Кеңес Одағының халқы үлкен батылдық пен төзімділіктің ерекше үлгісін көрсетті. Кеңес Одағы қарулы күштерінің құрамында соғыс жылдары барлығы 35 миллион адам болса, бұлардың 1 миллион 366 мыңы қазақстандық болды. Өкінішке қарай, ардагерлеріміздің қатары күннен-күнге сиреп, азая түсуде. Бүгінгі күні Жеңіс мерекесін облыс бойынша 10 соғыс ардагері қарсы алуда. Ұлы Жеңістің арқасында бiздiң аспанымыз ашық болып, тыныштықта бейбiт өмiр сүрiп, алаңсыз еңбек етiп келемiз. Сондықтан біздің міндетіміз – әрбір соғыс ардагеріне қамқор болып, олардың өшпес ерлігіне құрмет көрсету. Осы соғысқа қатысқан ардагер, батырлардың арқаларында бүгінгі тыныш өмірді сүріп келеміз. Жеңіс – ұрпаққа жарқын болашақ сыйлады. Бұның барлығы –сіздер тарту еткен тәтті сый. Біздер сіздердің жанқиярлық ерліктеріңізді бағалаймыз. Көзсіз батырлықтарыңыз үшін қарыздармыз, – деді ол.
Сонымен қатар облыс басшысы Алматы облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу қарсаңында жергілікті бюджеттен 222,7 миллион теңге сомасына біржолғы материалдық көмек көрсетілгенін ерекше атап өтті. Мәлеметтерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысының 10 ардагеріне 1,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлемдер қарастырылған. Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған мерекелік шара барысында балалар шығармашылық орталығының қойылымы, өнер жұлдыздарының концерті сынды ерекше шаралар ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, Марат Сұлтанғазиев қарт майдангер Солтанбай Жарықбасов, Оксана Бетебаева сынды соғыс ардагерлерін Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен арнайы барып құттықтады. Қарияларды төл мерекесімен құттықтап, оларға көзсіз ерлігі үшін алғыс білдірді.
— Сіздер қаққан жеңістің темірқазығы тәуелсіз елдің тұғырының берік әрі биік болуына сеп болды. Бүгінгі күнгі мамыражай тірлік кешуіміз өздеріңіз сынды ардагерлердің сұрапыл соғыс жылдары көрсеткен батылдығының арқасы. Әр майдангердің маңдайынан шыққан теріне, жанын қиған ерлігіне қарыздармыз. Сіздерді ұлықтау тұтас ұлтқа парыз, – деді аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев.