Ұлылар туған ауылдар жүдеу
Қасиетті Қызылжар топырағынан небір ақын-жазушы, әнші-күйші, батыр, шешендер шыққаны белгілі.
Солардың ішінде – Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің атын естісе елең етпейтін қазақ жоқ. Қара ормандай халқына том-том кітап жазып, бір дәуірдің соны тарихын ұрпаққа аманаттап кеткен қос тұлғаның туған жері мен өскен ортасын арнайы көрмекке келетіндер аз емес. Біз де сондай мақсатпен Жамбыл ауданына қарай жол алдық.
Алдымен аудан орталығына тиіп тұрған Айымжан ауылына бұрылдық. Ауыл көрінісі сыртынан қараған адамға моп-момақан, келісті көрінгенімен ондағы тұрғындар осы заманда кем болса бомайтын үш қажеттілікке қолы еркін жетпей отырғанын білдік. Ауылдың ішкі жолдары жаңбыр жауса ми батпаққа айналатыны көліктің қатып қалған айғыз-айғыз іздерінен-ақ айқын аңғарылады. Ауыл ажарын ашып тұрған жалғыз мектеп қана. Бізді білім ошағының директоры Асқар Сатин қарсы алды.
Айымжандықтар мектепте бала саны азайып кеткенін ашына жеткізді. Оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылардың жолын кесетін басты мәселе – ауыз судың және медициналық қосынның жоқтығы. Жайылымдық жердің тарлығы да келем дегеннің кеудесінен итеретін жайт екенін жасырмады. Өткен жылы тартылған су құбыры әлі сол күйі тұрғанын көріп таңғалдық. Іргеге келіп тұрған суды қосуға не кедергі? «Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, ауылдағылардың ұзақ жылдардан бері шешімін таппаған мәселесі шаш-етектен. Тым болмағанда, ішкі жолдарға қиыршықтас төсеп, ауыз суды тездетіп шешіп берсе дейді. Дәріхана тұрмақ бір мейірбикенің жоқтығы, әсіресе егде жастағыларға қиын. Бас ауырып, балтыр сыздаған сәтте кімнен көмек сұрарын білмей дал болады.
Біз айымжандықтардың мұң-мұқтажын естігеннен кейін келесі ауылға жолға шықтық. Атақты жазушы Сәбит Мұқановтың ауылының жағдайы тым мүшкіл екенін мектеп директоры Аслан Серікұлының өз аузынан естідік. Өйткені даңғарадай мектепте 12 оқушы білім нәрінен сусындап жатқанын айтудың өзі ауыр. Жастардың дені қала жағалап кеткен, ауылда тек жасы үлкендер азын-аулақ малдың соңында жүрген көрінеді. Мектептегі бала санын көбейтудің жолы – көпбалалы отбасыларды ауылға көшіріп әкелу, жергілікті әкімдік оларға қаңырап бос қалған оншақты үйді сатып әперсе, жағдай оңынан шешілгелі тұр дейді ұстаздар. Олар да қайтсін енді, суға кеткен тал қармайдының кері ғой. Береке-бірлігі мығым, малға жайлы шағын ауылға келгісі келетіндер көп, бірақ ойлы-шұңқыр жолын көріп, кері бұрылады екен. Ауылда бір дүкеннің болмағаны шынымен де қиын. Тұрғындар керек-жарағын сонау Пресновкадан әкеледі. Әсіресе теріскейдің тентек қысында азық-түліктен тарығып қалатындар жетеді. Тұрғындар қыс бойғы тұтынатын керек-жарақтарын ертерек әкеліп алудың қамын жасайтын көрінеді. Орталық көшеде Сәбит Мұқановтың мұражай үйі менмұндалайды. Есігінде құлып тұрғасын кері қайттық.
Келесі аялдама Ғабит Мүсіреповтің туған ауылы – Жаңажол. Уақыттың қысқалығына байланысты шопыр жігіт бізді дала жолымен алып жүрді. Себебін сұрағанымызда Жаңажолға апарар күре жолдың жағдайы мәз емес. Бетін ақ қар жапқан дала жолы – қазірше екі ауылдың арасын жақындатып тұрған алтын көпір. Ал қар қалың түскенде немесе көктем келіп, жер жібігенде жұрт қырық жамау грейдермен жүруге мәжбүр. Жаңажол ауылына кіреберіс жерде қаз-қатар орын тепкен 5-6 жаңа баспананы көзіміз шалды. Тұрғындардың айтуынша, бұл үйлер қоныс аударушыларға арналған. Алайда олардың біреуінде де адам жоқ. Себебі мұнда жайлы мектеп, зәулім Мәдениет үйі болғанымен ауыз су мәселесі шешілмеген. Сол үшін де бұл ауылға көшіп келуге көп адам ынта таныта бермейді. Жетпіске тарта шаңырақтың иелері ауылдың шетіндегі екі ескі құдықтан шелек салып су алатынын естігенде қай ғасырда өмір сүріп жатқанымызды еске алмасқа шара болмады. Кейде ұзын-сонар кезек күтіп қалатын кездер де жоқ емес. Міне, осындай қиыншылықтарға төзбеген тұрғындар біртіндеп қалаға жылыстауда, қазір ауылда 165 адам ғана қалған.
Мектепке бас сұққанымызда алдымыздан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Нұрахметова шықты. 440 оқушыға шақталған үш қабатты қазақ мектебінде небәрі 68 оқушы оқиды. Бір өкініштісі, биыл оқу бітіретін түлектер жоқ. Мектеп директоры Клавдия Төлеева оңтүстік өңірлерді аралап, көшіп келгісі келетін көпбалалы отбасыларды ауылға тартудың қамын жасап көріпті. Бірақ онысынан еш нәтиже шықпаған көрінеді. Бәрінің де қалауы – су, жол, интернет байланысы. Жаңажол оны ұсына алмаған. Біздің келетініміз алдын ала хабарланғанымен округ әкімі Гүлнәр Нұрахметованың қарасын да көрмедік.
Ұлылар туған қасиетті мекендегі қазақ ауылдарының жүдеңкіреу жағдайын көріп, еңсеміз түсіп қайттық. Ұлылар туған мекен мұндай сүреңсіз болмауға тиісті ғой. Аты дардай ауылдардың жағдайы мұндай болғанда, өзге ауылдардың халі шіркін-ай емес екені бесенеден белгілі. Ауыл дамымай – мемлекет көркеймейтінін егеменді ел болғаннан бері сезініп келеміз.