Ұлытау мен Қарағанды облысының шекарасы шегенделді
Үкімет басшысы бүгін Қарағанды және Ұлытау облысының жер аумағы жөніндегі қаулыға қол қойды.
Қаулы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның 10-бабының 1-1) тармақшасына сүйене отырып қабылданған.
Ресми хабарламада: «Қарағанды және Ұлтау облыстарының әкімдіктері осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» делінген.
Сонымен, Қарағанды облысының аумағы 23 904 635 гектар болып белгіленді. Ұлытау облысының иелігіне 18 893 661 гектар алқап жер қаратылды. Айта кеткен жөн, Қарағанды өңірі Павлодар, Абай, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Ақмола облыстарымен түйіседі. Ал, Ұлытау аймағы Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, сондай-ақ Қостанай облыстарымен шектесіп жатыр.