Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:42, 02 Қараша 2022

Ұлытау облысына түскен зымыран қалдықтары қауіпті ме?

None
None

Айдың күннің аманында Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы Орынбай елді мекенінің маңына зымыран қалдығы құлады.

Зымыран  қалдығы жеңіл емес, көлемі шамамен 10 метр, салмағы 1,5 тоннаны құрайды. Бұл 27 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған  Ресейлік «Прогресс МС-21» ғарыштық жүк тасымалдау кемесінің сынығы болатын. Орынбай ауылы маңына құлаған зымыран қалдығы жұрттың зәре құтын қашырған. Бұл аумақ Жаңаарқа ауданы орталығына 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Орынбай елді мекенінің тұрғындары басқа жерге көшірілмеген тек сол маңдағы қыстақ тұрғындарын биліктегілер қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Ресейдің «Роскосмос» ғарыш компаниясының мамандары зымыранның ұшқан күні мен уақытын алдын ала біліп, қалдықтың құлаған орнын анықтаған. Тұрғындар қазақ даласы қашанғы Ресейлік ғарыш кемесінің қалдығын тастайтын орынға айнала береді деп әлеуметтік желіде наразы пікірлерін білдіреді. Орынбай ауылының тұрғындары төбелерінен құлаған зымыран қалдықтарына разы болмаса да пікірлерін ашық білдіруге тайсақтайды.

— Кеше түнде Байқоңырдан ұшқан зымыранның қалдығы дейді. Ауыл маңына түскен екен, сол жерге барып суретке түсіріп алғандардан көрдік. Өзі де үйдей екен, ал бетін ары қылсын, ауылдың ортасына түссе не болады екен деп ойладық. Зымыран қалдықтарын тазалап алып кетті деп жатыр, бірақ ауа қабатымен жер қайтсе де ластанады ғой. Сол жерге малымыз жайылады не болады екен деп күпті болып отырмыз. Кейін ауру-сырқау шығып, бейнет болмаса болды, – дейді Орынбай ауылының аты-жөнін атағысы келмеген тұрғыны.

Жаңаарқа ауданы әкімшілігі зымыран қалдықтарының зияны жоқ екенін айтып, жұртты сабырға шақырып отыр. Бүгінгі таңда зымыран қалдықтары сол жерден шығарылып, орны тазартылған. Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының сөзіне сенсек, зымыран қалдықтарынан гептил емес, керосин төгілген, әрі қалдықтар пластик болғандықтан, оның қоршаған ортаға залалы жоқ көрінеді. Дегенмен үрейленіп қалған ауыл тұрғындарының көңілінде сенімсіздік пен күдік қалды. Еске сала кетсек, осыдан 23 жыл бұрын дәл осы аймаққа тағы да зымыран қалдығы құлаған болатын.

Тегтер: