Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:15

Умеров: АҚШ-тағы кездесу аяқталды, келіссөздер жалғасады

 Рустем Умеров
Фото: ашық дереккөз

Украина делегациясы АҚШ пен Еуропа одағы өкілдерімен Майами қаласында өткен келіссөздерді аяқтады.

Бұл туралы Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров өзінің Telegram-арнасында хабарлады. Оның айтуынша, келіссөздер жалғасады.

Майамиде өткен кездесу 19 желтоқсанда өтті. Украина делегациясын Рустем Умеров бастап барды. Келіссөздерге АҚШ Президенті Дональд Трамп әкімшілігінің өкілдері және Киевтің еуропалық серіктестері қатысты. Алайда Умеров талқылаудың нақты мазмұнын ашып айтқан жоқ.

«АҚШ-та америкалық және еуропалық серіктестерімізбен кездесуді аяқтадық. Нәтижелері туралы Украина Президентіне баяндадым. Алдағы қадамдар мен бірлескен жұмысты жалғастыру жөнінде уағдаластық», – деп жазды ол.

Умеровтің айтуынша, тараптар бұған дейін 23 қарашада Женевада өткен Украина–АҚШ кездесулерінде талқыланған ұсыныстарды қайта қараған. Бұл ұсыныстар шартты түрде «Трамптың Украина жөніндегі жоспары» деп аталып жүрген құжатқа негізделген.

20-21 желтоқсанда Майамиде АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздер өтуі мүмкін. Ресей делегациясын президенттің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев бастап келеді. Ол АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф және Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен кездесуі жоспарланған.

Бұған дейін Уиткофф пен Кушнер 14-15 желтоқсанда Берлинде Украина делегациясымен, соның ішінде Президент Владимир Зеленскийдің қатысуымен келіссөздер жүргізген. Сол кездесулерден кейін АҚШ тарапы Ресей бастаған соғыс аяқталған жағдайда Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынуға дайын екенін мәлімдеген.

БАҚ мәліметінше, «Трамп жоспарының» ең даулы тұстарының бірі – Ресей әлі толық бақылауға алмаған Донецк пен Луганск облыстарының бір бөлігін Мәскеуге беру мәселесі. AFP агенттігінің хабарлауынша, бұл талапты Берлиндегі келіссөздерде Ресейге жақын саналатын Кушнер мен Уиткофф көтерген.

Осы талқылаулар аясында Кремль де аумақтық талаптарын жиілете түсті. Ресей Президенті Владимир Путин 19 желтоқсанда өткен тікелей эфирінде Киев бұл талаптарды орындамаса, аумақтарды күшпен басып алу қаупін тағы да меңзеді.

Ал Украина тарапы Донбасты Ресей аумағы ретінде де-факто да, де-юре де мойындамайтынын қадап айтты. Президент Владимир Зеленскийдің сөзінше, АҚШ бұл мәселеде «ымыра іздеуге» тырысып жатыр.