Үміт пен күдікке толы үшінші күн

Токио олимпиадасында бәсекенің жоғары екенін дзюдошылардың белдескенінен-ақ білуге болады.
Татамиге қай жұп көтерілмесін, барлығы жеңіс үшін барын салып жатқаны байқалады.
Жүлдеден үміттіЖансай Смағұлов та екінші іріктеу кезеңін әдемі-ақ бастады. 73 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ол армениялық Фердинанд Карапетянды жеңді. Белдесудің негізгі уақыты тең аяқталып, қосымша уақытта Жансай «ваззари» ұпайын еншіледі. Кәдімгідей қуанып қалдық. Жүлде алса, нақ осы Смағұлов алады дестік. Себебі бұдан жеңілген армян дзюдошысы атағы дардай Еуропа чемпионы. Әйткенмен Смағұлов үшінші айналымда канадалық Артур Маргелидоннан айласын асыра алмады. Маргелидон Grand Slam, Grand Prix турнирлерінде үнемі үздік үштіктен көрініп жүрген әккі спортшы. Мұнда да белдесудің негізгі уақыты тең аяқталып, жеңімпаздар қосымша уақытта анықталды. Бірінші болып «ваззари» ұпайын алған Канада өкілі келесі айналымға өтті.
Есесіне қыздар арасында теннистен жалғыз өзі «майданда» қалған Елена Рыбакина жарады. Қазақстандық теннисші екінші айналымда Швеция өкілі Ребекка Петерсонмен кездесіп, екі сетке созылған матчта 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 14 минутқа созылды. Айта кетейік, Елена Рыбакина теннистен Қазақстан әйелдер командасының Токио олимпиадасында қалған жалғыз өкілі. Бұған дейін Зарина Диас, Ярослава Шведова және Юлия Путинцева күннің ыстығына, жарақатына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартқан болатын. Енді бар үміт осы Рыбакинада.
Бокстан ерлер арасында бәсеке басталды. 52 келі салмақта рингке шыққан Сәкен Бибосынов Пуэрто-Рико өкілі Янкьель Ривера Фигероамен жұдырықтасып, 4:1 есебімен басым түсті. Сәкеннің келесі қарсыласы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, француз Біләл Беннама болмақ.
Садақшылардан жасақталған ерлер құрамасы командалық сайыста Үндістан құрамасына қарсы шығып, қарсыластарына 2:6 есебімен есе жіберді. Командалық бәсекеде ел құрама сапынан жарыс жолына Сандар Мұсаев, Ильфат Абдуллин және Денис Ганкин шықты. Айта кетейік, аталған спортшылар жекелей сайыс бойынша жарысты жалғастырады. Садақ атудан жекелей жарыстың келесі айналымы 27 және 29 шілде күндері өтеді.
Ал олимпиадаға стенд ату үшін келген мерген қыздар елге ерте қайтатындардың тізімін толықтырды. Екі күнге созылған бәсекеден кейін Әсем Орынбай мен Зоя Кравченко бастаған мергендер келесі кезеңге өте алмады. «Скит» жаттығуы бойынша сынға түскен олар бес раунд бойы іріктеу кезеңін өткізді. Іріктеу нәтижесі бойынша алты спортшы ғана келесі айналымға өтеді. Өкінішке қарай, Зоя Кравченко 113 ұпаймен 22-орын алса, Әсем Орынбай 111 ұпаймен 26-шы сатыда қалып қойды.
Слаломды есуден финалға шыққан спортшылар қатарында қазақстандық Александр Куликов жоқ. Жартылай финал қорытындысы бойынша Куликов 12-орын иеленді. Финалға өту үшін алғашқы ондыққа енуі керек еді. Осылайша қазақстандық спортшы жарысты аяқтады. Әйелдер арасындағы сында Екатерина Смирнова іріктеу кезеңінен сүрінді. Үстел теннисінен Қазақстан командасының үздігі Кирилл Герасименко Токиодағы екінші айналымда германиялық Тим Боллмен кездескен болатын. Тартысты жекпе-жектің алғашқы партиясын Кирилл жеңіспен аяқтаған. Алайда кейінгі төрт партияда неміс спортшысының шеберлігі басым болды. Нәтижесінде кездесу 1:4 есебімен қарсыластың пайдасына шешілді.
Бұл күні, шүкір, жүлдесіз қайтпадық. Жарыстың соңғы күнінде Зүлфия Чиншанло олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Ауыр атлетикадан 55 келіде бақ сынаған Зүлфия жұлқа көтеруде бірінші мүмкіндігінде 90 келіні бағындырды. Ал екінші мүмкіндігінде 93 келіге тапсырыс беріп, оны да басынан асырды. Алайда төрешілер алғашында есептегенімен, кейіннен ақылдаса келе есепке алмады. Ал үшінші мүмкіндігінде жерлесіміз тағы да 93 келіні көтергенімен, үш төреші де қызыл түймені басты.
Серпе көтеруде бастапқыда 123 келіге тапсырыс беріп, оны екінші мүмкіндігінде басынан асырды. Осылайша үшінші мүмкіндікке шықпай-ақ Зүлфия Токио олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Бұл салмақта алтын медальді олимпиада рекордын тіркеген Филиппин өкілі Хидилин Диас (224 кг) еншілесе, күмісті қытайлық Ляо Кюн (223 кг) иеленді.