Үміт «Қуатты өңірлерде...»
Қазақстан біраздан бері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен жұмыс істеп жатқаны белгілі.
Бұл жобаның негізгі мақсаты республика халқының базалық қызметтерге бірдей қол жеткізуін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрғын үй жағдайларын және көлік байланысын жақсарту, сондай-ақ мемлекеттің транзиттік әлеуетін және халықтың ұтқырлығын нығайту болып табылады..
Жуырда үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа осы жоба аясында жасалып жатқан жұмыстар бойынша есеп берілді. Премьерге биылғы жылы жоба іс-шараларының орындалуы белсенді түрде жалғасып жатқаны туралы баяндалды. Атап айтқанда, 576 ауылда жобаларды жүзеге асыруға, моно және шағын қалалардың инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға қаржы бөлінген.
Өз кезегінде үкімет басшысы Әлихан Смайылов бұл жобаның мақсатын тағы бір еске салды. Жалпы ұлттық жобаны енгізу – елді мекендердегі инфрақұрылымды нығайтуға, 480-ге жуық тірек және спутниктік ауылдарды жаңғыртуға, тұрғын үй кешендерін салуға 2,4 трлн теңге инвестиция тартуға ықпал еткенін атап өтті. Осы тұрғыда жұмыс істейтін жастарға, тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына және көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйлер белсенді салынып жатқаны да айтылды.
Айта кету керек, болашақта бұл жоба асында ауылдық аумақтарды жаңғырту тұжырымдамасының жобасы әзірленбек. Ұлттық жобаның индикаторларына сәйкес қоныс аударушыларды қабылдауды, уақытылы жайластыруды және қолдауды қамтамасыз ету де қоса жүзеге асырылады.
Негізінен, экономист-сарапшылар бұл жобаның болашағына сенімді. Сарапшылардың пайымдауынша, қазіргідей дағдарыс кезінде үміт осындай жобаларда. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы қиындықты жеңілдетіп, экономикамыздың серпін алуына ықпал етеді деседі сала мамандары.