Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:05, 28 Ақпан 2023

Үміткер құстар

None
None

(Сайлауалды әзіл)

«Құс ішінде сайлау өтед.

Ескі кетіп, жаңа келед!»

Деген сөзді ести сап,

Әлдеқайдан күркетауық,

Екпіндете келді шауып.

Сөз сөйледі ебін тауып:

«Сайласаңдар мені» – деді.

Түйе құс менің тағам болад,

Африканы көрсетемін.

Қарт қара құс ағам болад,

 Оның несін сөз етемін.

«Сайласаңдар мені» – деді.

Шақырайын тоқылдақты

Бір азырақ күйлеп берсін.

Қимылдатып қас пен көзді,

Маймыл да кеп билеп берсін.

Аю пері, ол қайда жүр?

Өнер етіп, тас көтерсін.

Құс біткеннің бәрі келіп,

Жалғыз маған дауыс берсін!

Мұны естіген қызыл қораз,

«Жігіт» – еді ол да сырбаз.

Қанат қомдап, айбаттанып,

Атып тұрды қайраттанып!

Не жиналыс, немене гу-гу?

Мен айтайын: «ку-ка-ре-ку!»

«Дауыс берсең маған» – деді.

Мендей болып шақырамыз.

Күнде ертемен уақыт айтып,

Жұмысты да қатырамыз.

Бас-басыңа мекиеннен,

Екі-үшеуден бөліп берем.

Хат жазысып, хабар алып,

Я болмаса өзім келем.

Асырып сап бала санын,

Сонан рахат табасыңдар.

«Ку-ка-ре-ку!» Уайым жоқ,

Жәрдемақы аласыңдар.

«Сайласаңдар мені» – деді.

Арғы күні алдарыңа

Бұлбұл келіп ән салады.

Жалаңдаған жәрдемшілер,

Күн ұзаққа тары беріп,

Кешке қарай дән салады.

Тұғырнамам осы менің,

Арғы жағын «өзің біл» – деп,

Қораз ағаң жар салады!

Құяр судың сағасында,

Қалың қамыс арасында

Құс бар еді «Үйрек!» – деген.

Ешкімде оған үйретпеген,

Есіте сап мынау сөзді,

Су бетінде әрең төзді.

Құс біткеннің сайлауына,

Шайқалақтап келді жетіп,

Тамам құсты елеңдетіп,

«Сайласаңдар мені» – деді.

 Мен жүзуді үйретейін!

Шыр айналаң су болады.

Қалың қамыс ну болады.

Бірің ұшып, бірің қонып,

Көлдің беті шу болады.

Бірің сүңгіп, бірің шығып,

Армансыз бір шомыласың,

Қыздырынып кейде күнге

Карта да ойнап отырасың!

«Дауыс берсең маған» – деді.

Маса-сона, шыбын-шіркей,

Қызмет етер тартып керней

Олардағы осал емес

Шеттерінен «жұлдыз» өңкей!

Осылайша, құстар тәмам,

Күн ұзаққа бақ сынасып

Әрең кетті кешке таман.

          * * *

Аздап қана айттым мысал,

Үлкен менен кішіге,

Құс біткенді етіп тұспал,

Түсінетін кісіге!

Келер сайлау құтты болсын,

Қалың қазақ баласы.

Алшақтамай тура түссін,

Сөз бен істің арасы!

Тегтер: