Үмітті ақтамаған үкімет отыра бере ме?
«Қазақстан билігінің саяси дәстүріне айналып кеткен қулығының бірі – сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп жіберу», – дейді әлеуметтанушы Тимур Айсауытов.
Оның ойынша, бұл жолы да жаңа президенттік сайлау бекітілген мерзімінен бұрын өткізілуі бек мүмкін. Бұған елеулі себеп бар.
Дәл қазір Тоқаевтың біршама жоғары дейтіндей рейтингі бар. Түбегейлі саяси реформаны жария еткен соң, ол халықтың азды-кем сенім кредитін алды. Заң бойынша, 2024 жылға дейін кезекті президент сайлауы өтуі тиіс. Екі жылдан астам уақыт бар әлі. Оған дейін жағдайдың қалай өзгеретінін ешкім білмейді. Әсіресе, геосаяси жағдайдың қалай қарай өрбитіні белгісіз. Ел ішінде де ахуалдың тұрақсыз екенін қаралы қаңтар көрсетті.
Иә, баяу болса да саяси реформалар басталды. Бірақ экономика саласында тұрақты өсім жоқ, дамудың орнына тоқырау мен тұралау байқалып тұр. Сол себепті саяси билікке қазіргі сенім кредитінің қалған-құтқаны түгел таусылмай тұрғанда, кезекті рет мерзімінен бұрын сайлау жариялап жібергені тиімді болатыны да рас. Бұл биліктің қолға алған бағытын жалғастыруына қосымша уақыт береді. Әйтпесе, экономикалық қиындықтар халықтың сенімін тез арада тауысып, Тоқаевтың рейтингі тез түсіп кетуі мүмкін. Сондай зор тәуекел бар. Саяси сахнада жеңіске қол жеткізе алған Тоқаевтың экономикада, әзірге, еш жеңісі байқалмайды. Саралап қарасақ, байқалатын түрі де жоқ.
Біріншіден, қазір жаһандық инфляция сияқты тым жайсыз сыртқы жай-жапсарлар алқымнан алып тұр. Екіншіден, үкіметтің экономикалық реформаларды жүргізуге күйі келмей тұр, өзіне жүктелген жұмысты атқаруға қауқарсыз екенін көрсетті.
Егер халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара қоймаса, ал келесі сайлау өз мерзімінде өтетін болса, оған дейін халықтың шыдамы да, сенімі де таусылатыны анық. Күзде мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтеді деген сыбыстар жүр, бірақ оның еш мәні жоқ. Биліктің мақсаты депутаттарды ауыстыру емес, президент үшін қосымша уақыт ұта тұру. Сондықтан егер бір сайлау мерзімінен бұрын өтсе, ол парламенттік сайлау емес, президент сайлауы болуы тиіс. Сосын, президент сайлауы туралы күзде жариялаған күннің өзінде, сайлаудың өзі тағы жарты жылдан кейін өтуі мүмкін. Бірақ елде жағдай күрделі, әр жерде әлеуметтік толқыныстар бұрқ ете қалу қатері бар. Қазіргі үкіметтің түк бітірмейтін түрі бар екенін ескерсек, сол жарты жылдың ішінде-ақ халықтың жаппай көшеге шыға салуы мүмкін.
Тоқетері, егер қазіргі үкімет алдағы уақытта бір елеулі жетістіктерін көрсете алмаса, күзде оның таратылуы мүмкін, президент сайлауына қарамай. Өйткені үкімет өз жұмысын атқара алмай отыр.