«Үміттің жібін үзбеген арманым асқақ...»

ТЫМ АРЗАН ЖАРНАМА
Кім едік,
ал қазір...
Жүгенсіз жүйенің,
құлына айналдық.
Жарықта адасып,
жазылмас қайғы алдық.
«Еркіндік» үшін деп
еріксіз байландық
Қаймықпас қайратты ер
тілдері күрмеліп
Қатынның қасында қайралдық
Езулер көпіріп
өлшеусіз айтылған өтірік.
Тоқтайтын түрі жоқ
алғандар лепіріп.
Біреу жүр тоңғаннан секіріп,
Біреу тұр тойғаннан кекіріп.
Аяймын алданған,
арбалған көздерді,
Ерлерді тұқыртып
есірттік ездерді.
Мінбеден беріліп сұраусыз уәделер
Алмақсыз айтылған
салмақсыз сөздерді.
Қайрылып қарамай
обалға, налаға
Жабылған жазықсыз жалаға,
Қоғамның ол дағы қас жауы
Шырылдап түсетін ағайын араға
Арудың арлары
тиынға сатылған,
Арыстан Азамат
сұраусыз атылған.
Өзекті өртейтін өкініш
Артынан пенде жоқ аһ ұрған.
Жесірдің көңілі шерленген.
Жетімнің көз жасы жерленген.
Тым биік үйлердің төрінде
Адалдық, Әділет көрге енген.
Бітпейтін ток шоулар, сөз талас.
Беу, бізде қызық көп тойларлық.
Тұйыққа тірелген көзқарас
Ал оны сана жоқ ойларлық.
Қалғыған қамсызбыз,
Қанағат етері бар ғана
Қадірсіз қоғамның құлымыз
Бұл өмір тым арзан жарнама.
ҚАСТЕРЛІМ ҚАҒБА ТӨРІНДЕЙ…
Қастерлім Құранды ерімдей.
Киелім Қағба төріндей...
Сүйемін мен сені мәңгілік.
Бір бүтін жүрекпен бөлінбей.
Досымды Тәңірім сыйладың,
Биігім,
Ар,
Ождан,
Иманым.
Қасым да ол менің бауырым,
Өкпеге қисам да
өлімге қимадым...
Намазда Ең Ұлы Сезіммен,
Алланың алдында сезінген.
Алашты сақта деп сұрадым,
Жас парлап көзімнен.
Байланған бар ынта назарым.
Ең құнды,
ең үлкен ғажабым
Қазағым нұрланған ажарым
Қазағым таусылмас азабым.
Өр рухым өзің боп үн қаттың.
Қадірлім бір өзің қымбаттым
Тарихтың тереңін кештім де
Тым қалың сорыңа шым баттым
Қастерлім құранды ерімдей.
Киелім Қағба төріндей...
Сүйемін мен сені мәңгілік.
Бір бүтін жүрекпен бөлінбей.
КҮЙІНДІМ
Күйіндім,
Көзімнен шым-шымдап жас ақты,
Төзімім талған-ау, көңілімді босатты.
Шаршадым,
Шимайлап санамды сарша мұң.
Безіндім,
Тұрлаусыз бес күндік тірлікті сезіндім.
Іздедім,
Аңсаған ақ құсым Сіз дедім.
Түсінші,
Қапылат қалымды ұғынып,
Қолыңды ұсыншы.
Үкі көз үмітім жарыққа ұмсынар,
Пендеуи тірліктен періштем тұншығар.
Албасты арбаған арман-ай,
Ит өлген ішімде ібіліс қыңсылар.
Жаныңды жаншыған жалғанға кім шыдар.
Беу, ғұмыр бір күні тыншығар.
ЖАЛЫҚТЫМ
Үміттің жібін үзбеген арманым асқақ,
Тірліктің бірақ тікенді тар жолы тастақ.
Адал ойыңды танытсаң аңғал ағайын,
Тауыңды шағар талқан ғып, жаныңды жасқап.
Ғапыл дүние Ібіліс іркітін шашпақ,
Масаң күй кешем жалғанның мамығын жастап.
Ақ жолын нұрлы Алланың, көрсетші маған
Барайын ертіп адасқан талай жандарды,
Жұпарын шашқан жұмақтың бағына бастап.
Жын заман заңы солай-ау, кім қалай қашпақ?
Сайтани ғақыл емгенім сананы ластап.
Алты қат аспан көгіне кеткім келеді,
Жер бетіндегі пенденің тамұғын тастап –
Жалықтым…
КЕШІР ҰРПАҚ ӨСКЕЛЕҢ
Алалдықтың ауанына сыймаған,
Ашкөз нәпсі аранын бір тыймаған.
Қожыраған түр – келбеті қоғам тұр,
Ар-намысын құлқынына жинаған.
Қара жерден қанша ауыр сұмдықты,
Көре тұрып көзсіздікке қиналам.
Келіспеген тұсым сонша болса да,
Өрістеген өтірікке иланам.
Мен осылай күй кешемін, күн кешем,
Тағдырымда талайыма сыйлаған.
Тәннің қамын күйттеу ғана қу тірлік
Жанның үні жетім біздің
көкірегімізде күл бадам.
Көңілімнің бүгін емес солғаны,
Алла өзі әділеттің қорғаны.
Көксегенім келмесе де көндіккем,
Екшегенге ерін тисе болғаны.
Өркениетке еру тартқан көш көрем.
Алда алар, алты шың бар бес белең.
Бәрі жақсы десек тағы, бірақ та
Ергежейлі ұл өсуде бүгінде,
Бесігіне бөлей – бөлей өспеген.
Бай жұртпыз деп бақуатты өскелең...
Кейде-кейде, мен де осылай төс керем.
Шарттылықтың қалыбы ғой, қош көрем.
Өлмеген соң өлмелі күй кешем де
Ит тірлік ай, күшігің боп көшке ерем...
МАҒЫНАСЫЗ
Мағынасыз...
Тағдырына тірліктің таңыласыз,
Өтіріктің көрпесін жамыласыз.
Ақиқатты таба алмай аңырасыз,
Бағынасыз...
Бәріне бағынасыз,
Түлкі күннен түңіліп жалығасыз,
Жамалымен жататын жамырасып,
Ақ дүние,
Пәк жанды сағынасыз.
Сағынасыз...
КҮРСІНІС СҰМ СОҒЫС САЛҒАН...
Күллі дүниені күрсінтіп қасірет беріп,
Қаралы ғасыр жоғалды қалыңға еріп.
Қырық миллион қиылды қыршын тағдырлар,
Кеудесін зұлмат заманның өртіне керіп.
Нәубет күндері нар елдің басына құлап,
Налыды ата қалмады артында шырақ.
Тылдағы жетім жесірлер жеді нандарын,
Сүтке емес аққан жанардан жасына шылап.
Жүректі қайғы жатқанда сүліктей сорып,
Үзілердей боп қалғанды үміт те солып.
Көне көз киген кенептен күпісі жұқа,
Арба айдап жүр бүлдіршін бүрісе тоңып.
Жарасы аз ба, жазылмас сұм соғыс салған,
Ізі басында анаңның ақ қырау шалған.
Жары жорықта дөңбекшіп тыным алмайды,
Түн, жесір әйел, төсекте ту талақ қалған...
Кінәсі кімге?..
Бал сезім буына балқып,
Жастығын жасқа сулаған асыл да арман
Еңкіш тартса да қария есекке мініп,
Өгізін жегіп зорығып аш белі талған
Ей,
Жауапсыз жалған…
***
Шемен шеріңді шертіп бір жырым қозғасын,
Ақ алмас арман, қынның түбінде тозбасын.
Шеңгел уақыттың шыға алмай кетсем шегінен,
Шешеден туған кіндікті мендей болмасын.
Алғалдық кетіп, алал бір уақыт орнасын,
Айрандай тірлік аярлық, асып озбасын.
Тәңірден жалғыз, тақуа болып тілерім:
Шындықты айтар көмейге құйма, қорғасын!
Елдігіме енді ешбір жат қолын созбасын,
Теңдігім үшін құрбандық шалам боз басын.
Сүргіннен сүрең,
Азаптан азған басыңа,
Бақытың қонып
Қыдырың болсын жолдасың.
Ұлы мұрат деп бәйгеге тіккен өз басын,
Қайран бабалар рухың жүректе қоздасын.
Өр тарихымды парақтап жатсам парықпен,
Аппақ қағазға тамып бір кеткен көз жасым.
АСЫЛ АНАШЫМ
Махаббатың балаңа алып ұшқан,
Сарғайды ма, сезімің сағыныштан?
Асыра алмай арманын асулардан,
Басылмай жүр жүрегім жарылыстан.
Бара алмаймын жуықта кешіргейсің,
Қайран анам самалдай есілгейсің.
Білемін мен аналық махаббатың,
Отын ошақ-көңілден өшірмейсің.
Тағылымның сарқылмас бұлағысың,
Мейірімнің күн нұрлы тұрағысың.
Жүрегімнің төрінде орыныңыз,
Жұмыр жердің киелі жұмағысың.
Арманыма үмітті құрық қылып,
Қиыншылық кезеңін ұмыттырып.
«Өмір – күрес!» ақылың өзің берген
Демеп келеді ұлыңды шынықтырып.
АНАЛАР КҮЛІП ЖҮРСІНШІ...
Анамды сүйген жүрекпен Алланы сүйем,
Анамды сүйген жүрекпен жарымды сүйем.
Алғал көңілім кіршіксіз кірлетпеңдерші,
Жұмыр жердегі тіршілік бәріңді сүйем.
Анамды сүйген жүрекпен бауырды сүйем.
Анамды сүйген жүрекпен ауылды сүйем.
Анамдай менің мейрімді ғаламды сүйем.
Бар бақытыма балаған баламды сүйем.
Анамды сүйген жүрегім қардан да аппақ,
Шаршатты дүние шаң тозаң былғаныш батпақ.
Мені қуантқың келсе егер «кіріптар» досым,
Алғаның дұрыс алдымен анамды мақтап...
Асыл сезім мен мөп-мөлдір махаббат Анам.
Қалғанын қойшы,
қалғаны шимайлы шатпақ.
Анама деген телегей тілегім шексіз.
Шындықсыз мынау жалғанда шынайы тек сіз.
Сәл қателігіңе өзгелер өлтіре алады,
Анашым ғана ұрса алар көңілмен кексіз.
Жанымда жүрші ардақтым сен аман болшы.
Сол жанға деген ізгілік санама толшы.
Жаратқан Аллам сол жанды жебеп жүр әр кез,
Бақыттың құсы алдымен Анама қоншы.
Барлық адамзат аңсаған жұмағым сенің,
Дертіме шипа зәмзәмді бұлағым сенсің
Сіздегі ұлы армандар Тәңіріме жетіп,
Шапағатына шомылып ұрпағың көрсін.
Ақ бұлақарды лайлап кірлетпейікші,
Аялайықшы, сыйлайық, құрметтейікші!
Ана қадірін барлығы біліп жүрсінші.
Аналар мәңгі риясыз күліп жүрсінші.
СІЗГЕ
Пәни тірлігі алыстау иә пейіштен,
Күйрек күй кешіп жүрген сәтімде кейіспен.
Қайдан да ғана жолықтың екен жол түсіп,
Сүдіні сүттей, пейілі таза періштем.
Жыныққа батқан жалғаннан іздеп жан ізгі,
Ақиқат сұрап, Аллаға жаздым арызды.
Жаралы дүние жанталасқаны жабайы,
Таңдайыма у тамызды.
Бір жаратушы, әлемге ортақ әмірің,
Өңгесі өзге бәрінің –
Өлшеулі ғұмыр пешенемізге пішілген,
Тек бақыт сізге сыйласа екен Тәңірім.
МҮМКІН СЕН...
Мүмкін сен сағынарсың,
Махаббат азабына бағынарсың.
Жапырақтай сарғайып күзді күнгі,
Түкпірінен жүректің табыларсың.
Мүмкін сен ойламассың,
Сезімнің тереңіне бойламассың.
Махаббат азығы емес асқазанның,
Астында қап қоятын тойған астың.
Мен еске алып өзіңді жүремін де,
(Махаббатсыз қызық жоқ бұл өмірде).
Күндер өтер, Ертістің ағысындай,
Тек сағыныш қалсыншы жүрегіңде.
Мен де сені аңсаумен жүремін де...
АЛЫП КЕТШІ СЕН КЕЛІП
Көңілімді күй толқытты сең келіп,
Ессіз күйде
Ертіс бойын бойлап келем сенделіп.
Екі дүние арасында бөлінбей,
Жүрген жалғыз пенделік.
Көкжиекке жоғалғанша күн сіңіп,
Мың қуанып, мұңаямыз күрсініп.
Жұлдыздарды жағып қойып төбеге,
Шаттанамыз, түнереміз түр сынық,
Иә, кейде жолымыз боп жалғанда.
Күлімдейміз күлкімізге гүл сіңіп.
Көңілімді күй толқытты сең келіп,
Ессіз күйде,
Ертіс бойын, бойлап келем сенделіп.
Екі дүние арасында бөлінбей,
Жүрген жалғыз пенделік.
...
Алып кетші сен келіп...
ӨМІР КЕШЕМІН ӨЛМЕГЕН
Ұмытам деп ем,
Ұлғайтып алдым сағынышымды сен деген.
Ақ қанат арман ақ құсым ба едің,
Аппақ арыммен жемдеген.
(Ессіздікпенен)
Басқадан баян бақ тапқым келіп...,
Алдарқатсам да өзімді.
Ешкім болмады,
Жаралы жанды емдеген.
***
Ұмытам деп ем,
Ұлғайтып алдым сағынышымды сен деген.
Шарасызбын-ау,
Шырын сезімге шөлдеген,
Шырмалған ойдан құтыла алмадым,
Шараптан татқан шөлменен.
Шылымнан тапқан көк түтіндерге көміліп,
Өлмелі күйде,
Өмір кешемін өлмеген.
***
Шарасызбын-ау,
Шырын сезімге шөлдеген.
Күйрек күйімді ұғынар бар ма?
Көрмеген...
Күрең тағдырым –
Жазмыш мүмкін, көлденең.
Сынық бір сәуле кеудемнен менің кетпеші,
Бар болмысымды кеулеген.
Өлмелі күйде өмір кешемін өлмеген...
ҚАЛАЙША ЖЕК КӨРЕМІН
Қалайша жек көремін,
Қызғалдағы сен едің көктемнің,
Жүрегіңнің қақпасы жабылар деп,
Жүрексініп сен жаққа беттемедім.
Сен маған өкпеледің,
Сырларымның көбесін сөккен едім.
Көгершіні көңілдің қанат қақты,
Мен оны шектемедім...
Мен неге жек көрейін,
Наз үнімді нөсердей төкпелейін.
Махаббатың маздасын маған деген,
Жүрегімнен жалынды от берейін.
Жүрегімді жылытсын от мерейің!..
КӨКТЕМІН КҮТКЕН КӨҢІЛІМ
Пенде едім тізген мұңын моншаққа,
Тәңірім сұсты сұғыңнан сақта.
Жанымды менің түсінер едің,
Жалғыздығымды ұғынған шақта.
Тағдырда кештім қаталдық жүздеп,
Дей көрме бірақ болмысы мұз деп.
Кеуде тұсымның сол жағы ылғи,
Ойға орансам сыздайды Сіз деп.
Періштем мендік пейіліңді ізгі ет,
Шөлдеген жан ем мейірім іздеп.
Көктемін күткен көңілімді ұғын,
Солдырма гүлін арманның күз кеп...
ЖАҢЫЛЫСУДАН ЖАСҚАНАМ
Сіз бейкүнә періштесіз рас маған,
Бал сезімнің буына елтіп мастанам.
Алып ұшып барғанменен өзіңе,
Жаңылысып қалам ба деп жасқанам.
Сіз күлсеңіз, салатындай аспан ән,
Бар болмысың, баз тірліктен басқа мән.
Жалғандағы жұмбақ жаратылыссыз,
Құпиясын жан баласы ашпаған.
Тәңірім-ау, неткен жансыз тым биік,
Көңіліме қайғы салдың мұңды үйіп,
Мазасыздау күйге оранды маңдайым,
Түн қалтырап, күн күйіп.
Сіз бейкүнә періштесіз рас маған,
Бал сезімнің буына елтіп мастанам.
Алып ұшып барғанменен өзіңе,
Жаңылысып қалам ба деп жасқанам?!
сол қызды сондай сағынам
Өткен күндердің
дертіне бүгін шылым ем.
Жаныма жылу,
Іздедім сенен шынымен.
Бақыты болып
Басқаның, қалқам, кеттің бе?
Мөлт етіп тамған
жанарымдағы жырым ең.
Жырым ең менің
үкілі үміт гүлім ең,
Өзіңнен қалай
баз кешіп енді түңілем?!
Жүрегім жылап
жабырқағанда сағынып
Өткен шақтардың естелігіне үңілем.
Сен барда көңіл,
тұратын еді салып ән,
Ал сенсіз тұнжыр,
мұң құшағында налығам.
Тымырсық түннің,
қойнында жалғыз қалғанда.
Сағым боп кеткен,
сол қызды сондай сағынам.
Ертерек, мүмкін,
Арманға құшақ жайыппыз,
Сүймесе жүрек,
Кінә тағу да лайықсыз.
Ағыспен ығып,
Құрдымға барып құлайтын,
Екеуміз бүгін
Ескексіз қалған қайықпыз...
Әйтеуір серттен тайыппыз!..
Ақын ол
Ақын ол,
Көңілі көл-көсір көлкіген.
Бақыттың буына елтіген,
Қабағын бұлт жапса даланың,
Жібектей желімен желпіген.
Ақын ол,
Арнадан асқанша тасыған.
Шабытын сапырған ғашық ән.
Өлеңі бастауын алатын,
Ақ шашты Алтайдың басынан.
Ақын ол,
Шабыттың жебесін ұштаған.
Таланттың тұтқасын ұстаған,
Жамандық жалауы желдесе,
Қиялы қалықтап ұшпаған.
Ақын ол,
Шабытын шұбаттай сапырған.
Ашуы аспанға атылған.
Әлемді иықпен көтеріп,
Ұлылық рухын шақырған.
Ақын ол,
Жүретін атылып… сотталып,
Жанатын от болып шоқтанып.
Тірлікте тентіреп өтетін,
Өлген соң, жататын жоқталып.
Ақын ол,
Күтпейтін біреуден, бірдеңе...
Оранбас үлде мен бүлдеге.
Қиялы көлп еткен көбелек,
Қонатын тікенге, гүлге де.
Ақын ол,
Жақсылық аңсаған жалғаннан,
Тоятын тілеген таңдардан,
Қамшының сабындай ғұмырда,
Артында ақ қардай ар қалған.
Ақын ол – адасқан... алданған...