Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:45, 15 Қараша 2024

Ұмтылыс пен қорқыныш. Жоғалған бедел мен бүлінген бейнені ортақ тарих сақтай алмайды

1
Фото: ашық дереккөз

Жақында РФ СІМ басшысы Сергей Лавров: «Қазақстанда да, Ресейде де ауық-ауық ортақ тарихи өткеніміз туралы тақырыптар көтеріледі.

 Әртүрлі пікірлер қоғамда шиеленіс тудырады. Ортақ тарихшылар тобын құру – осындай жанжалдарды шешу үшін маңызды. Бұл бастама екі елде де өршіп келе жатқан «жаңа тарихқа құштарлықты суытуға» көмектеседі» деді. Оның бұл сөзін Ресейдің Федерация Кеңесінің спикері Валентина Матвиенко іліп әкетіп: «ТМД елдерінің бірлескен оқу құралдарын дайындау – Жеңістің 80 жылдығына орай аяқталуы тиіс. Тарихқа ортақ көзқарасты сақтау маңызды» деп қостай жөнелді. Біз мұндай «мәлімдемелерді» бірінші рет естіп отырған жоқпыз. Бұған дейін де талай рет айтылған, талқыланған тақырып. Бір қызығы, дәл осы бір «ортақ тарихымыз жазылуы тиіс», «ортақ экономикалық одақ құрайық» немесе «ортақ валюта ойлап табайық» деген сарындас ойларды іргедегі көршіміз үнемі айтады. Міне, бұл жолы да көмескі тарта бастаған «ортақ тарих» деген ойды қайтадан үрлеп қоздатып отыр. Тіпті мұны «Жеңістің 80 жылдығына қарай орайластырайық» дейді. Осындай ойларды жиі айтатын Ресейдің көмейінде бүлкілдеп тұрған қандай мүдде, нендей мақсат? Олар шынымен де ортақ тарихымызды жазып, оның көлеңкелі тұстарына дейін үңілмекші ме, әлде мұның қандай да бір саяси астары бар ма? 

Әрине, арысы патшалық Ресеймен, берісі Совет үкіметімен қазақ халқының, Орта Азиядағы республикалардың ортақ тарихы болғаны рас. Әуелі патша үкіметінің қарамағында, кейіннен Совет үкіметінің шеңгелінде өмір сүрдік. Мұны ешкім жоққа шығармайды, бірақ мұндағы мәселе – «ортақ тарих» жазу не үшін қажет және ол қалай жазылады. Бұл бастаманың ақыры кімге тиімді?

Жабық қорлардың есігі ашылуы мүмкін

Белгілі тарихшы, ҰҒА академигі Ханкелді Әбжанов Лавровтың бастамасын «құп көрдім» дейді. Оның себебін былай түсіндірді: «Біріншіден, Ресеймен ортақ тарихымыз бар екені күмәнсіз. Үш ғасыр бойы бірде тату, бірде қату Ресей құрамында болғанымызды жоққа шығару мүмкін емес. 1731 жылдан берідегі тағдырымыз Петербор мен Мәскеуде қабылданған шешімдермен анықталғаны айдан анық ақиқат. Әкелген пайдасы бір тоғыз болса, зияны – үйірімен үш тоғыз. Оның бәрін санамалап отыратын уақыт емес. Бірақ тарихи зердеден бір сәтке шықпағаны жөн.

Екіншіден, қазақ жер жүзіне тарыдай қалай шашылса, сол тарихтың баяны да әлденеше елдің архивтерінде, кітапханаларында, музейлерінде жатыр. Тіпті ең көп ақпарат Ресей мекемелерінде шоғырланған. Осыларға қол жеткізбей, төл тарихымыз түгенделмейді. Ортағасырларды айтпағанда, кешегі желтоқсан (1986 ж.) көтерілісіне қатысты құжаттарға дейін Ресейдің арнайы архивтерінде екенін бәріміз білеміз. Дерек – тарих ғылымының қанаты. Бірлескен комиссия құрыла қалса, жабық қорлардың есігі ашылуы бек мүмкін.

Ханкелді Әбжанов
Ханкелді Әбжанов

Үшіншіден, КСРО ыдырағаннан кейін қабылданған Ресей заңында мемлекеттік мүддеге қайшы келетін архив құжаттары басқа ел азаматтарына берілмейтіні анық көрсетілген. Бұл заң әлі де күшіне ие. Ресей тарапы Қазақстан тарихшыларының еңбектерімен жақсы таныс. Тіпті олар ой-пікірі күдікті саналатын авторлар тізімін де жасақтапты. Осы тізімге ілінген тарихшыларымыз Ресейге бару, архивтерінде жұмыс істеу құқығынан сот шешімімен айырылған. Олар Ресейге барып, архивтерінде жұмыс істей алмайды. Ендігі үміт құрылатын ортақ комиссияда. Төртіншіден, Ресей ғылым академиясында, университеттерінде, музейлерінде Қазақстан тарихынан іргелі еңбек жазған танымал зерттеушілер жұмыс істеп жатыр. Ортақ комиссия арқылы осынау азаматтардың үздік идеяларын, ғылыми нәтижелерін қажетімізге жарататын оңтайлы сәт туып тұр. Өйткені екі елдегі аға буын тарихшылар арасындағы кеңестік жылдарғы шығармашылық аралас-құралас, ынтымақтастық бәсеңдеді. Уақыт өткен сайын қатарлары сиреуде.

Бесіншіден, жаһандану әлемді жайлап алды. Оның түпкі көздегені – төніп келе жатқан дағдарыс пен апаттан бірлесе сақтану. Ақыл-ой мен күшті біріктіргенде ғана экологияны сауықтыруда, жұқпалы ауруларды жеңуде, азық-түлік тапшылығын жоюда, зорлықшыл агрессорды ауыздықтауда оң нәтижеге жетуге болатынын ХХ ғасыр тәжірибесі дәлелдеді» дейді. Сондай-ақ Х.Әбжанов Лавровтың бастамасына қарсы тараптың «тоталитарлық практика қайталанып кетпей ме?» деген қаупін жоққа шығармайды. Ал оған жол бермейтін тетіктер алдын ала қарастырылу қажеттігін айтады. Сондай-ақ: «Осы комиссияны ҚР және РФ үкіметі жанынан неге құрмасқа? Оған мүше мамандардың жұмысы сапалы болуы үшін лайықты қаражат бөлінсе артықтық етпес еді. Ортақ тарихты жазу ісіне халықаралық сипат берілгенде бұра тартуға жол қалмайды» дейді Х.Әбжанов. Әрине, дәл осындай мүмкіндіктердің есігі ашылса, тарихымыз түгенделсе құба-құп, мұндайда бөркімізді аспанға лақтырып қуанар едік. Алайда көңілімізді күпті еткен тағы бір жайт бар. Ол «Ортақ тарих жазу» деген бастаманың қандай да бір Ресей мүддесін көздейтін тарихи астары жоқ па?» деген сауал.

Ресей империялық пиғылын сақтап қалғысы келеді

Белгілі саясаттанушы Сайын Борбасов біздің бұл сұрағымызды жоққа шығармады.

«Ресеймен ортақ тарихымыз болғаны ақиқат. 70 жыл Совет үкіметінің қарамағында өмір сүрдік, оның алдында 250 жыл патшалық Ресейдің боданы болдық. Осының бәрін жинақтап есептесек, Ресеймен Қазақстанның ортақ тарихы 300 жылдан артық. Қазір осы ортақ тарих туралы да әртүрлі пайымдар мен байламдар, көзқарастар айтылады. Мысалы, біз пашталық Ресейге өз еркімізбен қосылған жоқпыз. Мұнда әртүрлі тарихи себептер болды. Ұзаққа созылған Жоңғар шапқыншылығы, онымен қоса іргемізде тебітіп тұрған Қытай, сондай-ақ Ресейдің қазақ жеріне ақырындап бекініс салып кіре бастауы деген сияқты факторлар біздің бодан болуымызға әсер етті. Қазір мұны сан-саққа жүгіртеді. Міне, осы секілді даулы мәселелердің басы ашылса, ақиқаты айтылса, «Ортақ тарих жазу» дегенге келісуге болады. Ол үшін тарихи шындық жазылуы тиіс. Мысалы, «Ресей қазақ даласын жаулап, басып алды, сосын қазақтар ырықсыз, амалдың жоғынан мәжбүрлі түрде бодан болды» деген секілді тұжырымдар жасауы қажет.

Сайын Борбасов
Фото: ашық дереккөз

Сондай-ақ «Ортақ тарих» дегенде онда Ресейдің мүддесі көзделіп отырған болуы мүмкін. Олар үнемі: «Біз шын мәнінде бұратана халықтарға қорғаушы болғанбыз. Оларға жақсылық әкелгенбіз. Олар өркениетті, білім мен ғылымды бізден үйренді» деген секілді көзқарастарын сыналап кіргізіп, айтып отырады. Негізі тарихи шындықты ашуға екі жақ та мүдделі болған жағдайда тиімді жұмыс атқарылады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Совет үкіметінің қазаққа тигізген пайдасы да айтылуы қажет. Сондай-ақ оның зияны да қамтылуы шарт. Мысалы, тың игеру секілді бастамалардың кесірінен малдың өрісі тарылды, жеріміздің құнары кетті. Сондықтан Ресейдің «бұратана халықтарға жақсылық әкелдік» деп айтатындай еш жөні жоқ. Олардың жақсылық әкелгені былай тұрсын, кейбір халықтарды жер бетінен жойып жіберді.

Осы секілді дүниелердің бәрі таразыға тартылса, ақиқаты айтылса, екі тарапқа да пайдалы болар еді. Бірақ Ресейдің ғалымдарының көбісі шовинизммен ауырған. Олардың көбісі мұндай тарихи мәселелерді сарапқа салып, ақ, әділ көзқарас айтады дегенге өз басым сенбеймін.

Қазір Ресей өздерінің шашылып жатқан беделін қалай жиыстырсақ, қалай әуелгі қалпына келтірсек, империялық кейпімізді сақтап қалсақ деп жанталасып жатыр. Ол үшін түрлі әдістерге баратыны анық. Олардың дәл осындай бойынан қуаты сарқылған, әлем алдында беделі қалмаған, ең ақырында Солтүстік Кореядан көмек дәметіп, жаутаңдап қарап отырған кезде «Ортақ тарих жазайық» деуі – беделін көтерудің әрекеті болуы мүмкін», – дейді С.Борбасов.

Жалпы «Ресеймен ортақ бірдеңе болады екен» десе қазақ қоғамы елең ете қалады. Сосын оны сан-саққа жүгіртіп, талқылай жөнеледі. Әдетте жақтайтындардан гөрі, қарсылық танытатындардың қарасы молырақ болады. Көбісінің қаупі «тәуелсіздігімізге кесірі тимей ме, Ресейге тәуелді болып қалмаймыз ба?» деген сұрақтарға саяды. Әрине, ұзақ жыл Ресейдің боданы болған, кейіннен тәуелсіздік алса да әртүрлі себептермен Ресейден іргесін бөліп кете алмаған ел ретінде мұндай алаңдаушылықтың болғаны заңды құбылыс шығар. Тіпті кейде осы «алаңдаушылықты» қоғамның оянуы, сананың түлеуі деп те қабылдасақ қателесе қоймаспыз. Қалай десек те, біздің қоғамға қатысты мейлі билік тарапынан, мейлі сырттан айтылса да қандай да бір көзқарас жауапсыз қалмайды. Әсіресе әлеуметтік желілерде әбден талқыланады. Мұны да қоғамдық, әлеуметтік сананың бір сипаты деп түсінген жөн секілді.

Қоғамдық санада бетбұрыс байқалады

Белгілі әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтан бұл мәселенің себеп, сырын сұрақ көрдік.

«Ортақ тарих жазу» туралы айтылған сөзді Ресейдің өз ықпалын қалай да сақтап қалу мақсатында жасалып жатқан әрекет деп түсінемін. Себебі Украинамен соғыстан кейін Ресейдің Қазақстандағы образы бұлыңғырланып қалды. Бұрын жиі айтылатын «көршілес, одақтас» дейтін образдан бірте-бірте айырылып, біздің тәуелсіздігімізге потенциалды қауіп төндіретін ел есебіндегі түсінік етек алып барады. Бұл Ресейдің бұрынғы саяси, ақпараттық және мәдени ықпалының азаюына алып келе жатыр. Әрине, бұл жағдайды Ресей тарапы көріп, біліп, түсініп отыр. Қазіргі Путиннің ұстанып отырған көзқарасына сүйенсек, Ресей мұндай келеңсіздіктердің болуына барынша тосқауыл жасауға тырысады. Яғни қандай жағдай болса да, өзінің бұрынғы абыройын қалпына келтіруге ұмтылатыны анық. Бұл үшін арнайы ресурстарды көбейткенін де байқап отырмыз. Соңғы бір-екі жылдың ішінде ақпараттық жағынан, саяси, идеологиялық тұрғыдан да қысым күшейе түсті. Сіз айтып отырған «Ортақ тарих жазу» осы үлкен саясаттың бір көрінісі. Қай кезде де тарихи сана, тарихи жады қандай да бір мемлекетке ықпал етудің бірден-бір жолы, ұтымды құралы. Шын мәнісінде Совет үкіметі Қазақстан үшін қарама-қайшылыққа толы, аса бір күрделі әрі айтарлықтай зардабы болған тарихи кезең. Ал оның тарихи шындығының ашылуы қазіргі Ресейдің мүддесіне сәйкес келмейді. Керісінше, оларға өздерінің жағымды бейнесін, соғыстың, жеңістің логотипін сақтап қалу әлдеқайда тиімді. Осылайша, Ресей бізбен ортақ кеңістікте өмір сүруін жалғастыра бергісі келеді.

Серік Бейсембаев
Фото: ашық дереккөз

Алайда Ресейдің «бұрынғы беделін, ықпалын сақтап қалу» деген ойына қазіргі контекст мүлде сәйкес келмейді. Мұның басты себебі – Қазақстанда соңғы 30 жылда өзінің тарихын, өзінің тамырын іздейтін қоғам қалыптасты. Ал мұндай құндылығын қалыптастыра бастаған қоғамға сырттан келіп «ортақ тарих жазайық» деген секілді ойларды тықпалау меніңше нәтижесіз аяқталады. Өйткені қоғам мұны қабылдамайды.

Мұндай мәселелерді әдетте қоғам жиі талқылайды. Мұның себебі бізде кейбір тарихи шындықтар әлі де ашылған жоқ. Қоғамда «тарихи шындықтардың осы уақытқа дейін ашылмауына бірден-бір себепкер – Ресей тарабы және қазіргі Қазақстан билігі» деген көзқарас кең тараған. Сондықтан да Ресей тарапынан қандай да бір біздің тарихымызға, территориямызға қатысты айтқан пікірі немесе автономды тәуелсіз ел екенімізге қатысты күмәні біздің ел ретінде сақталып қалуымызға байланысты жағдай ретінде қабылданады. Осыған сәйкес: «Бұлар тағы да өздерінің көзқарасын таңайын деп жатыр, біздің тәуелсіз ел екенімізді мойындағысы келмейді, бұрынғы империялық саясатын жалғастыра бергісі келеді, бізді колония көреді» деп ойлайды. Сондай-ақ мұны шынайы тәуелсіздікке деген ұмтылыс, тарихымызды, өмір сүруіміздің философиясын өзіміз анықтауға деген талпыныс деп те түсінген жөн. Әрине, мұндай ұмтылыс пен талпыныс біздің қоғамдық санамыздың жетілгенінің көрінісі. Көбінде мемлекет осындай жағдайда бейтарап көзқарас ұстануға тырысады. Сәйкесінше, қоғам бұған өре түрегеліп, қарсы тұрып жатыр. Тіпті мұның астарында біз жоғарыда айтқан тарихтың шындығын ашуға, бодандықтан арылуға деген ұмтылыс жатыр. Сондықтан дәл осындай талқылауларды оң бастама деп қабылдаймын.

Империалистік Ресейдің қазіргі негізгі діңгектерінің бірі – жеңіс логотипін өздерінің идеологиялық тұрғыдан ықпал етуші құралы ретінде пайдалану. Олар қазір осы логотипті барынша сақтап қалуға жанталасып жатыр. Сондықтан да «Ортақ тарих оқулығын» Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай шығарамыз» деді. Сондай-ақ қазір жеңіске қатысты да әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Кейбіреулер мұны «ұлы жеңіс емес, екінші дүниежүзілік соғыс» деп атай бастады. Байқасаңыз, көпшілік қазір алаңдарда, әлеуметтік желілерде «ұлы отан соғысы» деп айтқысы келмейтінін ашық білдіре бастады. Әрине, бұл да Ресейге ұнай қоймайды. Сол себепті «Ұлы жеңістің 80 жылдығы» дегенді әдейі айтып отыр.

Жинақтап айтқанда, мұндай қарсылық қоғамдық санада үлкен бетбұрыс барын білдіреді. Бұл бір-екі күндік мәселе емес. Бұдан кейін де Ресей тарапының қандай да бір ықпалы артқан сайын оған деген қарсылық та арта түседі» – дейді С.Бейсембаев.

P.S. Осындай кезде билік үнсіз қалады. Қоғам қызу талқылап жатқан мұндай мәселелерге селт елтпегендей сыңай танытады. Шын мәнісінде мұның бәрі ұлттық мүддемізге, территориялық тұтастығымызға, тіпті тәуелсіздігімізге қатысты кіді дүниелер. Сондықтан мұндай дүниелерге билік тарапынан кесімін, шешімін айтқан жауап берілсе дейсің, бірақ ондай жауап жоғарғы жақтан естілмейді. Оны ойлап қынжыласың, ал қоғамның қызу талқылап, бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқанын көріп, көңілің жұбанады.

Жақсылық Қазымұратұлы

Тегтер: