Үміткерсіз! Үмітсіз! Семейдегі сайлау

Биыл 12 қазанда Абай облысының орталығы Семей қаласында әкім сайлауы өтті. Ел тарихында тұңғыш рет тұрғындар облыс деңгейіндегі қала басшысын тіке сайлап отыр.
Сол үшін де мұны үлкен саяси оқиға деп бағалауға болады. Болар еді... Бірақ саясат сахнасындағы әр жүрісті шахмат тақтасындағыдай бақылап отыратын билік сайлау бәсекесін саяси қойылымға айналдырып жіберетін ескі әдетіне тағы басты.
Алашорданың астанасы болған Семейде өткен тарихи сайлауға символикалық мән беріп, демократия қарлығашы деп айдар тағып жатқандар бар. Бірақ лепірме сөз бен шынайы жағдайдың сай келмейтінін жергілікті тұрғындардың сөзі мен БАҚ-та тараған ақпараттан біле беріңіз.
Иә, бұл сайлаудың бұрынғыдан өзгеше болмайтыны бірден белгілі болған. Біріншіден, халық сайлауға қызығушылық танытқан жоқ. Әйтпесе, мұндай ірі шендінің тағайындалмай, тікелей сайланатыны жұрт арасында үлкен дүмпу туғызса керек еді. Бірақ көпшілік оған аса мән беріп, әңгіме еткен жоқ. Тіпті сайлау өтетін Семей қаласының өзі ештеңе болмағандай міз бақпады. Мұны жергілікті тұрғындардың өзі таңғалып айтып жатты. Сайлауалды науқан кезінде де, сайлау күні де бұл тыныштық бұзылған жоқ.
Екіншіден, кандидаттарды тіркеуде дау туындады. Кандидаттарды ұсыну 28 тамызда басталып, екі аптада аймақтық сайлау комиссиясына 8 өтінім түскен. Өкініштісі, әкім креслосына үміткер болған кандидаттардың тең жартысы сайлауға өтпей қалыпты. Құжаттарды мұқият (!) тексерген сайлау комиссиясы 4 үміткерді ғана тіркеген. Мекеме кімдер, не үшін тіркелмей қалғанын хабарлаған жоқ.
Шеттетілген кандидат пен жасанды үміткерлер
Бірақ облыстық төтенше жағдай департаментінің бұрынғы бастығы Бақытбек Байбуров әкім сайлауына кандидат ретінде тіркеле алмағанын өзі мәлімдеп, сотқа жүгінді. Бұл да алғашқы сайлаудың әділдігіне күмән туғызған жағдай болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Байбуровтың басқару саласындағы тәжірибесі 3 жылға толмайды (1 жыл 10 ай) деп санаған. Бірақ Бақытбек Байбуров төтенше жағдай саласында 30 жылдан аса уақыт қызмет атқарғанын, ұзақ жыл орынбасар болғанын алға тартып, кандидат ретінде тіркемеу азаматтық құқығына қайшы деп мәлімдеді. Оның айтуынша, сайлауға түсуге құжат өткізген соң әлдекімдер келіп, оны қайтарып алуды сұраған.
«11 қыркүйекте құжат өткіздім. Сол күні түстен кейін кім екенін анық білмеймін, біреулер келіп, кандидатурамды алып тастауды сұрады. Мүмкін менің кандидатурам кедергі болған шығар, әйтпесе алдын ала неге қайтарып алуымды сұрайды», – деді Байбуров отандық БАҚ-қа берген сұхбатында.
Ал 18 қыркүйекте өткен сот отырысында Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты сайлау комиссиясы мен мемлекеттік қызмет істер агенттігінің шешімін қолдап шықты. Кейін жергілікті сайлау комиссиясы Байбуровтың кандидатурасынан заң аясында бас тартылғанын хабарлады. Ал 6 қазанда Семейге арнайы барған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бұл оқиға жайлы жақ ашқан жоқ. Есесіне, әкім сайлауын «конституциялық реформа шеңберіндегі демократиялық жаңғырудың айқын көрінісі» деп бағалап, науқанды заңды әрі ашық өткізуге уәде берді.
Сарапшылар сайлауға қатысатын кандидатқа 3 жыл басшылық қызметте болу керек деген талап қою орынсыз деп санайды. Өйткені мемлекеттік қызмет істемеген, бірақ қала басқаруға қабілеті жеткілікті азамат осы талаптың әсерінен сайлауға қатыса алмайды. Бұл азаматтардың сайлау және сайлану құқығын шектегенмен бірдей. Мұндай талап тіпті президент сайлауында да бар. Мысалы, президенттікке кандидат мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс істеуі керек деген шарт бар. Бұл сол сәттегі билік жүйесінде жұмыс істемеген, бірақ мемлекетті өзгерткісі келетін азаматтың сайлауға түсуіне кедергі болары анық.
Сонымен, кандидаттарды тіркеу 16 қыркүйекте аяқталып, 4 адам сайлауға қатысуға рұқсат алды.
Айболат Бекжасаров – бұрын Семей қалалық мәслихатының төрағасы болған, сайлау құжаттарында уақытша жұмыссыз ретінде көрсетілген.
Әділет Қожанбаев – Абай облысы Көкпекті ауданының қазіргі әкімі.
Қанат Шапатов – Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы сарайының директоры, қалалық мәслихат депутаты.
Қаныш Төлеуов – Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің директоры.
Бұл тізім шыға сала жұрттың сынына ұшырады. Көпшілік барлық үміткердің «Аманат» партиясының өкілі екеніне назар аударып, елдегі өзге партияның мүшесі немесе азаматтық қоғам өкілдері неге сайлауға қатыспайды деп наразылық білдірді. Оның үстіне, 4 үміткердің біреуі ғана (Қожанбаев) әкімшілік басқаруда тәжірибесі бар адам болатын. Осыған қарап көпшілік бұл сайлауды фавориті анық бәсеке деп бағалады.
Семей тұрғыны, профессор Аймұхамбет Бейсембеков қала басшысын сайлау тұрғындарға қуаныш сыйлай алмағанын айтады.
«Біреуін өткізу үшін таңдалған кандидаттар деп есептеймін. Кімнің жеңетінін жұрт біліп отыр. Біздің елде барлық сайлау осы сценариймен өтетіні жасырын емес қой. КСРО кезінен бері филармония басқарған, содан бері сайлау шаруасына атсалысып келем, бәрінің қалай өтетінін білемін десем де болады. Сайлауға неше түрлі азамат түскісі келетіні анық. Парламентке өткен партиялар бар, өте алмағандары бар, солардан неге бір-бір кандидат шықпайды. Сондай-ақ қоғам белсенділерінен бір үміткер болса, сонда ғана демократия болар еді. Ал мұнда 4 кандидаттың бәрі «Аманаттан», оның үшеуі «жасанды» кандидат. Әйтеуір биліктің адамы жеңетіні анық. Сол үшін шығар, халық әкімді өзі сайлайтынына аса қуана қойған жоқ. Әкімді халықтың сайлауы – дұрыс идея. Бірақ кішігірім басшыларды сайлағаннан ештеңе өзгермейді, қажет болса, облыс әкімін сайлау қажет. Ал ауыл-аудан әкімдерін сайланған облыс әкімі тағайындай берсе де болады. Сайлау күні басқа жаққа кетіп қалған едім, сайлаудың қалай өткенін нақты айта алмаймын».
Сайлау қалай өтті?
Бұған дейін облыс орталығы басшысын Президент әкімшілігінің келісімімен облыс әкімі тағайындайтын. Семейдегі әкім сайлауы осы тәртіпті өзгертіп отыр. Бірақ кандидатқа қойылатын талап және өзге де кедергілердің әсерінен билікке бәрібір бөгде адам келе алмайтын сияқты. Мұны Семейдегі саяси науқан анық көрсетіп отыр. Сайлау басталарға бірер күн қалғанда қатаң сүзгіден өткен төрт үміткердің бірі – Қаныш Төлеуов кандидатурасын қайтарып алды. Бұған не себеп болғаны белгісіз, жергілікті сайлау комиссиясы үміткер жарысқа түсуден өз еркімен бас тартқанын хабарлады.
Сонымен, 300 мыңнан аса тұрғыны бар Семей әкімі атануға 3 адам ғана үміткер болды. Әрине, жергілікті әкімдік пен сайлау комиссиясы саяси науқан қызып жатқанын, сайлаушылар белсенді екенін айтып жатты. Бірақ тәуелсіз бақылаушылар, белсенділер мұны жоққа шығарып отырды. Мысалы, №95 сайлау учаскесінде бақылау жасаған азаматтық белсенді Кенжебек Сұлтанбеков әлеуметтік желідегі парақшасында сағат 15:00-де сайлаушылардың 10 пайызы ғана келгенін жазды. Ал сағат 20:00-де «Сайлау аяқталады деуге болады. Менім санағым бойынша 229 адам учаскеге келді. Бұл сайлаушылардың 12 пайызы. Енді сайлау комиссиясының қорытындысын ертең білеміз», – деп жазды.
Ал Семей қаласына барған БАҚ өкілдері қалада сайлау науқанының дабырасы сезілмейтінін, сайлаушылардың көбі кандидаттарды танымайтынын, саяси науқан тып-тыныш өтіп жатқанын хабарлады. «Ұлысмедиа» тілшісі үміткерлердің сайлау штабын аралап, ешбірінің орнында жоқ екенін байқаған. Тіпті Төлеуов пен Бекжасаровтың штабы жабық тұрған. Ал басты фаворит Қожанбаев сайлау күні қазіргі жұмысына байланысты Көкпекті ауданына кетіп қалыпты. Осыған қарап, ол не өз жеңісіне өте сенімді, не қала әкімі атануға аса құлықты емес деп топшыладық. Әйтпесе, дәл сайлау күні іссапарда жүрмес еді.
Семей қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлжан Қуанышева сайлау кезінде ешқандай заң бұзу әрекеті тіркелмеді деп хабарлады. Қазір дауыс санау процесі жүріп жатыр. Заң бойынша сайлау қорытындысы үш күн ішінде жарияланады. Бірақ алдын ала санау нәтижесі жарияланған учаскелерде фаворит үміткер жеңіске жеткені байқалады. Мысалы, №37 сайлау учаскесінде Төлеуов – 244 дауыс, Бекжасаров – 61 дауыс, ал Қожанбаев – 914 дауыс жинапты. Соңғы сайлау қорытындысы осылай болып шықса, еш таңғалмаймыз дейді жергілікті тұрғындар.
Әкім сайлау – ермек емес, шығын
Қазақстанда 2021 жылы ауыл әкімдерін сайлау басталған. Ресми дерек бойынша, содан бері 2 500 ауыл әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланыпты, бұл елдегі ауылдардың 90 пайызға жуығы. Ал 2023 жылы аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдері сайлана бастады. Билік бұл науқанды елдің саяси процесін демократияландыру және азаматтарды мемлекетті басқару ісіне араластыру деп атаған.
Бірақ 2023 жылы 5 қарашада өткен дақпырты үлкен саяси науқан жұрт көңілінен шыққан жоқ. Әкім сайлауы өткен 45 әкімшілік орталықтың 41-інде бұрынғы әкім немесе орынбасары қайта сайланып, 4 әкім ғана жаңадан келген. Атап айтқанда, 29 аудан мен облыстық маңызы бар қалада бұрынғы әкім креслосын сақтап қалса, 12 аудан мен қалада бұрынғы әкімнің орынбасары атқа қонған. Оның алдындағы ауыл әкімін сайлау да биліктің сызығынан шыға қоймағаны белгілі. Оған біз сөз етіп отырған Семейдегі сайлауды қосыңыз. Үш деңгейлі науқан да көне сүрлеумен өткенін көрдік. Демек билік қанша жарнамаласа да, әділ сайлау мен демократия дәл қазір орнай қалмайтын сияқты.
Ендеше, сонша қаржы шығындап, әкім сайлауын өткізудің қажеті қанша? Егер сайлау әділ өтіп, ауыл, аудан және қала әкімін, тіпті облыс басшысын тұрғындар өзі таңдаса, билік пен халық арасы жақындай түсері анық. Өйткені сайланған әкім халыққа арқа сүйейді, халыққа қызмет етеді. Ең бастысы, өзінен бір саты жоғары басшыға тәуелді болмайды.
Саяси ғылымдар докторы, саясаттанушы Толқын Әуелғазина «Жас Алашқа» сайлау мен тағайындаудың парқы үлкен екенін айтып берді:
«Сайланған әкім жергілікті тұрғындардың, өзін сайлаған халықтың алдында жауап береді. Халық өзі сенім білдіріп сайлағандықтан, әкім жоғары тұрған билікке емес, енді жергілікті тұрғындарға тәуелді болады. Яғни, халықтың жергілікті билікті қалыптастыру мен жергілікті басқару үдерісіне қатысу белсенділігі күшейеді. Сайланған әкім халықтың ойынан шығуға тырысады, билікке өз талаптарын халықтың атынан тіке қоя алады. Халық сенімінен шығу үшін белсене жұмыс істейді. Әкімнің қызметіне бағаны тұрғындар беретіндіктен, олардың қызметі жанданады. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, сайланған әкім өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса немесе тұрғындар оның мәселені шешуге қабілетсіз екендігін байқаса, есеп талап ете алады. Себебі үмітін ақтамаған әкімге халық екінші қайта сенім білдірмейтіні анық. Осылайша, халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді. Ал тағайындалған әкім тікелей аудан, облыс әкіміне бағынып, көбінесе өзін тәуелді сезінеді. Нәтижесінде, тағайындалған әкімнің көпшілігі тұрғындармен ынтымақтаса жұмыс істей алмайды».
Ал, біздің жеке шаруасымен гөлайттап жүрген кандидаттардың қайсысы жеңсе де сайланған әкім деп айтуға ауыз бара ма? Демек, осындай жолмен сайланған әкім де өзін осы күнге жеткізген, көз қылып сайлау өткізіп, «тағайындай салған» облыс әкімінің қабағына қарамай тұра алмайды.
Қуаныш Қаппас