Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:20

Үндістан АҚШ қысымына қарамастан Ресей мұнайын сатып алуды жалғастырады — Reuters

мұнай
Фото: из открытых источников

Reuters агенттігінің Үндістан үкіметіндегі екі дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, Үндістан АҚШ президенті Дональд Трамптың ескертуіне қарамастан Ресейден мұнай импортын жалғастырады.

 

Агенттіктің бір сұхбаттасы үнділік-ресейлік мұнай келісімдері ұзақ мерзімді сипатта екенін атап өтіп: «Мұндай келісімдерді бір күнде үзу оңай емес», — деді.

Трамптың қысымы

2025 жылғы 14 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей Украинамен бейбіт келісімге келмесе, Ресей мұнайын сатып алып жатқан елдерге 100 пайыздық кедендік баж салығы енгізетінін ескертті.

Ал 30 шілдеде Трамп Үндістанға қарсы 25 пайыздық импорт салығын енгізетінін жариялады. Ол бұл шешімді Үндістанның Ресейден энергетикалық ресурстар мен әскери техника сатып алумен байланыстырды.

Шілде айының соңында Дональд Трамп журналистерге Кремльге Украинамен бейбіт келісім жасау үшін он күн мерзім бергенін айтты. Бұл бұған дейін жариялаған 50 күндік мерзімнің қысқартылған нұсқасы. Ақ үй Мәскеуге бітім жасауды талап етсе, Киев өз кезегінде қосымша шарттарсыз атысты тоқтатуға дайын екенін білдірді. Алайда Ресей бұл ұсынысты қабылдамады.

Үндістан мен Ресей арасындағы мұнай саудасы

Ресей қазіргі уақытта Үндістанға мұнай жеткізетін ең ірі экспорттаушы ел. Ол елдің жалпы мұнай импортының шамамен 35 пайызын қамтамасыз етеді.

Reuters деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында Үндістан күніне 1,75 миллион баррель ресейлік мұнай сатып алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 пайызға жоғары көрсеткіш.