Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:15

Үндістан астанасында жарылыс: сегіз адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды

Үндістан жарылыс
Фото: EPA

Үндістан астанасы Нью Делидегі тарихи Қызыл қамалдың маңында болған жарылыс салдарынан кемі сегіз адам қаза тауып, 20-ға жуық адам жараланды. Оқиға 10 қараша күні кешкі сағат 19:00 шамасында болған.

Автокөлік жарылысы

Полицияның мәліметінше, Hyundai i20 маркалы көлік Қызыл қамалға жақын метро станциясы маңында бағдаршамда тоқтаған сәтте жарылған. Көліктің ішінде үш адам болған.
Жарылыстың соққы толқыны маңайдағы бірнеше көлікті зақымдаған, бірнеше автокөлік пен моторикшалар өртеніп кеткен.

Куәгерлердің айтуынша, көлік баяу қозғалып келіп, қызыл шам жанғанда тоқтаған, сол сәтте жарылыс орын алған.

Қызыл қамал (Лал Кила) — Бабыр әулеті дәуірінде XVII ғасырда салынған тарихи бекініс. Бұл орын Үндістанның ең танымал туристік нысандарының бірі. Жыл сайын 15 тамыз — Тәуелсіздік күні қарсаңында Үндістан премьер-министрі дәл осы қамалдың алдында халыққа үндеу жасайды.

Жарылыс болған аумақты полиция толықтай қоршап, қалалық қауіпсіздік жүйесі жоғары дайындық деңгейіне көшірілді. Сонымен қатар, Тәж Махал орналасқан Уттар-Прадеш штатында және қаржы орталығы Мумбайда да қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

NDTV арнасының хабарлауынша, жарылған көліктің иесі ұсталды. The Times of India басылымы көлік бірнеше рет иесін ауыстырғанын жазады. Тергеушілер бұл әдіс қолдан жасалған бомбамен шабуыл ұйымдастыратын терроршыларға тән тәсіл екенін айтады.

Ішкі істер министрі Амит Шах сейсенбі күні таңертең министрлік өкілдерімен шұғыл жиын өткізетінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, жарылыстың барлық нұсқасы қарастырылып, толық тергеу жүргізіледі.

«Біз барлық ықтимал себептерді зерттеп жатырмыз. Тексеру нәтижелері қоғамға жария етіледі», — деді министр.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтты және тергеуді жеке бақылауға алатынын жеткізген.