Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс қайта ушықты

Кашмир – әлемдегі ең даулы аймақтардың бірі. Бұл жолы да екі ядролық держава – Үндістан мен Пәкістанның арасындағы кикілжің дәл осы жерден тұтанды. Мамыр айының басында Үндістан армиясы Пәкістан аумағына және Кашмирдің Пәкістан бақылауындағы бөлігіне әуе соққыларын жасады. Бұған жауап ретінде Пәкістан да қарсы шабуыл ұйымдастырып, жағдай тіпті ушығып кетті.
Шиеленіс Кашмирде орын алған туристерге жасалған шабуылдан кейін күшейді. Ол шабуылда 26 адам қаза тапты. Үндістан билігі шабуылды Пәкістандағы лаңкестік топтар ұйымдастырды деп айыптады. Араға екі апта салып, Дели "Синдур" атты әскери операцияны бастап, Пәкістан аумағына ракеталық соққылар жасады.
Үнді тарапының айтуынша, бұл – тек лаңкестік ұйымдардың тоғыз базасына бағытталған "нақты және салмақты" операция. Алайда Пәкістан зардап шеккендердің қатарында бейбіт тұрғындар, оның ішінде екі бала және мешіт ғимараты бар екенін мәлімдеді.
Пәкістанның жауабы қандай болды?
Премьер-министр Шахбаз Шариф үнді соққыларын "арандатушылық әрекет" деп атап, қарымта қайтарылғанын жария етті. Пәкістан армиясы Үндістанның алты аймағына зымырандық соққы беріп, бес ұшақты (оның ішінде Rafale мен МиГ-29) атып түсіргенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, бір үнді бригадасының штаб-пәтері жойылғаны айтылды. Үндістан бұл ақпаратты растамады да, жоққа да шығармады.
Қанша адам зардап шекті?
Пәкістан деректеріне сүйенсек, 26 адам қаза тауып, 46 адам жараланған. Тағы екі адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Үндістан жағынан үш адамның көз жұмғаны, ондаған адам жарақат алғаны хабарланды.
Қауіптің күшеюіне байланысты екі ел де шекараға жақын мектептерді уақытша жапты. Бұл – тұрғындар арасындағы үрейді күшейтіп, әлеуметтік тыныштықты шайқалтып отыр.
Қытай оқиғаға "өкініш білдіріп", тараптарды сабырлыққа шақырды. АҚШ жағдайды бақылап отыр. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио үнді қауіпсіздік кеңесшісімен сөйлесіп, мәлімет алған. Иран бейбітшілік диалогын ұсынды – Тегеран делегациясы Дели мен Исламабадқа сапарлап, жағдайды реттеуге арағайын болуға тырысып жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, бұл – 2019 жылғы Балакот соққысынан бергі ең ірі шиеленіс. Екі тарап та ядролық қаруға ие екенін ескерсек, жағдайдың ушықпауы – бүкіл әлем үшін маңызды. Бірақ әзірге үнді-пәкістан шекарасында атыстар тоқтамай тұр.