Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:40

Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс: дипломаттар елден шығарылды

Үндістан мен Пәкістан
Фото: ашық дереккөз

Пәкістан мен Үндістан арасындағы шиеленіскен қарым-қатынас салдарынан қос тарап бір-бірінің дипломаттарын персона нон грата деп танып, елден шығару туралы шешім қабылдады.

Пәкістан билігі Исламабадтағы Үндістанның Жоғарғы комиссиясының қызметкерін тыңшылық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 24 сағат ішінде елден кетуге міндеттеді. Елдің Сыртқы істер министрлігі дипломатқа ресми нота табысталғанын хабарлады. Сонымен қатар Үндістан миссиясына дипломатиялық ережелерге сай келмейтін әрекеттерді доғаруға шақыру жасалды.

Үндістан да жауап ретінде Нью-Делидегі Пәкістан елшілігінің қызметкерін елден шығарды. Олардың мәлімдеуінше, пәкістандық дипломат ресми өкілеттігіне жатпайтын істермен айналысқан.

Екі ел арасындағы мұндай жағдайлар дипломатиялық қатынастарда бұрыннан келе жатқан сенімсіздік пен тарихи шиеленістердің жалғасып жатқанын көрсетеді.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай дипломатиялық қадамдар тек екіжақты диалогқа кері әсер етеді. Ал бұл жағдай аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікке үлкен қауіп төндіреді.