Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:10

Үндістан Ресей армиясында 202 азаматы барын, оның 26-сы қаза тапқан мәлімдеді

Ресей
Фото: Alexey Pavlishak/REUTERS

Үндістан Сыртқы істер министрі Кирти Вардхан Сингх парламентте жасаған мәлімдемесінде Ресей қарулы күштеріне Украинадағы соғысқа қатысу үшін 202 үнді азаматы тартылғанын хабарлады.

Министрдің айтуынша, олардың 119-ы мерзімінен бұрын босатылған, ал 26 адам Ресей тарапының дерегі бойынша қаза тапқан, тағы 7 адам хабар-ошарсыз кеткен. Қазіргі уақытта 50 үнді азаматын Ресей армиясынан босату бағытында дипломатиялық жұмыстар жалғасып жатыр.

Сингхтің мәлімдеуінше, Үндістанның Сыртқы істер министрлігі 10 қаза тапқан азаматтың мәйітін елге қайтаруға, ал екі адамның денесін кремациялауға көмек көрсеткен. Сонымен қатар, қаза тапты немесе жоғалды деп есептелетін 18 үнді азаматының туыстарынан алынған ДНҚ үлгілері Ресей билігіне тапсырылған. Бұл шара қаза болғандардың жеке басын нақты анықтау үшін жасалып отыр.

Үндістан тарапы Ресей армиясында жүрген азаматтарын елге қайтару үшін дипломатиялық арналар арқылы қысымды жалғастырып отырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, 2024 жылы Ресей Украинадағы соғысқа шетел азаматтарын белсенді түрде тарта бастаған. Сол жылы қазан айында Үндістанның СІМ-і Ресей армиясынан 85 үнді азаматының қайтарылғанын хабарлаған. Ал наурыз айында ел билігі соғысқа адам тартумен айналысқан қылмыстық желіні әшкерелегенін мәлімдеген еді.

Ресей Украинаға қарсы толыққанды соғысты  бастағаннан кейін, шетелдіктерді соғысқа тарту тактикасын күшейтті. Украина тарапының дерегінше, Мәскеу 128 елден кемінде 18 мың шетел азаматын соғысқа тартқан.

Сонымен қатар, Солтүстік Кореядан 11 мыңнан астам азамат Мәскеу мен Пхеньян арасындағы әскери ынтымақтастық келісімі аясында соғысқа қатысып жатқаны айтылып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, Ресей Куба, Сирия, Иордания, Иран, Непал, Үндістан, Кения, Солтүстік Корея, ОАР және Орталық Азия елдерінен азаматтарды тартуда. Бұл үшін қысым көрсету, алдау және қаржылай уәде беру әдістері қолданылған.