Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:07

Үндістан Ресей мұнайынан бас тартуға дайындалып жатыр

Мұнай Ресей
Фото: ЖИ

Вашингтонмен сауда келісіміне қол жеткізу үшін Нью-Дели ресейлік мұнай импортын күрт қысқартпақ

АҚШ-тың "Роснефть" пен "Лукойл" компанияларына қарсы жаңа санкцияларынан кейін, Үндістан ресейлік мұнай импорты көлемін айтарлықтай қысқартуға кірісті. Бұл қадам Нью-Дели мен Вашингтон арасындағы сауда келісімінің жолындағы басты кедергілердің бірін жоюы мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі салалық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Қазіргі уақытта Үндістан АҚШ-қа экспорт кезінде 50 пайыздық тарифке тап болып отыр. Оның жартысы ресейлік мұнайды сатып алуға байланысты енгізілген. Нью-Дели бұл тарифтерді Азияның басқа елдерімен бір деңгейге дейін төмендету мақсатында келіссөздер жүргізуде. Бұл үшін Ресейден келетін мұнай көлемін біртіндеп қысқарту ұсынылған.

2022 жылғы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Үндістан ресейлік мұнайдың басты сатып алушысына айналды. Биылдың алғашқы тоғыз айында ел тәулігіне шамамен 1,7 миллион баррель ресейлік шикі мұнай импорттаған.

Reliance – импортты тоқтатуы мүмкін

Reliance Industries – Үндістандағы ең ірі жекеменшік мұнай өңдеуші және Ресей мұнайының негізгі сатып алушысы. Компания өкілдері импорт көлемін қысқарту немесе толық тоқтату мүмкін екенін мәлімдеді.

«Импортты қайта қарау жүріп жатыр. Компания Үндістан үкіметінің ұсынымдарын толық орындайды», — деді Reliance өкілі.

Сондай-ақ, мемлекеттік компаниялар – Indian Oil Corp, Bharat Petroleum Corp және Hindustan Petroleum Corp те өз келісімшарттарын қайта қарап, «Роснефть» пен «Лукойлмен» тікелей байланыс болмауын қамтамасыз етуге тырысады.

Барлығы банктерге байланысты

Нарықтағы ойыншылардың пікірінше, ресейлік мұнайдан толық бас тарту бірден жүзеге аспайды. Мұнайдың бір бөлігі делдалдар арқылы жетуі мүмкін.

«Соңғы шешім банктерге байланысты. Егер банктер төлем жасауға рұқсат берсе – импорт жалғасады, рұқсат бермесе – тоқтайды», — дейді мұнай өңдеу зауытының өкілі.

Трамп жаңа санкциялар енгізді

АҚШ Президенті Дональд Трамп өзінің екінші мерзіміндегі алғашқы санкциялық пакетін жариялап, «Роснефть» пен «Лукойлды» нысанаға алды. Қаржы министрлігі бұл компаниялармен кез келген мәмілені 2025 жылдың 21 қарашасына дейін аяқтауды талап етті.

Reliance жаңа жеткізуші іздеп жатыр

Миллиардер Мукеш Амбаниге тиесілі Reliance компаниясы Джамнагар қаласындағы әлемдегі ең ірі мұнай өңдеу кешенін басқарады. Ол «Роснефтьпен» тәулігіне 500 мың баррельге жуық ұзақ мерзімді келісімшартқа отырған.

Соңғы күндері компания Таяу Шығыс пен Бразилиядан мұнай сатып ала бастады, ресейлік көлемдерді ішінара солармен алмастыруда. Саудагерлердің айтуынша, Reliance жаңа жеткізу нарықтарын белсенді түрде қарастырып жатыр.

Nayara Energy де Ресеймен байланыста

Тағы бір үнді компания – Nayara Energy, оның ірі акционері – «Роснефть». Бұл компания да Ресейден мұнай сатып алып келеді. Санкциялар туралы жаңалықтар шыққаннан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы 3%-ға өсті.