Үндістан Ресей соғысын қаржыландырып отыр - АҚШ

АҚШ Үндістанды Ресейден мұнай сатып алу арқылы Украинадағы соғысты қаржыландырып отыр деп айыптады.
Бұл мәлімдемені Ақ үй әкімшілігі басшысының орынбасары Стивен Миллер Fox News арнасына берген сұхбатында айтты. Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістанға Ресей мұнайынан бас тарту туралы талапты ашық қойған.
“Үндістанның Ресейден мұнай сатып алуды жалғастыруы – бұл соғысты қаржыландырумен тең. Президент Трамп бұл әрекетті мүлде қабылдауға болмайтынын нақты жеткізді”, - деді Миллер.
Стивен Миллердің бұл сыны АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхит аймағындағы басты серіктестерінің біріне қарата айтылған ең қатаң мәлімдемелердің бірі болды. Reuters агенттігі бұл сөздерге ерекше назар аударды. Миллер тіпті:
“Үндістан Ресей мұнайын сатып алу көлемі жағынан Қытаймен теңесіп қалды. Бұл таңғаларлық жағдай”, - деп атап өтті.
Үндістан жауап беруден тартынып отыр
Нью-Дели бұл айыптауларға ресми жауап берген жоқ. Дегенмен, Reuters агенттігі Үндістан үкіметіндегі дереккөздерге сүйене отырып, елдің Ресейден мұнай сатып алуды жалғастыратынын хабарлады. Яғни, АҚШ тарапынан жасалып жатқан қысым мен санкциялар Үндістанның саясатын өзгертуге жеткіліксіз болып отыр.
2025 жылдың 14 шілдесінде Ақ үйде НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездескен кезде Дональд Трамп АҚШ-тың Ресеймен сауда байланысын үзбеген мемлекеттерге қарсы 100%-дық қосымша баж салығы енгізетінін мәлімдеген. Бұл талапты орындау үшін 50 күндік мерзім берген.
Алайда кейін бұл мерзімді 10 күнге дейін қысқартып, шілденің 30-ы күні Үндістанға қарсы 25 пайыздық баж салығын енгізді.
“Үндістан әу бастан Ресейдің қару-жарағына тәуелді болды. Сондай-ақ, Қытаймен бірге Ресейдің басты энергетикалық серіктестерінің бірі. Ал біз Ресейдің Украинадағы қантөгісті тоқтатқанын қалаймыз”, - деді Трамп.
Бастапқыда Үндістандағы төрт ірі мемлекеттік мұнай өңдеу зауыты Ресейден мұнай сатып алуды уақытша тоқтатқан. Алайда кейінгі деректер бұл қадам ұзаққа созылмайтынын көрсетті. Ресми емес ақпаратқа сүйенсек, Үндістан Ресейден мұнай сатып алуды жалғастыра береді.
АҚШ-тың бұл қатаң саясаты Ресейдің халықаралық саудадағы серіктестері үшін күрделі таңдау тудырады. Үндістан сияқты елдер энергетикалық қауіпсіздік пен геосаяси қысым арасында тепе-теңдікті сақтауға тырысып жатыр.
Үндістан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынаста жаңа шиеленіс орын алуы мүмкін. Вашингтон Ресейге қарсы тұру үшін халықаралық бірлікке шақыруда. Ал Нью-Дели – өз мүддесін қорғап, қысымға қарсы тұруға бейіл екенін аңғартып отыр.