Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:41

Үндістан Ресейден мұнай алуды тоқтатқаны үшін Трамп баж салығын алып тастады

Трамп
Фото: REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістаннан экспортталатын тауарларға енгізілген 25 пайыздық кедендік бажды жою туралы жарлыққа қол қойды.

 Бұл шешім Нью-Делидің Ресей Федерациясынан мұнай сатып алуды тоқтату жөніндегі міндеттемесіне байланысты қабылданған.

Құжатта: «Үндістан Ресей Федерациясынан мұнайды тікелей немесе жанама түрде импорттауды тоқтату жөнінде міндеттеме алды» деп көрсетілген. Осыған байланысты Вашингтон 7 ақпаннан бастап Үндістаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың бір бөлігіне салынатын кедендік алымдарды алып тастайды.

АҚШ Үндістанға қатысты 25 пайыздық баж салығын 2025 жылдың тамызында енгізген болатын. Дональд Трамп бұл шешімді Нью-Делидің Ресейдің Украинаға қарсы соғысы жалғасып жатқан кезеңде РФ-дан мұнай сатып алып отырғанымен түсіндірген. Оның айтуынша, мұндай сатып алулар Ресейдің «әскери машинасын» қаржыландыруға жол ашады.

Содан бері Ақ үй басшысы Үндістанды Ресей мұнайынан бас тартуға көндіргенін бірнеше рет мәлімдегенімен, бұл сөздер ресми түрде расталмаған. Мақала жарияланған сәтте Үндістан билігі елдің энергетикалық саясаты өзгергені жөнінде ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ, Ресей тарапынан да ресми реакция болмады. Тек бір күн бұрын Үндістанның сауда министрі Пиюш Гоял парламентте сөйлеп, үкіметтің «энергия көздерін әртараптандыруға» негізделген стратегияны жүзеге асырып жатқанын айтқан.

Бұған дейін Дональд Трамп Вашингтон мен Нью-Делидің сауда келісіміне келуі мүмкін екенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл келісім аясында Үндістан мұнайды АҚШ-тан және «мүмкін» Венесуэладан сатып ала бастайды. Бұл – Вашингтон экономикалық саясатына ықпал етуге тырысып отырған елдердің бірі.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ пен Үндістан арасындағы осындай алдын ала келісім 6 ақпанда ұсынылған. 

2022 жылға дейін Ресей Үндістанға негізгі мұнай жеткізушісі болған жоқ. Алайда 2022 жылы Батыс елдері Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты ресейлік мұнайға санкциялар енгізгеннен кейін, Мәскеу сату нарығын Үндістан мен Қытайға қайта бағыттады. Кейінірек Ресейде өндірілген мұнай өнімдері Үндістан арқылы Еуропалық одаққа да жеткізілген.

Айта кету керек, Трамп қол қойған жарлық Үндістанға қатысты 2025 жылдың сәуірінен бері енгізілген барлық кедендік баждарды емес, тек олардың бір бөлігін ғана қамтиды. Сол кезде АҚШ президенті әлемнің көптеген елдеріне қарсы «тарифтік соғыстарды» бастаған болатын. «Ресей мұнайы үшін» салынған баждарды қоса алғанда, Үндістан тауарларына салынған жалпы кедендік мөлшерлеме 50 пайызға дейін жеткен.

Трамп айтып отырған АҚШ-Үндістан сауда келісімі қалған баждардың мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Егер келісім күшіне енсе, Үндістан тауарларына АҚШ-та қолданылатын базалық тариф 18 пайыз болады. Оның орнына Нью-Дели Трамптың шешіміне жауап ретінде АҚШ тауарларына салынған кедендік алымдарды төмендетуі тиіс.

Сонымен қатар, кедендік баждар Трамп үшін тек экономикалық дауларды шешудің құралы ғана емес, басқа да саяси мәселелерде қысым жасау тетігіне айналған. Мәселен, ол бір кездері Францияға қатысты баж салығын арттырумен қорқытқан. Бұл Франция президенті Эммануэль Макронның Трамп ұсынған «Бейбітшілік кеңесіне» қосылудан бас тартуымен байланысты болған. Сондай-ақ Гренландияға қатысты аумақтық даулар кезінде де АҚШ президенті Еуропалық одаққа салынатын кедендік алымдарды арттыру қаупін алға тартқан.