Үндістан Трамптың Ресей мұнайынан бас тарту туралы мәлімдемесін жоққа шығарды

Үндістан Сыртқы істер министрлігі АҚШ президенті Дональд Трамптың “премьер-министр Нарендра Моди Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатуға уәде берді” деген сөзін ресми түрде жоққа шығарды.
Нью-Дели энергетикалық саясатта ең басты басымдық — тұтынушылардың мүддесін қорғау екенін мәлімдеді.
Біздің саясат – нарық пен ұлттық мүддеге негізделген
Үндістан СІМ өкілі Рандхир Джайсвалдың айтуынша, елдің басты міндеті — энергетикалық тұрақтылық пен бағаның қолжетімділігін қамтамасыз ету.
«Үндістан – мұнай мен газдың ірі импорттаушысы. Біздің басты мақсатымыз – энергия нарығындағы тұрақсыз жағдайда халықтың тұтынушылық мүддесін қорғау. Энергия импорты саласындағы саясатымыз толықтай осы мақсатқа бағытталған», — деді Джайсвал.
Ол сондай-ақ Үндістан энергия көздерін әртараптандыруды жалғастырып жатқанын атап өтті.
«Біз нарық жағдайына қарай мұнай мен газ жеткізушілердің географиясын кеңейтудеміз. АҚШ-пен энергия саласындағы ынтымақтастығымыз жылдар бойы дамып келеді және бұл бағыттағы келіссөздер жалғасып жатыр,» — деді министрлік өкілі.
Трамптың мәлімдемесі
Бұған дейін, 15 қазан күні, АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге берген сұхбатында Үндістан премьері Нарендра Моди оған «Ресей мұнайын сатып алуды жақын уақытта тоқтатуға уәде берді» деген еді.
«Енді біз Қытайдан да дәл осындай шешім күтудеміз», — деген Трамп.
Алайда Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Линь Цзянь бұл пікірге жауап беріп, Ресей мұнайын сатып алу “заңды әрі халықаралық сауда нормаларына сай” екенін мәлімдеді.
«АҚШ-тың бұл мәлімдемелері — қорқыту және әлемдік саудаға қысым көрсету әрекеті», — деді қытайлық дипломат.
АҚШ пен Үндістан арасындағы тарифтік дау
АҚШ президенті шілде айында Ресеймен сауда жасайтын елдерге 100 пайыздық “екінші деңгейлі санкциялық баж салығын” енгізетінін ескерткен болатын.
Егер 50 күн ішінде (2 қыркүйекке дейін) Украинада бейбіт келісімге қол жеткізілмесе, бұл шара күшіне енетінін айтқан.
Кейін бұл мерзімді қысқартып, 29 шілдеде АҚШ Үндістанға қатысты 25 пайыздық қосымша кеден салығын енгізді.
4 қыркүйекте The Washington Post газеті Ақ үйдің мәліметіне сүйене отырып, Трамп “Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды азайтпайынша, сауда келісімін мақұлдамайды” деп хабарлады.
Үндістанның ұстанымы
Ресми Нью-Дели Ресеймен энергетикалық байланысын “ұлттық энергетикалық қауіпсіздік пен нарық талабына сай шешім” деп сипаттайды. Үндістан билігінің мәлімдеуінше, ел жылына жүздеген миллион баррель мұнай тұтынады және бағаның қолжетімділігі — басты фактор.
Ал АҚШ Үндістанды Ресеймен сауда байланыстарын шектеуге үндесе де, Нью-Дели «энергетикалық тәуелсіздік пен егемендік» қағидатынан айнымай отыр.