Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:50, 25 Қаңтар 2026

Үндістанда эпидемияға ұласуы мүмкін қауіпті вирус тарап жатыр

Вирус
Фото: Reuters

Үндістан билігі ел аумағында қауіпті Нипах вирусының таралуын тежеуге күш салып жатыр.

 Бұл туралы The Independent басылымы хабарлады.

 Батыс Бенгалия штатында Нипах вирусын жұқтырудың кемінде бес жағдайы расталған. Осыған байланысты жергілікті билік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау шараларын күшейткен.

Басылымның жазуынша, індеттің одан әрі таралуының алдын алу үшін шамамен жүзге жуық адам карантинге алынған. Науқастар Калькутта қаласындағы ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Олардың бірінің жағдайы ауыр деп бағалануда.

Нипах — өлім-жітімі жоғары, қазіргі таңда нақты емі табылмаған аса қауіпті вирус. Ол көбіне жеміс жарқанаттары арқылы, сондай-ақ вирус жұққан жемістерді тұтыну нәтижесінде адамға берілуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, дер кезінде оқшаулау мен бақылау жүргізілмесе, ауру эпидемияға ұласу қаупі бар.

Үндістан билігі тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, санитарлық талаптарды орындауға және денсаулықта күмәнді белгілер байқалған жағдайда бірден медициналық көмекке жүгінуге шақырды.