Үндістанда таралған жаңа вирусқа қатысты Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады
Қазақстан Республикасында Нипах вирусын жұқтыру деректері тіркелген жоқ, сондай-ақ бұл инфекцияның ел аумағына енуі де анықталмаған.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.
Министрлік эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін және ұдайы бақылауда ұсталып отырғанын мәлімдеді.
Үндістанда Нипах вирусы бойынша жағдай ушығуына байланысты алдын алу мақсатында мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Әсіресе, Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін азаматтарға ерекше назар аударылып отыр. Бұл инфекция бойынша елдердің тізімі тұрақты түрде жаңартылып отырады.
Қазақстанның медициналық мекемелері инфекция енуі мүмкін жағдайға дайындық күйіне келтірілген. Жедел жәрдем бригадалары мен жұқпалы аурулар ауруханалары дайын тұр, дәрі-дәрмек, жеке қорғаныс құралдары және дезинфекция құралдарының тұрақты қоры қалыптастырылған.
Министрлік эндемиялық аймақтарға сапарлауды жоспарлап жүрген азаматтарға жеке сақтық шараларын сақтауға кеңес береді. Егер шетелден келген соң ауру белгілері пайда болса, дәрігерге дереу жүгініп, болған елі туралы хабарлау қажет.
Вирус туралы
Нипах вирусы — зооноздық инфекция, яғни адамға жануарлардан — негізінен жарқанаттар мен шошқалардан, сондай-ақ инфекция жұқтырған адамдармен тығыз байланыс арқылы жұғады. Сондай-ақ, азық-түлік пен сусындар арқылы да берілуі мүмкін.
Ауру қызба, бас ауруы, әлсіздікпен, ал ауыр жағдайларда жүйке жүйесі зақымдалып, өкпе қабынуына әкелуі мүмкін. Қазіргі таңда бұл вирусқа қарсы нақты ем немесе ресми мақұлданған вакцина жоқ, медициналық көмек симптомдарды жеңілдетуге бағытталған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, Нипах вирусы жоғары қауіпті патогендер қатарына жатады. Аурудың өлім-жітім көрсеткіші 40-75% аралығында.
2026 жылдың қаңтар айында Үндістанда бұл вирус қайтадан өршіді. БАҚ мәліметі бойынша, кемінде бес адам жұқтырған, бір науқас қайтыс болды. Керала мен Батыс Бенгалия штаттарында карантин жарияланып, ондаған адам оқшауланды.
Сарапшылардың айтуынша, бұл вирус оқшауланған сипатқа ие болғанымен, ұзақ инкубациялық кезеңі (14 күнге дейін) мен пандемиялық әлеуеті жоғары.