Үндістандағы ұшақ апатына ұшқыштың әрекеті себеп болуы мүмкін

2025 жылдың 12 маусымында Үндістанның Ахмадабад қаласынан Лондонға бағыт алған Air India әуекомпаниясының AI171 рейсі апатқа ұшырап, 279 адам қаза тапты. Boeing 787 Dreamliner әуе кемесінің апатына қатысты алғашқы ресми тергеу нәтижелері жарияланды.
Алдын ала есепке сәйкес, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін үш секундтан соң жанармай беру жүйесі қолмен өшірілген. Бұл – қозғалтқыштарда жанармай тоқтап, лайнердің құлауына әкелген басты себеп.
“Неге өшірдің?” – “Мен ештеңе істеген жоқпын”
Ұшақтағы қара жәшік экипаж арасындағы диалогты жазып үлгерген. Жазбада ұшқыш серігіне:
“Неге өшірдің?” – деген сұрақ қояды, оған екіншісі: “Мен ештеңе істеген жоқпын” – деп жауап береді.
Осы сәтте екі қозғалтқыштағы жанармай тетіктері бір мезетте “CUTOFF” (өшірілген) күйіне өткені анықталған. Сарапшылардың айтуынша, бұл жүйе кездейсоқ басылып кететіндей орналаспаған, яғни әдейі немесе қате әрекет арқылы ғана іске қосылады.
Ұшақ техникалық жағынан толық жарамды болған
Үндістанның авиациялық апаттарды тергеу бюросы (AAIB) мәліметінше, ұшақтың барлық жүйелері, соның ішінде жанармай беру тетіктері де, ұшар алдында толық жұмыс істеп тұрған.
Бұл Boeing 787 Dreamliner моделінде тіркелген алғашқы өлімге әкелген апат болды. Жанармай жүйесінің кенет тоқтауы – ұшақтың қысқа уақыт ішінде толық басқарудан айырылуына себеп болған.
Психологиялық фактор: капитанның күйзелісі болуы мүмкін
Бұқаралық ақпарат құралдары мен авиациялық сарапшылар ұшақ капитаны Сумеет Сабхарвалдың психологиялық жағдайына назар аударып отыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол соңғы жылдары депрессия мен эмоционалдық күйзеліс жағдайында жүрген болуы мүмкін. Бұл тергеу аясында тексеріліп жатыр.
Бірқатар халықаралық басылымдар пилоттың қасақана әрекет етуі мүмкін деген болжамды алға тартты. Алайда Үндістанның ұшқыштар қауымдастығы бұл мәлімдемелерге қарсы шығып, “нақты дәлелсіз айыптаулар” деп атады.
Экипаждың бірі кінәлі болуы мүмкін
Қазіргі таңда тергеу экипаждың бірінің жанармай беру жүйесін не үшін өшіргенін анықтауға тырысып жатыр. Авиация қауіпсіздігі жөніндегі мамандар бұл оқиғаны “адам факторының” айқын мысалы дейді. Себебі техникалық ақау болмаған жағдайда, мұндай апат тек пилоттың тікелей әрекетінен туындауы мүмкін.
Айта кетейік, Air India рейсі ұшқаннан кейін 30 секунд ішінде бағытын жоғалтып, Ахмадабад медицина университетінің жатақханасына соғылған. Апат салдарынан 279 адам қаза тапты — олардың ішінде ұшақ бортында болған 241 адам (229 жолаушы және 12 экипаж мүшесі), сондай-ақ жерде 38 адам көз жұмды, тағы 67 адам жарақат алды.
Ұшақтағы тірі қалған жалғыз адам — 40 жастағы Вишваш Кумар Рамеш болды. Бұл Үндістан авиация тарихындағы ең ауыр апаттардың бірі ретінде тіркеліп отыр.